Сәті түскен кездесу немесе Т.Кәкішұлымен қалай кездестім?
Тұрсынбек Кәкішев!
Бұл есімді ес білгелі естіп келемін. Сәкен мектебінің табалдырығын аттап, Сәкеннің жырын жаттап өскен біздің сәкентану іліміне, сәкентанушылардың еңбегіне деген қызығушылығымыз басқа замандастарымыздан артық болды десем, өтірік айтпаған болармын.
Әдебиет пәнінен сабақ берген ұстазымыз Рахат Омарқызы сәкентанушылардың еңбегінен қызықты деректерді келтіргенде, әсіресе, Кәкіштің Тұрсынбегіне сүйенгенде, аузымыздың суы құрып тыңдап отыратын едік. Міне, содан кейін жоғары оқу орнына түскенде осы ғалымның еңбектеріне қолымыз жетіп, жата жастанып оқыдық. Несін жасырайық, «Тұрсынбектей ғалым атамызды алыстан болса да бір көрсек қой» деген арманымыздың болғаны рас. Бірақ, қайдан көреміз? Қарағанды қайда? Алматы қайда?! (Мен барып көрмегендіктен, ол кезде Алматы мен үшін өте алыс боп көрінетін). «Ол кісі енді біздің жаққа келмес, кезінде бұл өңірге талай келіп, әбден зерттеп кеткен қарияның енді жолы түсе қоймас» деп ойлаған едім.
Жоқ, Тұрсынбек атаны көру бақыты бұйырды. 2007 жылғы қарашаның 3-ші жұлдызы болатын. Дәл осы күні менің туған ауылым – Қарағанды облысы, Шет ауданына қарасты Өспенде (Нілді) Успен-Нілді кенішінің 160 жылдық мерейлі мерекесі аталып өтті. Ауылымызға республикамыздың түкпір-түкпірінен жүздеген қонақтар келді. Осы ауылдан түлеп ұшқан ауылдастарымыздың басы қосылды. Аталмыш мерейтой аясында 1905 жылы орыс-қазақ жұмысшыларының ереуілі болған ереуілтөбеге ескерткіш тас қойылды, ауыл тарихы жайында «Өспен: ел мен жер тарихы» атты тағылымды кітап жарыққа шықты және атақты жерлесіміз, дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин алғаш білім алған бастауыш мектеп ғимараты үлкен жөндеуден өтіп, бұқара халыққа есігін мұражай болып айқара ашты. Осынау мұражайдың ашылу салтанатында оның лентасын қию құрметі сәкентанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы мен Сәкеннің інісінің қызы Рымжан Сейфуллинаға берілді.
Сексеннің сеңгіріне шыққан жасында атамызды көргеніме қатты қуандым! «Шіркін, қолынан алып амандассам ғой, мен Әйгеріммін деп өзімді таныстырсам ғой, жанына жақын барсам ғой» деген сан түрлі ойлар сол сәтте-ақ менің миымды жаулап алған еді. Ол ойымды сол кезде адам баласына тіс жарып айтпадым да, тек сұраған адамдарға: «Тұрсынбек Кәкішевті көрдім ғой!» деп балаша мақтанғаным есімде. Мәдениет үйінде Тұрсынбек атам сөйлегенде зал сілтідей тынған, әр адам мұқият тыңдап отырғанын байқадым. Зал лық толы, ине шаншар орын жоқ, есіктің ауызында жүріп мойнымызды созып, алыстан сахна жаққа көз тастап тыңдағанымызға риза едік. Осыған да шүкір дедік. Бұл менің Тұрсынбек атаны өмірде алғаш рет көруім еді.
Тұрсынбек Кәкішұлымен тағдыр жазып, кейін тағы кездесермін деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. Сол оқиғадан кейін араға төрт жыл салып, 2011 жылдың шілде айында Тұрсынбек ата біздің жаққа келетін болды. Ол кезде мен ауылда «Сәкен Сейфуллин атындағы тарихи-өлкетану мұражайының» меңгерушісі болып еңбек ететін кезім еді. 2009 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасының журналистері мұражайымызда болып, Сәкен туралы деректі бағдарлама түсіріп кеткен болатын. Сол шығармашылық топтың Дәурен Дариябек есімді журналисі: «Кейін тағы да келеміз. Бұл жолы Тұрсынбек Кәкішев атамызды ала келеміз» дегенде, қатты қуандым. Сәкентанушы ғалым атамыздың біздің жаққа жолының түсуін тағатсыздана күтіп жүрдім.
Сол күткен күн де келді. Шығармашылық топ Тұрсынбек Кәкішев атамыздың 85 жылдық мерейтойына орай ол кісінің өмір жолын Сәкен Сейфуллиннің ізі қалған жерлерімен түсіріп келеді екен. Сірә, атамыз туралы үлкен фильм жасауды мұрат тұтса керек. Сол мақсатта мемлекеттен қаржы бөлініп, тіпті, Ресейдің Омбы, Орынбор қалаларында да болып қайтыпты. Осындай жасқа келсе де осынша жолды көтеріп жүрген ақсақалдың жігеріне таңдай қағасың, қызығасың. Сәкеншілдігіне сүйсінесің. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін ел үшін жасап келе жатқан еңбегін ерлікке баламасқа болмайтындығына тағы да көз жеткізе түсесің.
Алыстан ат арытып келе жатқан қонақтарымды алдынан күтіп алуға Жаңаарқаға бардым. Жаңаарқа ауданында Сәкен атындағы кітапханада, Сәкен атындағы мұражайда өткен түсірілімінде бірге жүрдім. Кешкі дастарқан басында мені манағы журналист жігіт жақсылап таныстырды. Тұрсынбек Кәкішұлы және жолдасы Күләш Садыққызымен бір дастарқанда дәмдес болу мен үшін зор мәртебе еді! Сол сәтте көптен күткен арманым орындалып, төбем көкке екі-ақ елі жетпей тұрды. Тұрсынбек атамыз Сәкен туралы ақтарыла әңгіме айтқанда тамақ ішіп отырғанымызды да ұмытып кеттік. Өзімізді сол заманда, сол кезеңдегі тарихи оқиғалардың бел ортасында жүргендей сезіндік. Ерекше әсерде болдық.
Ертесінде таңмен таласып жолға шықтық. Жаңаарқа ауданының орталығы Атасудан Нілдіге барар жол Жарық станциясын басып өтті. Қазіргі таңда Сәкен Сейфуллин атындағы кент деп аталатын елді мекендегі бекеттің атауы – Жарық. Осы бекетке 1936 жылы Сәкен Сейфоллаұлының аты берілгенін, әлі күнге дейін осы атауы қайтарылмай, тек географиялық карталарда ғана «Сәкен Сейфуллин» деп жазылып жүргендігін тілге тиек етті атамыз. «Постановлением КазЦИКа в 1936 году разъезд №11 назван станцией С.Сейфуллина. Ныне ст. Жарык» деген жазуы бар тақта 1991 жылы менің ауылдастарым бас көтергенде темір жол вокзалы ғимаратының қабырғасына орнатылыпты. Істі сөз жүзінде қалдырмайтын Тұрсынбек ата бірден вокзалға ат басын бұрды да, бекет бастығымен кездесті. Бекет бастығы Тілектес Үмбетовке аталған мәселе туралы айтып еді, ол кісі де осы мәселеге бей-жай қарамайтынын, Жарық деген бекет атауын С.Сейфуллин деген атауға көшіру туралы біршама әрекет жасағанын жеткізді. Теміржолшылар бұл сұрақпен Үкімет алдына үш рет барса да қолдау таппағанын естіп көңіліміз су сепкендей басылды. «Әлі де кеш емес, тарих бізбен бірге бітпейтінін естен шығармау керек» деп үміт отын жақты Тұрсынбек атамыз. Әңгіме барысында ұйымдасып жасамағандықтан осындай күйде тұрған дүние екенін айта келе, соңынан ерген біздерге Сәкен атын қайтарып алар деген сеніммен қарады. Сексеннің сеңгіріне шықса да «бар ғұмырымды Сәкенге арнадым!» деп кеуде кермей, әлі де Сәкен атын ардақтауды жалғастырып, сол сапарында атамыз бізге жарқын үлгі көрсетіп келе жатты.
