Сарысуым – саялы өлкем
Биыл Сарысу ауданының құрылғанына 95 жыл. Сарысу елі елді бірлік пен адал еңбекке жетелеп отырған, көпке үлгі, жастарға тәлім берген, ұлтымыздың ұлағатты салт-дәстүрлерін өмір мектебі ретінде одан әрі дамытып, келер ұрпақтың кемел деңгейге жетуіне тікелей ат салысқан қазыналы қариялар мен ақ жаулықты аналардың елі.
Өнерлі өрендер мен жақсы істердің жаршысына айналар жасампаз жастары бар ел.
Бүгін аудан орталығы Жаңатас қаласында Сарысу ауданы әкімдігі нің қолдауымен 95 жылдық мерейтой аясында ҚР Мемлекеттік жастар саясаты туралы Заңын іске асыру арқылы облыстың дарынды, шығармашыл жастарын анықтау және оларға қолдау көрсету, шығармашыл жастардың шабытын шыңдау және ұлттық рух пен рухани құндылықтарды жастар шығармашылығы арқылы ұрпақ санасына сіңіру мақсатында «Сарысуым – саялы өлкем» атты облыстық жас ақындар арасындағы жыр мүшайрасы өтті. Мүшайраға Қордай, Шу, Меркі, Талас, Сарысу аудандары мен Тараз қаласының ақындары қатысты.
Ақындардың тартысқа толы жыр мүшайрасына Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Сарысу ауданының «Құрметті азаматы», ақын Бергентай-Байбол Нұрмаханұлы, журналист, сазгер Дихабай Ақділдә, айтыскер ақын Талғат Құсайынов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Г.Алтынбекова, кітапхана саласының маманы Айгүл Қойлыбекова әділқазылық етті.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Әділқазылар ақындардың өлең оқу шеберлігін бағамдап қана қоймай, өлең ұйқасы, мәнер, сахналық жүрісіне мән берді.
Жыр кешінің қорытындысы бойынша бас жүлдені Шу ауданынан Спанәлі Серік Қуатбекұлы, жүлделі I орынды Меркі ауданынан Балтабай Мұқағали Жамбылұлы, II орынды Сарысу ауданынан Аманбаев Бекайдар Есенұлы, III орынды Қордай ауданынан Құттыбай Әділет Дүйсенұлы, ынталандыруды Тараз қаласынан Марал Хантөреқызы мен Талас ауданынан Бақтыбай Зере Ерланқызы иеленіп, Аудан әкімінің дипломы табыс етіліп, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Рухани-мәдени кеште ақындардың жырлары оқылып, әсем әндер орындалды.