Сауд Арабия ғалымдары жастарды неге шақырып жүр?
Өткендегі шағын мақаламда сәләфилерді “байсалды” және “радикалды” етіп бөлудің қате екенін, жуас қасқырдың болмайтындығын айтқан болатынмын. Өздерін дінтанушы санап жүрген кейбір “замаскированный” сәләфиттерді қоспағанда, еліміздегі белгілі дін мамандарының да пікірі осы. Бүгін сіздерге сол сөзіме дәлел бола алатын бір ғана мысал келтіремін. Ал мұндай үкімдер өздерін байсалды санайтын сәләфиттердің барлық негізгі кітаптарында өріп жүр. Жарайды. Сөзді ұзатпай мысалға көшейін.
“Кісі отбасын намазға шақырса, бірақ олар оның сөзін тыңдамаған жағдайда, олармен бірге тұрып, араласып жүре береді ме, жоқ әлде үйді тастап кетеді ме? – деген сауалға бүгінгі өздерін “байсалды” сәләфитпіз деп жүргендердің басты идеологтарының біріне жататын, Сауд Арабиясы ғұламалар кеңесінің ғалымы Мұхаммад ибн Салих ибн Усаймин былай деп жауап береді: “Егер отбасы мүлдем намаз оқымаса, онда олар сөзсіз кәпірлер. Діннен безгендер. Ислам дінінен шыққан болып саналады. Мұндай жағдайда олармен бірге тұруға болмайды. Бірақ оларды дінге шақыру керек. Қайта-қайта, қоймай шақыру керек. Өйткені намазды тәрк қылған адам (Алла сақтасын) Құран, сүннет һәм сахабалардың сөзі негізінде кәпірге жатады”, – деп жауап береді. Сондай-ақ, ол өзінің осы берген фәтуасын Құранның кейбір аяттары мен Алла елшісінің (с.а.у.) қайсыбір хадистерін және кейбір сахабалардың сөзін тура мағынасында тәпсірлей отырып негіздеуге тырысады. Ал “намаз оқымаған кісі кәпір болмайды” деген басым көпшілік ғұламалардың берген фәтуасын түрлі жорамалдармен жоққа шығарғысы келеді. Ибн Усаймин аталмыш жауабының аяқ жағында: “Ал енді намаз оқымайтын адам кәпір болғандықтан, оның үкімі діннен безгеннің үкіміне қосылады. Ешбір аят-хадистерде намаз оқымайтын адамның мұсылман екендігі немесе жұмаққа кіретіндігі, яки тозақ отынан құтылатындығы айтылмаған” – дей келе кәпір адамға қатысты: “Олармен үйленуге болмайды, олардың сойған малының етін жеуге болмайды, олар Меккеге және харам аумағына кіре алмайды, егер жақын туысқандарының бірі бақилық болатын болса, олардың дүние-мүлкіне мұрагер бола алмайды, тіпті намаз оқымайтын адам өлетін болса, оны жуып, кебіндемеуге және оған жаназа намазын оқуға, сондай-ақ, мұсылмандардың қабіріне жерлеуге болмайды. Ондай намаз оқымайтын адамды шөл далаға апарып шұңқыр қазып үстіндегі киімімен көме саламыз”, – деп айды аспаннан бірақ шығарады. Ибн Усаймин аталмыш фәтуасын: “Уа, бауырларым! Мәселе өте қатерлі. Өкінішке орай кейбір кісілер бұл мәселеге жеңіл қарайды да намаз оқымайтындармен бір үйде тұрады. Бұлай жасауға болмайды”, – деп жастарды қатаң ескертумен нүктелейді(Мұхаммад ибн Салих ибн Усаймин, Хукму Тәрикус-Салати, 3-7 беттер, “әл-Мәктәбут-таъауний лид-даъуати уал-иршад, Рияд).
Жоғарыда да атап өткенімдей бұл жауап бүгінгі өздерін “байсалды сәләфилерміз”, – деп жүргендердің басты идеологтарының бірі және Сауд арабия корольдігіндегі ғұламалар кеңесінің ғалымы Мұхаммад ибн Солих ибн Усайминнің “Хукму тәрикус-солаһ” атты кітабшасындағы өз жауабы, өз сөзі. Намаз оқымайтындарды кәпірге шығаратын фәтуаны Сауд арабиясының мүфтиі болған Абдул-Азиз Ибн Бәздан да, ғұламалар кеңесінің ғалымы Солих ибн Фаузан секілді “байсалды” сәләфилердің басқа да ғұламаларынан кездестіреміз.