Құрметті қонақтарымызды Нілдіге жол бастап мұражайымызға, Сәкен орта мектебіне алып бардым. Түсірілім біткен соң біздің үйден дәм татты. Тұрсынбек атамыз анамның қымызын мақтады. Маған батасын берді. Бұдан артық қандай бақыт керек?! Тұрсынбек атаны екі күннің ішінде туған атамдай жақсы көріп кеттім, қимай қоштастым. Алматыға жол түссе, міндетті түрде шаңырағына барып сәлем беруді өзіме парыз санадым.
Осы кездесуден кейін бір жарым жыл өткен болатын. Бір күні жұмысқа келген газет-журналдардың жаңа нөмірлерін қарап отырсам, көзім еріксіз «Жұлдыз» журналындағы «Қоян жылғы саяхат» (№11-12, 2012 жыл) атты мақалаға түсті. Тұрсынбек Кәкішұлының мақаласы! Сәкеннің жолдарымен жүріп өткен сапары туралы жолсапар-очеркі! Мақала көлемді екен. Басқа жұмыстарымды ысырып қойып, дереу оқып шықтым.
Оқып отырмын. Бір кезде… Өз көзіме өзім сене алар емеспін! Тұрсынбек Кәкішұлы сол мақаласында менің аты-жөнімді де атап көрсетіпті.
«… Атасудағы Сәкен мұражайын көріп жүргенде бір қыз бала бізге жанасып, бірге тамашалады. Өз түсінігін естір-естіместей қосып жүргендей болды. Әлден уақытта Зәмзәлі: «Мына бала Сәкеннің Нілдідегі дейсіз бе, Өспендегі дейсіз бе, мұражайының директоры. Сіздер келеді деген хабардың дүмпуімен бізге жетіпті» деген соң аты-жөнін сұрадым. Әйгерім Мақажановаға «Сенің ауылыңа да барамыз, бізден бөлінбе. Машинаң жоқ болса, бізбен бірге жүресің» деп жолсерік тауып алдық.
… Сәкен атына ие болған кентті, яғни бекет басын аралауға уақыт мұрсат бермеген соң түс ауа поезға мінетінімізді ескеріп, Сәкен орысша оқуға келген Успенкаға, Нілді бекетінің жанындағы қазақша атауы Өспен мекеніне бір-ақ тарттық. Ең әуелі Сәкен оқыған мектеп, кейініректе кеңсе болған үйдегі Сәкен мұражайына бірден келмеске шарамыз жоқ. Өйткені оның директоры Әйгерім Мақажанова бізбен бірге келе жатыр ғой. Қалай дегенмен оқу орнына арналған ғимарат еңселі, тынысы кең болатындығын мынау патша заманында салынған құрылыстан анық аңғардық. Аудан орталығында кіріп-шыққан ғимараттарымыздан ағылшындар мыс өндірген жерде салынған құрылыстың осындай ерекшелігін байқауға тура келді. Әйгерімнің әдемі түсіндіруінің арқасында Сәкеннің кім екенінен хабары жоқ адамдардың өзі біраз саналанып шығатынын Сәкен жөнінде документті кино түсіруге бұдан бұрын келіп-кеткен, кәзіргі біздің режиссеріміз Дәурен тіпті, Әйгерімнен көз айырар емес. Ара-арасында «бұл қыз Сәкенді бізден де артық біледі» деп қолпаштап та қояды.
Сонымен, Өспенге келдік, Сәкен оқыған үйдегі мұражайдан едәуір мәдениеттің белгісін көрдік. Өзінің аяулыларын ел осылай қадірлеуі керек қой. Оның айқын үлгісін басқа елдерден көріп жүрміз. Әр ел өзінің тарихын келген-кеткенге танытып қалса сол абырой.
