Сарысудың экономикасы артып келеді
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Сарысу ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Мамытов және Жаңатас қаласының әкімі Дүйсенәлі Борсықовтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Спикерлер брифинг барысында Сарысу өңірінде биыл атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
Басқосуда алғашқы болып сөз алған Сәкен Үмбетұлының айтуынша, аймақтың әлеуметтік экономикалық дамуының барлық саласында оң динамика қалыптасқан.
Есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 26,1 миллиард құрап, 103, 7 пайызға, инвестициялардың көлемі 10,1 миллиард теңгеге жетіп, 267,7 пайызға орындалған. Ауданда алдағы 5 жылға инвестициялық жобалардың перспективалық жоспары жасақталған.
Ауылшаруашылық саласында 4 айда өндірілген өнімнің көлемі 2,6 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 102,8 пайызға артып отыр. Аудандағы егістік жер көлемі 24 717 гектарды құраса, 24 500 гектары игерілген. Сонымен қатар, пайдаланылмай жатқан 77,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал елді мекен жайылымы 110,0 мың гектарға ұлғайған.
Ауданда мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі де артуда. Жыл басынан өндірілген ет көлемі 3 пайызға, сүт өнімі 2,7 пайызға артқан.
Жыл басынан бері 254,3 миллион теңгені құрайтын 32 жаңа техника алынып, жаңару көрсеткіші 4,6 пайызға жеткен. Жыл аяғына дейін техника жаңарту үлесі 12,0 пайызға жетеді.
– Кәсіпкерлікті дамыту – басты назарда. Бүгінгі күнге ауданда 4 932 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оның 4 385-і белсенді қызмет істеп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 48,2 пайызға артты. Жыл басынан кәсіпкерлерге 472 миллион теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2023 жылдың 4 айында 1,5 миллиард теңгені құрап, 147,5 пайызға жетті.
Биыл құрылыс саласына «Шағын және моно қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында 578,1 миллион теңге қаржы қаралып отыр. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында жылдық қуаты 400 мың тонна кальцийленген сода өндіру зауытының шекарасына дейін Ақкөл көлінен су тартқышты салуға 2,1 миллиард теңге және Жаңатас цемент зауытын электрмен жабдықтау үшін 163,5 миллион теңге қаржы бөлініп, биыл аяқталады.
Ауданда 4 айдың қорытындысымен пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 2 467 шаршы метрді құрап отыр.
Коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде 1 588 адам тұр.
Биыл халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында республикалық және облыстық бюджеттен 2,1 миллиард теңге қаралып, қазір мердігерлерді анықтау бойынша конкурс жұмыстары жүргізілуде.
Ауданның жалпы бюджеті 15,2 миллиард теңгені құрап отыр. Жыл басынан осы кезеңге дейін аудандық және қала мен ауылдық округтер бюджеттерінің кірістер жоспары 603,7 миллион теңге болса, нақты түсім 1,1 миллиард теңгені құрап, 91,6 пайызға артты. Жалпы бюджет шығындарының атқарылуы 98,5 пайызға қамтамасыз етілді, – деді Сәкен Мамытов.
Спикер мұнан соң елді мекендерді абаттандыру мен көшелерді жарықтандыру жұмыстарына тоқталды. Айтуынша, ағымдағы жылғы 4 наурыз және 6 мамыр аралығында көктемгі екі айлық тазалық жұмыстары ұйымдастырылған. Көктемгі санитарлық тазарту жұмыстарының қорытындысы бойынша ауданда 7 016 дана тал-дарақ отырғызылып, 400 метр гүлзарлар орнатылған. Онымен қоса 600 метрге көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, арық-атыздар мен каналдар шөптер мен қоқыстардан аршылып, саябақтар мен скверлер, көшелер тазаланған.
Сондай-ақ, елді мекендер ішіндегі 224 көшенің 167-сі жарықтандырылған.
Сарысу ауданы көлеміндегі автожолдардың жалпы ұзындығы 525,47 шақырымды құрайды. Биылдыққа жол құрылысына 475,5 миллион теңге бөлініп, оған барлығы 12 жолды жөндеу жобасы іске асырылатын болады. Аталған құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін елді мекендер көшелерінің қанағаттанарлық жағдайы 84 пайызға жететін болады деп күтілуде.
Баспасөз мәслихатында аудан елді мекендерін ауыз су мен газдандыру жайы да қаузалды. Айта кету керек, бүгінде ауданға қарасты 25 елді мекеннің 20-сы Жаңатас қаласын қоса алғанда орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған.
– 5 елді мекеннің ауыз су жүйесінің құрылысына, күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарына 1,8 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі таңда мердігері анықталып, құрылыс монтаж жұмыстарын бастау үшін құжаттары рәсімделу үстінде.
Одан бөлек Майлыкөл және Ақтам ауылдарына кешенді модульдік блог орнатуға облыстық бюджетке 53,0 миллион теңгеге өтінім ұсынылып, қолдау тапты, биыл жүзеге асырылатын болады.
Аталған жобалар пайдалануға берілгеннен кейін ауданды ауыз сумен қамту деңгейі 96,0 пайызға дейін артады.
2024 жылы елді мекендерді ауыз сумен қамту 100 пайызға жетеді деп күтілуде.
Газдандыру жұмыстарына келер болсақ, бүгінгі таңда 25 елді мекеннің 4-еуі немесе 16 пайызы табиғи газбен қамтылған.
Ауданда газдандыру бойынша 2 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның біріншісі – Жаңатас қаласындағы «ЕвроХимҚаратау» ЖШС-ның химиялық кешеніне дейін жоғары қысымды газ құбырының құрылысы болса, екіншісі – аудандағы 14 елді мекенге газ құбырларын салу мен газдандыру жұмыстары.
Газ тарту жұмыстары толық аяқталған соң ауданның газбен қамтылу үлесі 72 пайызды немесе халық санының 96,8 пайызы қамтылады деп күтілуде.
Одан бөлек ағымдағы жылы Шағалалы ауылы газбен жабдықтау үшін облыстық бюджеттен 98,2 миллион теңге қаржы қаралып, жұмыстар басталуда, – деді Сәкен Үмбетұлы.
Спикер мұнан соң «Ауыл – ел бесігі» жобасы, спорт, денсаулық, мәдениет салалары бойынша атқарылған жұмыстары мен жеткен жетістіктерге кеңінен тоқталды.
Брифинг барысында Жаңатас қаласының әкімі Дүйсенәлі Борсықовтың да баяндамасы тыңдалды. Спикер атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы ауқымды міндеттерді де тілге тиек етті. Сонымен қатар, журналистердің сауалдарына жауап берді.
Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН