Сатылған рух (Әңгіме)
Көше кезген жұмбақ адам
Шашы қудай, жап-жалпақ бетін әжім аямай сызғылаған, көздері сығырайыңқы, картоп мұрынды, төртпақ денелі, қамыт аяқтарын әрең-әрең ілби басып жүретін осы бір кісіні біздің қуықтай көшеден жиі көремін. Жұрт «Шанхай» деп ен таққан бұл шағын аудан оңтүстік астананың нақ ортасында орналасқанымен сона-ау биіктегі әкімшілікке де, ондағы күні-түні үргін-сүргін болып шапқылаған шенеуніктерге де еш қажеті жоқтай адыра қалған. Бірімен бірі жапсарластырылып сала берген жүз жылғы «кәрі» үйлердің көбісі әбден тозығы жеткен. ХХІ ғасыр өркениетінде бұл үйлер мынадай әсем қаланың сәнін бұзып әлі де бұрқыратып көмір жағады, көшелері де қиқы-жиқы, тар. Қыс кезінде түтіннің ысы басқан үйлер де, көше де, тіптен адамдардың өздері де сұрқайланып, көңілсіздік ұнжырғаларын баса түскендей болатын. Ал мынау біздің кейіпкеріміз түн қара пердесін түсірген кезде көнетөз тонының жағасын көтере, бөркін баса киіп тірі аруақтай көлбеңдеп әрі-бері жүре беретін, жүре беретін. Маған ол кісі қалың ой-тұманының арасында адасып жүргендей көрінетін. Неткен жан ол? Әрине, ол кісіні күндіз де бір-екі мәрте көріп қалдым. Қарсы кездесіп қалғанда қала адамдарының қатігез тәртібін бұзып кейде сәлемдесетінмін. Кейде басын изегендей болғанымен, енді бірде естімеген сыңай таныта міз бақпай өте шығатын. Жап-жалпақ беті, картоп мұрыны, тіптен көздері де үнемі қызара бөртіп жүретіндей көрінді маған. «Арақ ішеді-ау, сірә» деп ойлайтынмын. Бір ғажабы ілби басса да ол қалталақтамайтын.
«Кім бұл?» Ішкі дүниемде ол кісінің кім екенін білуге деген қызығушылық пайда болды да, бірде оның соңынан әдейілеп ердім. Үйі қайсы? Оны сол жолы-ақ анықтадым. Бізден он шақты үй төменде тұрады екен. Аздап ішетіні болса да, жөні түзу әңгіме білетін, осы көшеміздің байырғы тұрғыны көршімнен бірде ол туралы сұрадым.
– Ол кісіні бір облыс орталығынан көшіп келіпті деп естідім. Сен білуің керек, ол жазушы немесе журналист. Шамасы ішетіні бар екен. Мен бір рет бөтелкелес болып қалдым. Көп үндемейді. Біз сияқты қызып, лепіріп кетпейді. Бірақ сөздері қызық. «Рух сатамын, аласың ба?» деді ол біз үйді үйімізге тарарда маған ыржия қарап. «Рухы несі?» деп таң қалдым. «Жәрәйді, басыңды қатырма! Мен рухымды баяғыда-ақ сатып жібергенмін» деп ол менің арқамнан қағып, бұрылып жүре берді. «Мынаған я оқу өтіп кеткен, я есі дұрыс емес» деп топшыладым. Ол кісі туралы білетінім осы. Енді ана сөзінен кейін оған жоламаспын, сірә,– деді көршім басын шайқап.
Мен ойланып қалдым. «Бұған мен де іштей таңырқадым. Көшеде ілби басып келе жатқан онымен енді кездесіп қалғанда, ол кісінің рухын сатқаны есіме сап ете түседі. «Рухын сатқаны несі? Кімге, неге сатқан? Рухсыз адам бола ма? Бәлкім ол кісі ұлттық рухты айтып отырған шығар…
Ол кісінің кім екендігі мына оқиғадан кейін аздап айқындалғандай еді.
– Әй, бала, тоқта! «Сәлем сөздің анасы» деген сөзді журналист басыңмен білмегенің бе?
