Сәтбаевта керемет айтыс өтті
Иә, шын мәнінде керемет айтыс өтті. Екін күн бойы Шынболат ақын атындағы сарайда ине шаншатын орын болмады. Халық шынайы сөзге әбден шөліркеп-ақ қалған екен. Сөз маржанын дестелеген шайырлардың айтысын 4-5 сағат тапжылмай отырып тыңдады…
Әлқисса
«Кен қазған құтты мекенім» деген тақырыппен өткен республикалық ақындар айтысы Сәтбаев қаласының 50 жылдығына арналды. Оған Ұлытау облысының әкімдігі мен «AMANAT» партиясы қолдау көрсетті.
Айтыс тізгінін ұстаған ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай дүбірлі доданың мәні мен маңызына тоқталып, қазылар алқасының құрамын және сынға түсетін ақындар қауымын таныстырды. Жыр додасының шымылдығын ашып беру үшін сахнаға Сәтбаев қаласының әкімі Шапағат Әубәкірді шақырды.
– Айтыс – қазақтың бойтұмары, ата-бабаларымыздан аманат болып жеткен киелі өнер жәдігері. Міне, осы өрелі өнеріміз бүгін кеншілер қаласында түндігін түріп отыр. Сөз сайысына келген ақындарға Алла ауыздарына салиқалы сөз салсын деп сәттілік тілкеймін, – дей келіп әкім,
Жыр түндігін түрді ғой Сәтбаевта,
Ақындар тұр осыған марқайып та.
Мына халқым қаншама күтіп қалды
Аужеке, нағып тұрмыз, бастайық та, – деп сөзін жырмен түйіндеп, кешегі Жамбыл жәкемнің жолымен аламанның шымылдығын ашып берді.
Орайы келгенде айта кетейік, ақындар айтысы Сәтбаев қаласында осыдан 8 жыл бұрын, Аманжол Әлтаевтың бастамасымен қолға алынған еді. Әуелі облыстық жастар айтысы болып басталған жыр додасы уақыт өте келе республикалық айтысқа ұласты. Сегіз жыл бойы тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан айтыс енді сен тұр мен атайын дейтін кексе ақындардың аламанына айналды. Бұл жолға жыр бәйгесіне сондай аузымен құс тістеген айтулылар жиналды. Атап айтар болсақ, «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов, талай додада топ жарған сыр сүлейінің сарқыты Мейірбек Сұлтанхан, қарағандылық жас қыран Дидар Қами сындыв 14 ақын көзі қарақты көрерменнің алдында орамды ой айтып, сүбелі сөз өрбітті. Сәтбаев қаласының 50 жылдығын жырларына арқау етті.
Алғашқы айналым
Аламанда алғашқы болып айтыс ауылына ат басын енді бұрып, жұртқа жаңа таныла бастаған жас перілер бастады. Сахнаға шыққан екібастұздық Рауан Қайдаров пен тараздық қаршадай қыз Алина Айдаралы қыз бен жігіт болып сөз қағыстырды. «Тегім бұлғар болғанмен қаным қазақ, сондықтан да бұл өмер маған да тән» деген Алина қарсыласының жігіттік желөкпе көңілін «бұзаулармен бірге сүт ішіп жүрмін, бұқалардың бұзық ойын қаламаймын» деп бірден тойтарып тастады.
Екінші жұп болып шыққан астаналық Нартай Тілеуқұл мен қарағандылық Дидар Қами бірін-бірі бірсыпыра сілкілеп алды. «Айтыстың ауылынан алыстап, «Екі жұлдыз» жобасында жүрген жан ең, бұл айтысқа қалай келіп қалғансың» деген қарсыласының сөзіне Дидар «Қаныштың «Менің халқым менен де биік» деген сөзі менің ұраным. Сондықтан қаныштың аруағын сыйлап келіп тұрмын» деп ұтымды жауап қайтарды.