Енді көпшілігіңіз біле бермейтін бір шындыққа назар аударайын. Қадірлеген, құрметтеген азаматтардың есімін әр түрлі мәдениет ошақтарына, әсіресе мектептерге, тұрған жерінің атына қосақтап беріп келеміз ғой. Ал мына Өспен кентінде ешбір қоспасыз Сәкен орта мектебі бар. Өспенге немесе іргедегі Нілді бекетіне жапсырылмай, өз алдына Сәкен мектебі деп аталатын оқу орны осы. Сіздер мұндайды жиі кездестіріп жүрсеңіздер өздеріңіз біліңіздер, мен осы уақытқа дейін жергілікті мекенге байланыстырмаған оқу орнын бірінші көріп тұрмын.
Біз Сәкен орта мектебіне бет алдық. Мұражай мен мектепке беттегенде Ресей суретшілер одағының мүшесі Серік Бәкірұлы Қадыровтың өз қалауымен «Бәйтерек» атты бюсті мен Мейрам Тайшықов салған Сәкен суреті өткен-кеткендердің көзіне еріксіз түсіп, мектепке дейін шығарып салады екен.
…Бұл төңірекке бұдан әрі аялдауға уақыт жібермей тұр. Оның үстіне жолда қалта телефоны арқылы әке-шешесіне бір қора қонақ алып келе жатқанын Әйгерім хабарлап қойыпты. Ол үйден дәм татпай кету мәдениеттілікке де, рәсімге де жатпайды деп машинамызға ыңғайлана бердік.
Байғұс қазақ, бар жылы-жұмсағын, дәмді-тәттісін қонаққа сақтайтын әдетті Әйгерімнің үйінен тағы бір рет пысықтап алдық. Сағат 3-тегі поездан қалып қоймайық деп дегбіріміз қашып отыр. Үй иелері біздің көсіле отырғанымызды қалағанымен, Қарағандыдан Алматыны бетке алып шыққан поездың екпіні бізге жетіп жатыр…»
Бұл маған күтпеген тосын сый әрі ерекше құрмет болды.
Үлкен әдебиетші ғалым, қазақ тарихының талай ақтаңдақ беттерінің ақиқатын ашып, келешек ұрпаққа қалдыру жолында бүкіл өмірін сарп еткен атамызбен 2012 жылдың қазан айында үшінші рет жолықтым. Сол уақытта мен өзім еңбек ететін Сәкен мұражайының 5 жылдығын өткізуге дайындалып жүргенмін. Осыған байланысты Тұрсынбек атамызды іздеп, Алматы қаласына арнайы бардым. Ондағы мақсатым: «Тұрсынбек Кәкішұлы атамыз мүмкіндігі болса келер, келе алмаса өз аузынан құттықтау жазып алайын» дегеннен туған ой еді.
Тұрсынбек Кәкішұлы мен апай құшақ жая қарсы алды. Күләш апамның дастарқанынан дәм таттым, қолынан шәй іштім. Өзіммен бірге атамның «Сәкен аялаған арулар» деген кітабын алып барған едім. Соған қолтаңба жазып беруін сұрадым. Оған: «Қарағым Әйгерім! Сәкендей атақты болып, қуаныш-шаттықта жасап бақытты болуыңа тілектеспін. Атаң Тұрсынбек, Күләш 31.10.2012ж.» деп жазып берді. Мұражайымыздың бес жылдық мерейтойына Сәкен Сейфуллиннің он томдық шығармалар жинағын және өз еңбектерін сыйлады. Ол кісінің мұражай мерейтойымен құттықтаған бейне сәлемін мерекелік кеште ауыл тұрғындары, Астанадағы Сәкен мұражайынан келген қонақтар көріп дән риза болды. Сол кеште менің мәртебемді көтерген осы бейнежазба десем артық айтқандық емес.