Ту сыртымнан шыққан жағымсыз қырылдақ дауысқа еңсеріле бұрылдым. Сол кісі! Қалай байқамағанмын? Ол менің журналист екенімді қайдан білген? Тонының жағасын көтерген, бөркі қоқырайған жұмбақ адам қара көлеңкеде маған қарап тұр. Жан дүниемде үрей бас көтеріп, жон арқамнан құмырсқалар жүріп өткендей болды.
– Ассалаумағалейкум, аға! Мен сізді көрмей қалыппын. Көрген күнде де мынау қалада танымаған адам бір-бірімен сәлемдеспейді. Бір-екі мәрте сәлемдесіп едім, ләм-мим деп жауап қатпай өте шықтыңыз,– деп мен іштей сыр білдірмей ол кісіге қарап бұрылдым.
– Уаликсалам! Һі-һі-һі!– деп ол маған үкіше бағжия қарап, ыңғайсыздау күлді. Тағы да жон арқамда құмырсқалар жыбырлады.
– Сен журналистсің ғой,– деді ол оқыс сауал қойып.
– Иә, өзіңіз де сол мамандық иесі боларсыз,– деп мен де сауал қойып.
– Һі-һі-һі! Қайдағы-ы. Бірақ жазатыным бар. Негізгі мамандығым сәулетші. «Жер сатылады!» деген дақпырт шыққанда жанталасып пікірлерімді баспасөзге қарша бораттым. Содан кейін жазатын болдым. Қазір бәріне нүкте қойдым. Білесің бе, дә-әу бадырайған нүкте!– Ол сұқ саусағымен ауада дөңгелек сызды.
– Неге өйттіңіз? Айтпақшы сіз рухыңызды сатып жібергенсіз ғой. Кімге? Неге?– Ойымда көптен жүрген түйіткіл сауалдар өзінен өзі аузымнан атып-атып шыққанмен, сәт өтпей тілімді тістедім. Байқап тұрмын ішкі құпиясын қайдағы бір бейсәубет жанның аузынан есту оған тым таңсық көрінді-ау, селк ете қалды. Қолдарын алдына сыйғыза алмай ол қыбыжықтап біраз тұрды да, кенет маған қатты айқайлап жіберді.
– Әй, бала, не деп тантып тұрсын? Мен сатсам өз рухымды саттым. Өзімнің, тек қана өзімнің рухымды. Басқанікін емес. Анау дәулердің сатқан рухтарын сен бәтшаһар неге айтпайсың-а? Қарай гөр, «сатып жіберіпсіз ғой» деп білгішсінеді, жүдә. Мен рухымды өз еркіммен сатқан жоқпын! Білесің бе, мені мәжбүрледі, мені мәжбүрледі!– Тарғыл даусы әлдебір жыртқыштың даусына ұқсап, одан сайын қорқынышты жанға айналды. Ол қос жұдырығымен көкірегін дүрс-дүрс соққылап, мойнына бұғалық түскендей қырылдап қалды.
– Кет! Кет, менің жанымнан! Көзіме көрінбе! Бәрің, бәрің сатқынсыңдар. Жоғал! Сен де бір күні рухыңды сатасың. Сенің қаны сорғалаған жап-жас рухыңды да темір сандыққа қамайды олар. Һі-һі-һі!
Ол тонының жағасы едірейіп, бөркі қоқырайып тез бұрылды да ілби басып менен ұзай берді. Бірдеңе-бірдеңе деп сөйлеп барады. Көршімнің «мынаған я оқу өтіп кеткен, я есі дұрыс емес» деген сөзі ойыма оралды. Ал мен үлкен бір мәселенің ұштығы көрініп тұрғанын ішім сезді. Анау-мынау емес зор мәселе! Ағамыздың ар-ұятына күні-түні маза бермейтін бір келеңсіз жайт бар. Ол қандай? Әйтпесе соншама қылғынып, неге ашуланады, неге шала бүлінеді? Мұның жауабын мен тым кеш, тым кейін білдім.
