Сарысу ауданында көп балалы аналарға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» табыс етілді.
Бүгін Сарысу ауданында көп балалы аналарға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» табыс етілді.
Қазақ халқы әрқашан отбасылық құндылықтарды жоғары қойған.
Әсіресе, алтын құрсақты аналарды халқымыз ерекше қадірлейді.
Қазіргі таңда Сарысу ауданында көпбалалы отбасылар саны 1655, оның 1142-сі алтын, күміс алқа иелері.
Ал, Жаңатас қаласында тұратын көпбалалы аналар саны -1380.
Оның ішінде 1015 ана 4 бала және одан жоғары балалары бар аналар, яғни мемлекеттік жәрдемақы алатындар.
365 ана «Алтын алқа», «Күміс алқа», Батыр ана, 1-2 дәрежелі «Ана даңқы» медаль иелері.
Аудан әкімі Бақытжан Жақсылықов бүгін барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, алтын құрсақты аналардың кеудесіне «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерін қадап, кітапшаларды салтанатты түрде табыс етті.
«Сіздер тек балаларыңыздың алдында ғана ардақты емессіздер. Сіздер мемлекет алдында үлкен еңбек сіңіріп, мемлекет алдында елдің демографиялық өсуіне үлкен үлес қосып, абыройларыңызды асырдыңыздар», – деді.
Іс-шара барысында ақ жарма тілектер айтылып, көп балалы аналар мемлекет тарапынан ана мен балаға жасалып отырған қамқорлыққа алғыстарын айтты.
Жалпы осы жолы 25 көпбалалы аналарға алтын және күміс алқалары санитарлық талапқа сәйкес осылай 5-6 анадан бөліп берілуде.