Сәтбаев қаласында Жүрсін Ерманның 70 жас мерейтойына орай «Мен жастарға сенемін» атты республикалық жас ақындар айтысы өтті
Ш.Ділдебаев атындағы мәдениет және шығармашылық орталығында Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен, Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және қазақ айтысының қара нары Жүрсін Ерманның 70 жас мерейтойына орай «Мен жастарға сенемін» атты республикалық жас ақындар айтысының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жыр жәрменкесін арқаның адуынды айтыскері, филология ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Әлтай жүргізді.
Кеш басын Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов ашып, облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтауын жеткізді.
Одан әрі қала басшысы Асқар Ыдырысов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушы жас ақындарға сәттілік тіледі. Аламан бәйгеге төраға болып келген белгілі ақын, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық Одағаның төрағасы Жүрсін Ерманның иығына ата дәстүрден жаңылмай шапан жапты.
Ақтық сынға 16 ақыннан 10 ақын жолдама алды. Қазылар алқасының шешімі бойынша әр ақынға 150 мың теңгеден сыйақы табысталды. Арнаулы ІІІ орынға Ақтөбелік
Шынарбек Тұрсын ілікті. Ақынға 250 мың теңгеге сертификат берілді.
Тайжан Қалмағамбетов ұрпағы Сабыржан Тембаев тағайындаған ІІ орынды Сәтбаев қаласының намысын қорғаған Абзал Мақаш иеленді. Жеңімпазға 350 мың теңге көлемінде жүлде берілді.
І орынға қатар шапқан қос ақын Қызылордалық Нұрзат Қару мен Алматылық Айым Асылбекқызы ие болды. Жеңімпаздарға 600 мың теңге көлемінде сертификат берілді.
Аламан бәйгенің Бас жүлдесі Павлодарлық Бөкен Жігерге бұйырды. Бас жүлдеге 1 млн теңге көлемінде сыйақы табысталды.
Айтыстың қорытынды кешін ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Әлтай жүргізді. Марапаттау соңында аламан бәйгеге төраға болып келген белгілі ақын, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық Одағаның төрағасы Жүрсін Ерман мен қала басшысы Асқар Ыдырысов сөз алып, қатысушы ақындарды жүлделерімен құттықтады.
Жомарт Шаймұрат