Сарысуда ардагерлерге құрмет көрсетілді
Семей полигонының жабылғанына 31 жыл толуына орай аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев бастарын қатерге тігіп, сынақ алаңында сыналған ардагерлермен кездесті.
Кездесу барысында ардагерлер Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай демеушілердің көмегімен орнатылған «Данқ» монументінің алдына гүл шоқтары қойып, ядролық жарылыс салдарын жоюға қатысқан ардагерлердің рухына бас иіп, бір сәттік үнсіздікпен еске алды.
Айта кету керек, еліміздің тарихында орын алған ең қайғылы оқиға – Семей ядролық сынақ полигонының өмірге келуі еді. Салдарынан 450-ден астам жер үсті және жер асты ядролық сынақтар өткізіліп, қаншама азаматтар зардап шекті. Араларында аудан тұрғындары да бар болатын.
Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін аудан басшысы аса қуатты қарудың жүздеген сынақтарын бастан кешірген ардагерлермен кездесіп, құрмет-қошемет көрсетті.
Отан алдындағы абыройлы борышын адал атқаған ардагерлерге қажырлы еңбектері үшін алғысын айтып, арнайы сый-сияпаттарын табыс етті.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі