САРЫСУДА АУЫЛДАРДЫ ГАЗБЕН ҚАМТУ ҮЛЕСІ 72 ПАЙЫЗҒА ЖЕТЕДІ
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев мәлімдеді. Спикер аудандағы 25 елді мекеннің 19-ы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілгенін айтты. Қалған 6 елді мекенді сумен қамту кезең-кезенімен жүзеге асады.
«Ең бір маңызды мәселе — газдандыру. Бүгінгі таңда 25 ауылдың 4-еуі табиғи газбен қамтылған. 2 нысанның құрылысы жүргізілуде: біріншісі, Жаңатас қаласындағы «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-ның химиялық кешеніне дейін жоғары қысымды газ құбырының құрылысы. Екіншісі, 14 елді мекенге газ құбырларын салу мен газдандыру жұмыстары. Бұл жобалар аяқталған соң газбен қамтылу үлесі 72%-ға жетеді деп күтілуде. Қосымша Шағалалы ауылында 105 млн теңгені құрайтын 1 жоба әзірленіп, бюджеттік өтінім тиісті басқармаға ұсынылды», — деді Марат Қырғызәліұлы.
Аудан әкімі Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың елді көгалдандыру жөніндегі бағдарламасын іске асыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2025 жылға дейін 2 млрд. ағаш отырғызылатынын атап өтті. Ал бүгінде аудан көлемінде көгалдандыру және жасыл аймақтар құру жөніндегі бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес, «Жасыл белдеулерге» 15 800 әртүрлі түп тал көшеттері егілгенін жеткізді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
1