Сол өзара кездейсоқ та кеспірсіз алғашқы әңгімемізден кейін мен оны көшеден кездестірмейтін болдым. Неге екенін кім білсін аты белгісіз, заты да күмәнділеу ағаны іздейтінді шығардым. Оның үш қабатты әсем үйіне айшықталған қақпасының саңылауынан бір-екі мәрте балаша сығалап қарадым да. Ызым-қыйым жоқ. Менің сауалыма бұлқан-талқан ашуланып еді, ауырып қалмаса игі, кейін шынында да кінәлі екенімді білгенде жанымды қоярға жер таппай ұялғанымды қайтейін.
Түнде көршім қоңырау шалды.
– Секе! Әнеукүнгі Махамбет деген көршіміз қаза тауыпты. Ертең жаназасы. Көңіл айтып кіріп шықсақ қайтеді?– Мына қаралы хабар менің үстімнен біреу мұп-мұздай су құйып жібергендей әсер етті.
– Ау, неге үндемейсің? Немене уақытың жоқ па?– деген көршімнің даусы менің есімді жиғызды.
Ағамыз жүректен кетіпті. Бір аптадай ауруханада жатыпты. Дәрігерлер құтқара алмаған.
– Өлер алдында рухымды бекер саттым. «Мен күнәһармын!» деген сөзді ол қайталап айта берді. Біз түсінбедік,– деді әйелі кемсеңдеп. Көршім маған қарады. Мен қос иығымды қусырдым. Тәтеміз сөзін жалғастырды.
– «Көршім Серікке аманат» деп хат жазып қалдырыпты. Серік деген кім екен?– деді ол бізге аңтарыла қарап.
– Серік деген жігіт қасыңызда тұр ғой,– деп көршім сұқ саусағымен мені меңзеді. Мен селк ете қалдым. «Хаты несі? Ол кісі менің атымды қайдан біледі?» деген ой сап ете қалды. Таң қалғанымды жасырмай тәтеме бір, көршіме бір алақтап қарай бердім.
– Айналайын, онда мен саған хатты тапсырайын. Махамбет оны қатты ауырып жатса да ауруханада жазыпты. Ішінде не жазғанын оқыған жоқпыз. Себебі, «Тек Серіктің қолына жеке тапсырылсын!» деген бөлек ескертуі бар екен.– Қаралы тәтеміз ауыр қозғалып барып, төргі бөлмеден хатты әкеліп маған тапсырды. Үлкен конвертке салып, аузын желімдеп тастаған.
Тірі өліктің хаты
Аманат хатты ашқанша асықтым. Көшеде қойған менің сауалыма жауап жазғанын ішім сезді. Сонымен оқырманым сіз де хаттың ішінде не туралы жазғанын білгіңіз келіп асығып отырған боларсыз. Бірге оқылық.
Ассалаумағалейкум, інім Серік!
Бұл хатты саған неге арнап жазғанымды біліп отырған шығарсың. Рас, сенің сауалың мені қатты ызаландырды. Көпке дейін басыла алмай, үйге әзер жеттім. Бірақ бала ойлап қалма, «Ағамның өліміне мен кінәлімін» деп. Жо-оқ! Жүз, мың рет жоқ! Мен рухымды сатқан күні-ақ өлікке айналған адаммын. Жан рух емес. Ол миыңды ойлантатын, аяқ қолыңды жүргізетін, тамақ ішкізетін, тәніңе қозғалыс беретін Алла тағаламның жасаған бас тетігі. Тән-жан болмаса төсекке таңылады, ойлаудан жаңылады, жүруден, қозғалудан қалады. Рухтың жөні бөлек. Рухың барда нағыз адамсың. Әділдік үшін, ұлтыңның,халқыңның болашағы үшін күреске жетелейтін, сана мен жаныңды байыз тапқызбай қамшылайтын, бет алдыңды айқындап, салт-дәстүріңе, тіліңе, дініңе, ұлтыңа ғашық ететін, оларды қорғауға ұмтылдыратын ол рух. Рух кетсе ет пен теріден тұратын тән, ой мен таланттан тұратын жан ғана қалады. Алпыс екі тамырыңды иітетін, жүрегіңді қозғайтын рух тәннен кетсе ездік, тойымсыздық, құлдық, көнбістік бас көтереді, өрлік, ерлік, табандылық, жігерлілік, қанағатшылдық, отаншылдық құрдымға кетеді. Одан кейін ондай тән иесіне бәрібір. Байлықтың құлына айналады. Рухын байлыққа айырбастау ол ұлтқа қасірет, бұлыңғырлық әкеледі.
