САРЫСУДА АУДАНДЫҚ «АНАЛАР» ФОРУМЫ ӨТТІ

Бүгін Сарысу ауданында Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай, «Әйел – әдемі әлем» атты аудандық аналар форумы өтті.

Форумға ауданның әлеуметтік-экономикасының дамуына қылтқысыз қызмет етіп, сан саланың ұршығын иірген нәзік жандылар қатысты. Олардың қатарында: мемқызметкерлер, мектеп мұғалімдері, дәрігерлер және құқық қорғау саласының мамандары, этно-мәдени бірлестік өкілдері сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер мен қоғамдық жұмысшылар бар.

Мерейлі мейрам қарсаңында ұйымдастырылған мәдени-көпшіліктік іс-шараға аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев пен аудандық мәслихат хатшысы Асанбай Сейналиев арнайы қатысып, аяулы аналар мен аруларды көктемнің шуақты күнімен қатар келетін мерекемен құттықтады.

– Асыл дінімізде «Жәннат – ананың табанының астында» деген ғибратты сөз бар. Осы сөздің астында теңіздей терең мағына жатқаны белгілі. Бұл мереке – Сіздерге деген құрметіміз бен жылы сезімдерімізді білдіруге мүмкіндік беретін қолайлы сәттердің бірі. Жалпы, аудан көлемінде мемлекеттік ұйымдағы қызметкерлердің басым бөлігін әйелдер құрайды. Денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет салаларында олардың үлесі орта есеппен 70 пайызға жуықтайды екен. Сондай-ақ, өткен жылдың өзінде ауданда бизнеске бет бұрған әйел азаматтардың саны 200-ден асып жығылған. Осы ретте, Сіздерді мерекелеріңізбен құттықтай отырып, ауданның дамуына қосқан үлестеріңіз үшін үлкен Алғыс білдіреміз, — деді аудан басшысы Марат Қырғызәліұлы жүрекжарды лебізінде.

Жиын барысында форумға қатысқан әр саланың тұтқасын ұстаған 27 нәзік жандыға аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен арнайы Алғыс хаты табысталды.

Форумның соңы аудандық әкімдіктің ұйымдастырумен өткен «Арулар – асыл жандар!» атты салтанатты кешке ұласты.

Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі