Сарысу халқы жаңа өзгерістерге дайын
Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдумға Сарысу халқы дайын.
Таңертеңгі сағат 7-де сайлау учаскелері Әнұран орындаумен ашылды. Олар кешкі сағат 20.00-ге дейін істейді.
25 сайлау учаскесі жұмыс істеп, дауыс беруге құқығы бар 23935 азамат бар.
Барлық сайлау учаскелерінде ең алғашқы дауыс берушіге, ардагерге, 18 жасқа жаңадан толған сайлаушыларға сыйлықтар таратылды.
Референдум ел азаматтарына өз таңдауын жасауға мүмкіндік береді. Бұл ретте Мемлекеттің басты құқықтық құжатын халық өзі қабылдайды.
************************************
Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев алғашқылардың бірі болып, сайлау учаскесіне барып, азаматтық көзқарасын білдірді.
Мемлекет басшысы Үндеуінде референдум қоғамның азаматтық жетілуіне және саяси санаға оң өзгеріс болатынын атап өткен.
Спорт кешенінде орналасқан №363 референдум учаскесінде дауыс берушілердің жалпы саны -2733.
*******************************************
Сарысу ауданында 96 жастағы соғыс ардагері Ібіжанов Қабыл ақсақал Байқадам ауылдық округінде орналасқан №370 референдум учаскесіне алғашқылардың бірі болып, дауыс берді.
Ібіжанов Қабыл — 1926 жылдың 20 желтоқсанында Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Сталин колхозында дүниеге келген. 1935-1942 жылдары Сталин колхозындағы мектепте білім алып, «Шилі» колхозында жұмысшы болып орналасқан.
1944 жылы әскер қатарына алынған. Румыния, Болгария, Эстония, Архангельск қалаларындағы ұрыстарға қатысқан. «Ұлы Отан соғысының І дәрежелі» орденімен, «Маршал Г.Жуков» және басқа да мерекелік медальдармен марапатталған.
Соғыстан кейін 1950-1952 жылдары елге оралып, аудандық шикізат дайындау мекемесінде статист, 1952-1966 жылдары аудандық тұтыну одағы мекемесінде есепші, ревизор, 1967-1982 жылдары аудандық жұмыспен қамту мекемесінде инспектор қызметтерін атқарған. 1986 жылы еңбек демалысына шыққан.
«Әрбір сайлауда өз дауысымды беруді азаматтық міндетім деп білемін. Референдумның маңыздылығын түсінгендіктен бүгін дауыс беруге отбасыммен келіп отырмыз»,-деді Қабыл Ібіжанов.
Сайлау учаскесі ақсақалға құрмет көрсетіп, шапан жапты.
Байқадам ауылдық округіндегі №370 референдум учаскесіне жалпы дауыс берушілердің саны – 1569.
****************************************
Бүгін өтіп жатқан бүкілхалықтық референдумға Сарысу ауданының тұрғындары белсене қатысып жатыр.
Әсіресе, ауылдың қариялары, ардагерлер үлкен белсенділік танытуда. Сарысу аудандық ардагерлер кеңесіні төрағасы Жанат Жұмаділдаев таңғы 7.00-де №370 сайлау учаскесінде дауыс беріп, Конституцияға енгізілетін өзгерістерді халықтың дауыс беруі арқылы шешу — мемлекетіміздің жаңашылдыққа, демократияға деген ұмтылысын көрсететінін айтты.
********************************
Аудандағы Арыстанды ауылы этнос өкілдері көп шоғырланған облыстағы 25 елді мекеннің біреуі.
«Біз –қазақстандықтармыз!» дегенді ерекше тебіреніспен айтатын Арыстанды ауылының тұрғындары елдегі бірлікті нығайтып, ынтымағы жарасқан Қазақ елінің берекесін тасытуға үлес қосып келеді.
Бүгінгі саяси науқанға да ерекше атсалысып, таңмен таласа өз таңдауларын жасауда.
Арыстанды ауылындағы №387 референдум учаскесінде дауыс берушілердің жалпы саны -169, 10.00-ге дейін 60 пайызы дауыс берді.
Cарысу ауданы