Бала, бұл пәлсафаммен сенің миыңды біраз ашыттым. Енді мен кіммін. Және рухымды қалай сатуға дейін бардым, соған тоқталайын. Менің тәнім де, жаным да шаршаған жанмын. Енді көп ұзамай рухымның артынан жаным да ұшып кететінін сезіп жатырмын. Бірақ қысқаша болса да рухтан айырылудың адамға да, ұлтқа да қасірет әкелетінін өзімше түсіндіріп, айтып кеткенді жөн көрдім. Сонда сен қойған сауалға жауап беріп те қалармын деген үміттемін.
Мен де ауылда дүниеге келіп, сонда ержеттім. Өмір бойы мені, отбасымды тарықтырмай баққан мамандығым сәулетшілік өнер мектептен басталды. Сурет салатынмын. Басқа сабақтан гөрі осы өнер мені өзіне магниттей тартты. Әдебиет мәселесіне де кет әрі емес едім. Өлең жазатынмын. Мақалаларым шығып тұрды баспасөз беттерінде. Мамандық таңдауға келгенде менің жан дүниемде екі өнер тайталасты. Ақыры сәулетшілікті таңдадым. Оқу бітірдім. Үйлендім. Алыс орысы көп облыс орталығына кеттім. Кітапты көп оқитынмын. Содан ба, сергек қарадым жан-жағыма. Орыстың қазаққа деген, оның тіліне, дініне деген қысастығын жан жүрегіммен сезіндім. Сезінген сайын қолымнан келгенше күресетінмін. Білімділігім, біліктілігім, екі тілде бірдей шешен сөйлейтінім кімді де болсын тұқыртып тастайтын. Орыстар қазақтарға империялық көзқараспен қарайтынын түйсіндім. Қазақ мектебі біздің облыс орталығында жоқ болды. Үш балам да орыс мектебінде оқыды. Үйде қазақша сөйлетуге қанша тырыссам да оларды толыққанды қазақ етуге шамам келмеді. Бір ерекшелігім жан-жағымда арақ өзені ағып жатса да ішкілікке әуестенбедім. Менің мақтаныш ететінім көкірегімде рухтың бар екендігі. Орыс империясы рухы бар адамдарды жек көрді. Оларды биік мансапқа көтермеді. Мені де солай етті. Жай сәулетші қатарында жүрдім. Бұл өнер саласында қазақтар аз болды. Мені құтқарған, қорғаған рухымның биіктігі еді. Осы рухым қай жағынан болсын орыстардың арасында мені биікке көтерді. Жиналыстарда, бас қосуларда менің біліктілігім жарқырап көрініп тұратын. Олар амал жоқ менімен есептесетін. Сәулетшілік өнердегі жетістіктерімді олар мойындады. Орыстардың ішінде де жақсы достарым болды. Мәскеуде де, Ленинградта да тұратын, менің өнеріме шеберлігіме тәнті болған әріптес достармен жиі араластым. Қанша сақ болсам да, жасырсам да менің ұлтшылдығым андағайлап көрініп тұратын. Мені күнделікті өмірде қолданылудан шығып, мүлдем қажет болудан қалған тілімнің мүшкіл халі қатты мазасыздандыратын. Кейбір орталарда қазақ мектебінің жоқтығын да айтатынмын. Бұл оларға ұнамады. Бір топ азаматтарды ұйымдастырып Мәскеуге хат та жаздық. Достарым бұған көмектесті де, мектептің қажет екенін жазған хатқа біз ұйымдастырған топ мүшелері мыңға жуық ата-аналардың қолдарын да қойдырды. Дәл осы кезде Алматыда Желтоқсан көтерілісі бұрқ ете түсті. Бұл көтеріліс біздің топқа да әсер етті. Наразылығымызды білдіріп алаңға шықтық. Оншақты-ақ адам. Бірден ұстап алды да, қамап тастады. Үш-төрт күннен соң босатып жіберді. Сенімсіз адамдар тізіміне кірдім. Ұжым маған халық жауы ретінде қарады. Жиналыста маған «Ұлтшыл» деген жамау атақ беріп, жұмыстан шығарды. Бұл қара таңба мені еш жерге жұмысқа алдырмады. Балаларым да мектепте қағажу көрді.Қауіпсіздік комитеті жиі-жиі тергеуге шақырып, әбден мазамды кетірді. Достарым маған ақыл берді: «Ресейге кет! Әйтпесе сені соттайтын түрі бар» деді. Өзім де әбден қалжырап, шаршаған едім. Ленинградқа жол тарттым…
