САРЫСУДЫҢ ӘБІЛДӘ АУЫЛЫНДА АСАРЛАТЫП ҮЙ БЕРІЛДІ

Асар–ауызбіршілікті нығайтып, халықтың басын қосатын, аталарымыздан келе жатқан игілікті іс.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қолда барын бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі қамқор, тілеулес болған ұлттың ұлылығы да осында.

Бүгін «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Әбілдә ауылының тұрғыны Сапақов Сәкен баспаналы болды. Қуанышты бөлісуге аудан әкімі М.Сұлтанғалиев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын игілікті шарамен құттықтады.
Аудан басшысы өз сөзінде: «Сан ұрпақты абыз ақсақал тәрбиелеп, бірлік пен татулыққа біріктірген, игілікті шараға жұмылдырған.

Осындай игі шараның бірі еліміз бойынша жүзеге асып келе жатқан «Асарлатып үй салу» жобасы. Бүгін Әбілдә ауылына Сәкен ағамыздың қуанышын бөлісуге келіп тұрмыз. Міне, осында тұрған ақсақалдар, кәсіпкерлер мен ерікті жастар, ауыл түлектері осы бастаманың басы-қасынан табылды. Ат салысқан барлық азаматтарға алғыс білдіремін»,-деді.
Сонымен қатар, Тоғызкент ауылдық округінің қариялары сөз сөйлеп, елді ынтымаққа, бірлікке бастайтын осындай игі шараны қолға алып келе жатқан аудан басшыларына рахмет айтып, үйдің құрылысына көмек қолын созған ауыл жастарына ризашылықтарын білдірді.

Осы істің басынан табылып, демеушілік танытқан ауыл түлегі, Ақмола облысы, «Зеренді» демалыс аймағының директоры Бауыржан Қонысбекұлы қуанышқа арнайы келіп, әр азамат туған жеріне, мектебіне, ағайынына қолдан келген көмегін көрсетуі, азаматтық борышы екені айтып, үй иесіне сыйлығын табыс етті.
Үйдің қазығын қадап, кірпішін құйған ауыл жастары мұндай шараның тек ізгілікке жетелейтінін жеткізді.