САРЫСУДА ГРЕК-РИМ КҮРЕСІНЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ӨТУДЕ
Бүгін Жаңатас спорт кешенінде Сарысу ауданының Құрметті азаматы, спорт ардагері Тұрар Мысықбаевты еске алуға арналған Грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі республикалық турнир басталды.
Өңірлік өрендерді қоса алғанда, 10 аймақтан келген 400-ден аса жас балуан 14 салмақ бойынша алтын, күміс және қола медальдарын сарапқа салатын болады. 2005-2007, 2008-2010 жылы туылған жасөспірімдер қатысатын спорттық бәсеке 2 күнге жоспарланған.
Респубикалық турнирдің ашылу салтанатына спорт жанашыры, аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев өзі қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Дені сау ұрпақ – жарқын болашақ кепілі. Ал, спортпен тұрғылықты түрде айналысатын адамның жаны да, дені де сау болмақ. Біздің ауданда спортпен шұғылданатындардың дені 35 пайзыдық көрсеткішке жетіп отыр. Бұл – қуантарлық жағдай. Алдағы уақытта да осы бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізетін боламыз. Бүгінгі байрақты бәсекеге еліміздің түпкір-түпкірінен келген жас өрендерге сәттілік тілейміз! Киелі жерге тіреген табандарыңыз оңынан болғай, — деп ақжарма лебізін білдірді аудан басшысы.
Жиында келесі боп сөз алған Грек-рим күресінен КСРО спорт шебері, Жамбыл облысы бойынша Грек-рим күресінің федерация Президенті Серік Ниязов аталған іс-шараның ұйымдастырылуына ұйытқы болған аудан әкіміне Жақсылық Үшкемпіровтың естелік медалін сый-сияпат ретінде табыстады. Сондай-ақ, спорт ардагері Тұрар Мысықбаевтың ұлы Мырзатай Тұрарұлы да сөз алып, ұйымдастырушыларға барша әулеті атынан үлкен алғысын білдірді.
Айта кетейік, спорттық іс-шарада барлық санитарлық-эпидемиялогиялық талаптар сақталған.
Сарысу ауданы әкімдігінің Баспасөз қызметі