Бауырым! Мен саған рухымды қалай сатқаным жайлы қысқаша баяндап бергім келген. Қағазға түсіре бастап едім, бүкіл өмірім көз алдыма келді. Оларды айтпасам сенің бұл сауалыңа толыққанды жауап бере алмайтын сияқтымын. Дегенмен қазір байқап отырмын, бойымнан күш-қуатым біртіндеп кетіп бара жатқандай сезінемін. Қолым қаламсапты ұстауға дәрменсіз боп барады. Сондықтан қалған оқиғаларды неғұрлым қысқартып айтуға тырыспасам болатын емес. Содан үйімнен, халқымнан безіп Ленинградта біраз жыл өмір сүрдім. Олар мені, талантымды аспанға көтерді. Бірнеше жобаларым қабылданып, қомақты ақша алдым. Бірақ өзім орыс елінде болсам да, ойым, есіл-дертім атажұртымда еді. Ондағы бар жағдайды біліп отырдым. Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарды аяусыз басып-жаншып, соттағанын естіп жүрегім ауырды. Алайда соңғы жылдары қалың тоңның ери бастағанын, қазақ рухының көтерілгенін, сөйтіп олар «Қазақ тілі» қоғамын құрып ана тіліне мәртебе бергенін естігенде жылап жіберіппін. Елдегі достарым елге оралуымды құптады.
Момын десін, көнбіс десін мейлі, қаһарлы империяға қарсы күресті қазақ бастады. Қайсар қазақ жастары өзге елдердің үмітін жандырды, рух берді. Сөйтіп мен тәуелсіздік алардан бір жыл бұрын жұмысыма оралдым. Бұрынғыдай емес елден береке кетіп қалыпты. Орыс ағайындар да дөңайбат мінезден арылып, жуасыпты. Сірә, бір тықыр таянған-ау шамасы.
Қалған оқиғаларды несіне тәптіштеп айта берейін. Бір айтып кететін нәрсе осы шаққа дейін мені күні-түні мазалайтын мәселе тоқсаныншы жылдардағы халқымыздың дауылды күнгі теңіздей буырқанған рухы кейін қайда ұшып кетті? Рас, Кеңес өкіметінде қамқорлыққа бөленген ауылды өзіміз қолдан тұншықтырдық. Ол өкімет ауылға жаны ашығандықтан емес қазақтарды қалаға жолатпау үшін осыған барды. Ал біз өзімізге-өзіміз неге соншама қатігездік жасадық? Қазақ ала қоржын арқалап саудаға кетті. Жоқшылық қысқан қазекең бір тілім нан үшін қалаға келіп, көрінгенге құл болды. Дәп отызыншы жылдардағыдай жаппай аштан қырылмаса да, қазақ ілдалдалап өмір сүрді. Мен сол кездері тарап кеткен Жезқазған өңірін аралағаным бар. Қаңырап қалған ауылдарды, соғыс болғандай күйреген шағын қалаларды көргенде жаным шошыды. Аржағындағы Торғайдың жағдайы одан да мүшкіл еді. Көргенімнің бәрін жазып билікке хат жаздым. Ешкім жауап бермеді. Ауыр ала қоржынды арқалағаннан тамырлары адырайып, жастарынан ерте қартайып кеткен аналарды көргенде тығыларға жер таппайтынмын. Рух меніңше, арба итерген құл қазақтардың дөңгелектерінің астында, шетелдерден келген әмірлі қожайындардың менің бауырларымды езгіге салып, намыстарын таптаған дойыр әлімжеттігінің, әділетсіз қанауының бодауында, Қытай асқан ала қоржынмен бірге кеткен деп білемін.
Ал менің рухым қайда кетті, оны кімге саттым соған келейін. Әйтпесе әріптес бауырым, қуат бергіш дәрілердің де дәрмені азайып барады. Сәулетші екенімді, Ресейден біраз қаржы арқалап келгенімді айттым. Жиырма бірінші ғасырдың табалдырығын аттарда сәулетшілердің еңбегі жанды. Мұнайдың миллардтаған доллар қаржыларының бір бөлігі қалаларды, әсіресе Астананы көріктендіруге бөлінді. Осы мәрттіктің алдында «Жер кодексінің» жобасы парламентке ұсынылғаны жөніндегі хабар еліміздегі зиялы қауымды дүр сілкіндірді. «Жер кодексіне» қол қойылса, онда ата-бабадан қалған аса қасиетті жерімізді кім көрінгенге сатуға мүмкіндік туғызамыз. Сәулетші ретінде мен мұны өте жақсы түсіндім. Бұл масқараға күш-қуатым жеткенше қарсы күресуге бел будым. Жер халықтікі. Яғни бұған халық қарсы тұруы тиіс. Бірақ күн көрістің қамымен жүрген, сол ауыр жолда рухын жоғалта бастаған қалың қазақтың дені бұл мәселеден мүлдем хабарсыз болатын. Үгіт-насихат жұмысын жүргізе отырып, «Жерді сатуға қарсымыз!» деген тақырып аясында хат жазып жоғарғы жаққа жібердік. Менің сенгенім, менің темірқазығым парламент депутаты Арыстан аға еді. Ол кісінің « Жерді сату анаңды сатқанмен бірдей» деген ғибратты сөзі ел ішіне ұран болып тарап кеткені қашан! Мен сол кісіге және орысша жазса да халық сүйетін Олжабай ақынға сендім,
Міне, парламент дауыс беретін күн де келіп жетті. Бүкіл ел үмітпен қарадық, арыстандай халық қалаулылыры тұрғанда «Жер сатылмайды!» деп сендік. Қайдағы…»Сенген қойым сен болсаң…» дегендей үш депутаттан басқасының бәрі « Жер кодекісінің» жобасына қол қойып жіберді. Оның ішінде әділдік үшін, ұлты үшін шырылдап, гүрілдеп отыратын Арыстан аға да бар. Темірқазығым жерге түсіп қирап қалды. Ұстайтын тұлдырым, қарманатын бұтағым жоқ мен байғұс үш күндей ауырып жаттым. «Жеріңді сатып қазағым енді қайда барасың?» деп күңірендім. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей араға жыл салып халық қалаулылары мемлекеттік тілге, яғни қазақ тіліне қарсы дауыс берді. Күңіренгеннің көкесі енді басталды. «Мұнысы несі бұлардың? Енді сатылмаған нең қалды? Халық қалаулысы емес, халық жауы болды ғой олар» деп таусылдым. Бірде Астанаға жолым түсті. Арнайы барып Арыстан ағамен жолықтым. Бұрынғы айбарынан түк қалмаған, мүжілген, қартайған. Едірейіп тұрар мұрты да сөлпиіп тұр. Даусы да бәсең, көзінде де от жоқ.
– Ар аға! Анаңызды сатқаныңыз не? Одан да өлген жақсы еді ғой, ағатайым-ау. Мұныңыз қалай? Біз, бүкіл қазақ сізге сеніп едік. Бәрінен де рухыңызды сатқаныңыз жаман болды,– деп мен зар қақтым. Ар ағам төмен қарады.
– Балаларым қоймады. «Қойсаңызшы көке! Бізге зияныңыз тиіп жатыр» деді. Амал жоқ, осыған бардым,– деп ол мүжіліп отырған қалпы міңгірледі. Мен оған тұңғыш рет ризашылықпен емес, аянышпен қарадым. Күндей күркіреп өлеңін оқитын Олжабай ағаға баруға неге екенін білмеймін, бетімнен бастым.