Ал енді жастарымызды осындай ең радикалды бағытқа тәрбиелеп жатқан сәләфилік ағымы қалай ғана елімізде “байсалды” (қауіпсіз) саналып, кітаптары, аудио, видео уағыздарды ғаламторды өріп жүр?! Уағызшылары кез-келген жерде улы уағыздарын емін-еркін айтып жүр? Неге оларға тиым салынбайды?
Халқымыздың басым көпшілігін кәпірге шығарып, балаларын ата-анасы мен туысқандарынан, қоғамнан бездіретін байсалды сәләфилердің осы секілді көптеген фәтуалары еліміздің конституциясына да, ондағы “біреудің наным-сеніміне қарай кемсітуге болмайды” – деген бабына да қайшы!
Жарайды, оларды “радикалды” және “байсалдыға” бөліп, бірін-біріне айдап салып, біріншісін екіншісіне өткіздік делік. Нәтижесінде қазір қару алып жүргендерін болашақта қару алатындардың қатарына қосқан боламыз. “Полуфабрикат” жиһадистердің санын өсірген боламыз. Ата-анасын кәпір санайтындарды қолмен көбейткен боламыз. Әдет-ғұрпыңды бидғатқа санап, бүкіл ұлттық құндылықтарыңды мәнсұқтайтындардың елімізді жайлап алуына жағдай жасаған боламыз. Ел бірлігіне сына қағып, іріткі салатындарға “жасасын!” дейміз. Басқа ештеңе емес!
Дәл осылай кете берсе, ертең сәләфилер елімізде массаға айналары сөзсіз. Ал массаға айналған соң оларды заңмен де, басқамен де тыя алмайсың. Өздерін “байсалды” санайтын сәләфилердің оңтайлы сәт туғанда партия құрып, билікке ұмтылғандарын да, 30 пайыздан аса дауыс жинайтындай үлкен күшке айналғанын да кешегі Мысыр жағдайында бәріміз куә болдық.
Сәләфизм бұл дінді түсіну формуласы. Буквализм формуласы. Ақыл-есті шектеу формуласы. Аят-хадистің астарына үңілу арқылы, діннің рухына, Құдайлық мақсатқа сай, адамзаттың пайдасына, заман мен қоғамның жағдайына қарай түсіну емес, тікелей тура мағынасында түсіну формуласы. Бұл формула бойынша дінді түсінген адамға басқаша ойлау тозаққа жетелейтін, діннен шығаратын әрекет болып көрінеді. Оның үстіне сәләфилікті уағыздайтындар шәкірттеріне: “Имамдарды тыңдамаңдар. Оларды тыңдаудың өзі күнә” деген екпелерін де мықтап егіп тастайды. Мешітте сәләфилерге уағыз айтқанымызда құлақтарына құлаққап киіп отырғандарына талай куә болғанбыз.
Ал енді осындай күйдегі адамдарды ағартушылық арқылы кері қайтару мүмкін бе? Әрине сәләфизм дертіне әлі терең бойламаған және еркін ойлай алатын бірен-саран азаматтарымыздың қайтуы мүмкін. Бірақ олар көп емес. 2011 жылдан бері елімізде қарқынды түрде сәләфиліктен қайтару жұмыстары, ағартушылық шаралары үздіксіз жүргізіліп келе жатыр. Ал нәтижесі қандай? Сәләфилердің саны одан бері көбеймесе, азайған жоқ. Олардың санын 15000 деп, кеше Дін істері агенттігінің басшысы да айтып өтті. Менімше бұл сан көзге көрінген келте балақты ер кісілері ғана. Ал қыздар мен әйелдер жағы ше? Өсіп келе жатқан балалары ше? Ал санасы уланса да өздерін жасырын ұстайтындары ше?
Сөздің тоқ етері сәләфизммен күрес екі бағытта жүргізілу тиіс. Біріншісі ағартушылық, екіншісі заңмен тыйым. Ағартушлық арқылы қалған жастарды аман алып қалып, олардың бойына сәләфизм вирусына қарсы иммунитет қалыптастырған боламыз. Ал тыйым сәләфизм вирусын басқаларға жұқтырмас үшін қажет. Сәләфилер өздерін қоғамда еркін сезінбеуі үшін, аяқтарының ұшымен жүруі үшін керек. Бірақ тыйымнан басқа мұсылмандар, асыл дініміз көрші елдегідей зардап шекпеуі ләзім!
Қайрат Жолдыбайұлы
Дереккөз: Islam.kz