Сарысу ауданына 95 жыл
ТАЛАНТТАР МЕКЕНІ
Сарысу ауданына журналистік сапармен жол түскен сайын аудан орталығы-Жаңатас қаласынан бастап, Байқадам, Жайылма ауылдық аймақтарына да барып қайтуға уақыт табуға тырысамыз.
Жайылма ауылдық аймағы аудандағы екі іргелі Калинин атындағы және Жайылма совхоздары негізінде ұйымдастырылған Байқадамнан кейінгі іргелі ауылдық аймақ. Жайылмадан даңқты актер, сахнаның ақтангері Асанәлі Әшімұлы бастаған қазақ еліне белгілі әдебиет пен өнердің небір дүлдүлдері шықты. Амангелді Сембин, Берік Шаханов, Пернебай Дүйсенбин, Тынышбай Рахым, Қали Сәрсенбай, Болатбек Төлепберген, Сәуле Жанпейсова, Ардақ Исатаева…
Қаратаудың теріскейінде Түркістан облысының Созақ ауданымен шектесетін мекеннен шыққан таланттар тізімін ізін басып, жолын қуған жастармен ары қарай жалғастыра беруге де болады. Оның да реті келіп, жөні бола жатар.
Шөл және шөлейтті өңірден орын тепкен жайылмалықтар ауылды көгерішпен көгертіп, гүлмен көмкеріп қойғанына риза боласың. Мұнда атадан балаға мирас болып келе жатқан мал шаруашылығы кеңінен қанат жайған. Төрт түліктен жер қайысады. Түлік төресі- екі жылда бір боталайтын түйенің басы жылдан жылға еселеп артып келеді. Жайылманың шұбаты брендке айналғалы қашан. Бүгінде облыстан асып, Астана мен Алматыға жөнелтілуде.
Таланттарын ұядан қияға ұшырып, алаңсыз шаруашылығын шалқытып отырған бейнетқор адамдар тұратын ауылдан әлі де талай өнер мен әдебиеттің, спорттың шоқ шұлдыздары шығады. Оған өнер мектебі мен Б.Тоғызақбаев атындағы спорт кешенінде тәрбиеленіп жатқан жас желкеннің бүгінгі жетістігі куә…
Амангелді Әбіл
Қазақстанның Құрметті журналисі
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері