Сәтбаев мектебінде Әлкей Марғұлан атындағы мұражай ашылды
Көрнекті ғалым, этнограф Әлкей Марғұлан атындағы мұражай Сәтбаев қаласының №15 жалпы білім беретін мектебінде ашылды. Онда археологтың жеке мұрағатынан алынған құжаттардың көшірмелері, оның зерттеулерінің маршрут картасы, қазба жұмыстарын жүргізген қорымдардың макеттері және замандастары мен ізбасарларымен жүргізілген сұхбаттардың бейнежазбалары ұсынылған.
Мұражайдың ашылуы Тұңғыш Президент күніне және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған. Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов Әлкей Марғұланның өмірі мен қызметі үлгісінде заманауи жастарды тәрбиелеу керектігін атап өтті.
– Археологияға, этнографияға, сәулетке, филологияға үлкен үлес қосқан ғалымның өмірі, ғылыми және қоғамдық қызметі – патриотизмнің, өз еліне және халқына шексіз қызмет етудің жарқын мысалы. Әлкей Марғұланның мұрасы 14 томнан тұрады. Ол археология, этнография, әдебиет, мәдениет және металлургия бойынша 300-ден астам ғылыми жұмыстардың, сондай-ақ 100-ден астам жарияланымдар мен монографиялардың авторы, – дейді Асқар Ыдырысов. – Оның жетекшілігімен Сырдария, Талас және Шу өзендерінің бассейндеріне ғылыми экспедициялар ұйымдастырылып, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Оның ғылыми қызметінің жетістігі Отырар, Тараз, Сайрам, Сығанақ және Сарайшық қалалары сияқты ежелгі мәдениеттердің табылуы болды. Оның есімі ұмытылмауы керек.
Мектеп мұражайында ғалымның портреттері мен фотосуреттері ғана емес. Онда оның өмірбаяны мен еңбектері 3D стендтерінде ұсынылған. Сондай-ақ, оның қолжазбалары, монографиялары, кітаптары, қазба жұмыстары кезінде табылған заттардың көшірмелері және тарихшының ұлы Даниель Марғұланның әкесі туралы бейнерепортажы бар.
«Мұражайдың ашылуы балаларды зерттеу жұмыстарына тартуға ықпал етеді. Әр түрлі зияткерлік іс-шараларға қатысу және ғылыми жобаларды қорғау олардың жан-жақты, білімді және еңбекқор болуына көмектеседі», — деп атап өтті мектепте.
Бұл Сәтбаев қаласында мерейтой жылы ашылған алғашқы мектеп мұражайы емес. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл №1 мектеп-гимназиясы мен №9 ЖББ мектепте Бауыржан Момышұлы мен Қаныш Сәтбаев атындағы мұражайлар ашылды.