Сарысуда жоспар ауқымды, жұмыс қарқынды
Еліміздің кемел келешегі мен баянды болашағы жолында жасалып жатқан шаралар аз емес. Мемлекеттің қарыштап дамуына өндіріс пен кәсіпкерлік саласының қосар үлесі зор екендігін көпшілік жақсы біледі.мк
Сондықтан бұл салаларды жандандыру жолында көптеген жүйелі жоспарлар жасалып, мақсаттары нақтыланады.
Соңғы кездері елімізде кәсіпкерлік саласының да қарқынды дамып келе жатқаны байқалады. Шағын және орта бизнестің бір қалыпқа түсіп, көптеген жұмыс орындарының ашылуы, еліміздегі жұмыссыздар санының азаюына өзіндік үлесін қосуда.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында осы саланың әрі қарай дамуына кеңінен тоқталған.
Ал, бұл — кәсібін енді бастаған жас кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау. Осы арқылы ел ырыздығының еселей түсуіне жол ашылады
Ашқан кәсібін өркендету тек жеке адамның шаруасы деуге болмас. Себебі кәсіпкер бір салаға машықтанып, соның ісін алға бастыру арқылы өзінің қоғамдағы орнын айшықтайды.
Дамыған елдердегі экономиканың негізгі үлесін шағын кәсіпкерлік құрайтыны белгілі. Сол себепті бүгінде Сарысу ауданындағы шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді
Аудан экономикасы дамуының басымды бағыты шағын және орта бизнес болып табылады.
2022 жылдың 1 маусымына 3 769 шағын және орта бизнес субъектілері тіркеліп (шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 175, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 1, жеке кәсіпкер – 2 700, шаруа қожалықтар саны – 893), оның ішіндегі белсенділердің саны 3 041 бірлікке жетті (шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 144, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 1, жеке кәсіпкер – 2 103, шаруа қожалықтар саны – 793). Оның үлесі 80,7 пайызды құрады. Жұмыс жасап тұрғандардың саны былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 107,6%-ға артқан.
2022 жылдың 1 қаңтарына аудандағы шағын және орта бизнес субъектілерінде 3 851 адам жұмыспен қамтылған (2021 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 107,8% орындалған). О. І. шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғаларда 633 адам, шаруа қожалықтарында 872, жеке кәсіпкерлікте – 2 346 адам).
Шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетті болуы, бұл ең алдымен елдің бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Мәселен, дамыған елдердің экономикалық көрсеткішінің 60-70 проценті шағын және орта кәсіпкерліктің даму деңгейімен өлшенеді.
Бұл – бір. Екіншіден, жұмыссыздық мәселесін шешуде шағын бизнестің рөлі орасан зор.
Сондықтан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында осы салаға ерекше тоқталып, көбірек қолдау көрсету керектігін ескертті.
Кәсіпке бет бұрғандарды қолтықтан демеу Мемлекет басшысының назарынан ешқашан түскен емес.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында бүгінгі күнге Сарысу ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021» бағдарламасы арқылы кәсіпкерліктің әр түрлі саласын дамыту мақсатында, ағымдағы жылдың басынан кәсіпкерлік саласына арналған жеңілдетілген 6%-дық несиелендіру бойынша жалпы соммасы 59,5 млн тг болатын 17 жоба мақұлданып, оның ішінде 27,7 млн. теңге көлемінде 8 жоба қаражаттарына қол жеткізді.
Ал «KMF» МҚҰ» ЖШС Жамбыл филиалы Жаңатас бөлімшесі арқылы «Бизнес бағдарламасы» бойынша ауданда жалпы қаражаты 236 млн. теңге көлемінде 191 жоба несиеге қол жеткізді.
«БЖК 2025» бағдарламасы шеңберінде жыл басынан бүгінгі таңға дейін жеңілдетілген 6%-дық несиенің кепілдік беру тетігі арқылы 4 жоба(«ЖК Сарыпбекова», «ЖК Нарбеков», «ЖК Турысбеков», «ЖК Кузекбаева») 146 млн тг көлемінде іске асырылды. Сонымен қатар Жамбыл облыстық «Даму» қорына Сарысу ауданынан 79 млн. теңге көлемінде 14 жоба (кепілдік беру) ұсынылып, нәтижесі күтілуде. Жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыстар өз жалғасын табатын болады.
Көркем Асқар