Сол кездесуде атамыз: «Тұрмысқа шықсаң, тойыңа шақыр, барамын!» деген еді. Дәл сол кезде мен ол кісінің бұл сөзіне сенбеген едім. Көңілім үшін айтып отырған болар деп ойладым. Бірақ сол сөзді естудің өзі қандай ғанибет, қандай бақыт десеңізші?! Атам өмірден озған кезде, жылап: «Жоқ, ол шынымен менің тойыма келер еді» дедім өзімді солай ойлағаным үшін жазғырып. Менің санамда ол кісі туған атамдай болып кеткен еді.
Иә, Тұрсынбек Кәкішұлы менің туған атамдай болды, танысқанымызға көп жыл болмаса да ол кісі мені туған немересіндей жақсы көрді. Мен де ол кісіні қатты жақсы көрдім. Маған ылғи ол кісінің ақыл-кеңесі жетпей тұратын, сағынсам іздеп Алматыға барғым келетін…
2013 жылы Сәкен Сейфуллиннің 120 жылдығына орай «Аңыз адам» журналына Сәкенді шығару үшін қолымдағы бар дүниені жинап демалыс күндері Алматыға жол тарттым. Одан соң ауылдағы ата-анамның сәлемдеме ретінде беріп жіберген қымызы мен құртын алып, жанымдағы Рауан Сәбитұлы деген журналист досым және жолсерік болған ауылдасым Тоғжан Серкебаймен Тұрсынбек атамның үйіне бардым. Күләш апай аяғы сынып ауруханаға түсіп қапты. Үйінде Күләш апайдың сіңлісі Арша апай жүр екен. Бізді құшақ жая қарсы алып, дастарқан жайды. Өзім атамды көріп көзайым болып қалдым. Дастарқан басындағы әңгіме-сұхбат барысында Сәкеннің шығармаларын тереңірек зерттеу керектігін айтты. Журналист досыма: – «Сәбит Мұқанов туралы бағдарлама неге түсірмейсіңдер? – деп тосыннан сұрақ қойды, – Сәкен айтудай айтылды, енді Сәбитті айтыңдар!», – деп, үлкен бір жүкті аманат етті.
Келесі жылы Сәкен Сейфуллиннің 120 жылдығы аясында өткен ғылыми экспедициядан соң мен Астанадағы С.Сейфулллин мұражайының директоры Н.Айтұлының шақырумен, елордаға қызметімді ауыстырып, мұражайдың ғылыми қызметкері болдым.
Осы жылы Жәнібек батырдың 300 жылдығына арналған «Ел қорғаған Ер Жәнібек» деген халықаралық айтыс өткен. Сол айтыста Тұрсынбек атама барып амандастым. «Мені ұмытқан жоқсыз ба?» деп өзімді айта бастағаным сол еді: «Сені танымағанда кімді таниын, Әйгерім?!» дегенде жүрегім жылып кетті, атамның есте сақтау қабілетіне таңғалдым.
Дәулеткерей Кәпұлы ағамыз айтқандай, Сәкенге қатысты адамдарды ол кісі өмірі ұмытпайды екен. Соның тағы бір дәлелі Сәкеннің 120 жылдық мерейтойында орын алды. Қанат Жүнісов ағамыздың «Сәкен-Сұңқар» тарихи драмасының тұсаукесерінде Тұрсынбек Кәкішұлын қаумалаған топты жарып мен де жетіп бардым атама: «Ата, мен ғой таныдыңыз ба?» деп едім: «Сені танымай не бопты?!» деп бетімнен сүйіп амандасқан еді. Ертесінде С.Сейфуллиннің 120 жылдығына арнап мұражайдың ұйымдастырған концертіне бардық, одан соң мейрамханада бас қостық, осы тойдың басы-қасында жүрген игі жақсылар мен құрметті қонақтар естелікке суретке түстік. Бұл сурет Тұрсынбек атаммен түскен соңғы сурет болатынын, осыдан соң атамды көрмейтінімді кім білген?!
…Жаныңыз жәннатта болсын!
Әйгерім МАҚАЖАН,
Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин мұражайының
ғылыми қызметкері.