Астанадан қайтқан мен де мүжіліп қайттым. Иә, менің жағдайым да жетісіп тұрғаны шамалы еді. Тығырыққа тірелген өз мәселем жөнінде таудай ағалармен ақылдасқым келген. Олардың мүшкіл жағдайлары мені одан сайын тығырыққа тіреді. Менің ол мәселем қаламыздың бір пұшпағына сәулетті де биік үйлер салынуы тиіс болатын. Жоба да, ой да жақсы. Бірақ қаланың бас сәулетшісі ретінде ол жобаға үзілді-кесілді қарсы шықтым. Себебі, жер қыртысына байланысты ол жерге тұрғын үйлер салуға болмайтын. Астында ескі шахталар, яғни жарықтар бар. Күндердің күнінде ол үйлер төменге шөгіп, адамдар қасіретке ұшырауы әбден мүмкін. Лауазымды кісілер маған осы жобаға қол қоюымды талап етті. Қол қойсам бітті, көп ақша менің қалтамда болатыны да сүйіншіленді. Егер қол қоймасам жап-жақсы қызметтерде жүрген үш балам олардың қырына ілінбек. Әйелім, балаларым, келіндерім Астанаға барарда мені орталарына алып талқыға салған.
– Ұлтым, тілім деп жүрсің, кәне не таптың содан? Пәлен жыл қаңғып сыртта жүрдік. Көрмеген қысастығымыз жоқ. Енді қартайып келесің. Мына үш балаңды, келіндеріңді, немерелеріңді аясайшы. Олар ертең жұмыссыз қаңғырып қалса, сен оларды бақпақсың ба? Неде болса да қолыңды қой жобаға.– Бұл әйелім. Бұрын қарсы келмеуші еді, енді күшке мініп алыпты.
– Папатай, шынында да бізге зияныңыз тиеді. Осы жасыңызға дейін әділеттілік үшін күрестіңіз. Біз үндемей келдік. Енді я бізбен бірге бол, немесе…– Үшеуі де маған ызбармен қарап отыр. Арыстан ағамен сөйлескендегідей тура сол кеп алдымнан шықты. Ойландым, қиналдым, ұйықтамадым. Содан араққа тойып алдым да, ертеңіне есім кіресілі-шығасылы күйде қарғыс атқыр жобаға қол қойдым. Бауырым, халқымды да, рухымды да, намысымды да, бәрін, бәрін осылай саттым. Мен сол күннен бастап тірі өлікке айналдым. Аяқ-қолым, тәнім қозғалады, миым істейді. Бірақ рухым жоқ. Оны өзің білесің, бір сөмке долларға саттым.
Міне, сенің сауалыңа жауабым осы. Мына көшедегі ең сәнді үй сол кір ақшаға салынды. Рухым жоғалған соң, талантымды өзім таптадым. «Бәрін ұмытайыншы» деп осында, Алматыға қашып келдім. Бәрібір ұмыта алмадым. Әруақ сияқты көшеде сенделетінім осы себептен. Ұйықтай алмайтын ауруға ұшырадым. Түсімде үйлер құлап жатады, адамдар шыңғырып жатады… Иә, несіне айтасың, қартайғанда оңбай адастым. Өкінемін, жылаймын, алайда ештеңеге, ешбір байлыққа айырбастамайтын рухты, намысты күндерім енді оралмайды. Сағынамын, аңсаймын сол күндерімді. Енді саған өтінішім, осы хатымды көркем дүниеге пайдалансаң бұлай деп тақырып қой: «Тірі өліктің хаты де». Сау бол! Менің ағалық тағы бір зор өтінішім сен өлсең де рухыңды сатпа!»
Хат осылай аяқталыпты. Бұл хат маған үлкен ой тастады. Рухын әлі де сатпағандар, енді сатайын деп жүргендер ойлансын деп осы әңгімені көпшіліктің назарына ұсындым. Шынында да рухсыз, намыссыз адам, адам ба? Айтшы сен, бауырым?
Ертай Айғалиұлы