Қаныштың туған жерінен келген Аспанбек Шұғатаев пен қызылордалық Мейірбек Сұлтанханның сөз сайыстары сұрапыл болды. Арқалы ақын Аспанбек қарсыласын қара өлеңмен найзалып бет қаратпады. Сөз қадірін білер тыңдарман Аспанбектің «Бұрын болмасамда бұл өңірде, ауасын қайдан жұттым деп отырсам Қаныш атамның кәстөмінің иісі екен ғой» деген сөзіне сүйсіне қол соқты.
Алғашқы айналымда сөз көрігін қыздырған жұп Мұхтар Ниязов пен батыстың жас барысы Мұрадым Мирлан болды. Айтысқа өзіндік тың серпін, жаңа үрдіс ала келген Мұрадымды қарсыластары әр кез «молда ақын» деп жатады. Мақамы да, сөз саптасы да бөлек. Бұл жолыда тыңдармандарын күлкіге кенелткен теңеулерін қарсыласына теңдеп артты. «Екі молданың айтысын тамашалаңыздар» деп бір қайырған ол «Қазылардың мұнысы қалай болды, бірі өлсе екіншісі жаназасын шығарсын деді ме екен» дер елді қыран топан күлдірді. Әрине, арзан күлкіге ғана бой алдырған жоқ, астары әзілдерімен де елдің ойын дөп басып отырды.
Жалпы, алғашқы айналымда ақындардың жеті жұбы елдің, жердің қадір-қасиетін жырға қосты. Сөйтіп, түс ауа басталған сөз барымтасы қас қарайғанша жалғасты. Соған қарамастан, қанға сіңген қастерлі өнердің қадірін білетін айтыс сүйер қауым бір сәтке болсын тарап кеткен жоқ. Тапжылмай тамашалады.
Ақтық сайыс
Айтыстың келесі күні 14 ақынның сегізі ақтыс сайысқа түсті. Төрт жұп түс ауғанша сөз сайыстырып, бақтарын сынасты. Бұл күні Нұрлан мен Мұхтар, Мұрадым мен Айшолпан, Аспанбек пен Айым, Дидар мен Мейірбек айтыс сүйер қауымның мейірін қандырды. Ақындар елдің, жердің жайын жырларына арқау етті.
Екі күнге созылған жыр додасында жеңімпаздарды анықтау қазылар алқасына да оңайға түскен жоқ. «Айтыстың атасы» атанған Жүрсін Ерман онлайын төрағалық жасаған қазылардың құрамында жергілікті ақындар Мұса Тлеуов, Мұқаш Сейтқазинов, Қарағандыдан Қойлыбай Асан, Астанадан Жандарбек Әшімжан, Серікзат Дүисенғазы болды.
Қазылар алқасының шешімі бойынша ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев, павлодарлық Рауан Қайдаров, астаналық Нартай Тілеуқұл, сәтбаевтық Абзал Мақаш, Жамбыл облысынан келген Алина Айдаралы мен Солтүстік Қазақстаннан келген Жарқын Жұпархан Алғыс хатқа ие болып, әр ақынға 400 мың теңгеден сыйақы табысталды.
Сондай-ақ Кәкімбек Салықов пен Шынболат Ділдебаев атындағы арнайы жүлдеге Батыс Қазақстаннан келген Мұрадым Мирлан мен Абайдан келген Айшолпан Тілеутай ие болды. Ақындарға 500 мың теңгелік сыйақы берілді.
ІІІ орынға Павлодардан келген Аспанбек Шұғатаев және шымкенттік Нұрлан Есенқұлов ілікті. Қатар шапқан қос ақынға 700 мың теңгелік сертификат тапсырылды.
Жүлделі ІІ орынды алматылық Айым Асылбек пен қызылордалық Мұхтар Ниязов иеленді. Ақындарға 1 млн теңге көлемінде жүлде берілді.
І орынға Қарағандылық Дидар Қами ие болып, 1,5 млн теңгелік сертификат табысталды.
Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде Қызылордадан келген Мейірбек Сұлтанханға бұйырды. Бас жүлдеге 2 млн теңге көлемінде сыйақы табысталды.
Ізтай Белгібайұлы.