«Саудакент» халық театры облыстан олжамен оралды

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен заңғар жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтың 125 жылдық мерейтойына орай жазушының шығармашылығын кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мен халық театрларының шеберлігін шыңдауға бағытталған «Театр — өмір айнасы» атты облыстық халық театрлары фестивалі өтті.

Халық театрларының бір-бірімен тәжірибе алмасуы арқылы өнерлерін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған шараға 12 ұжым қатысып, бақ сынасты.

Халық театрларының өнеріне қазылық еткен ҚР еңбек сіңірген артисі, қазылар алқасының төрағасы А.Сейілханов, ҚР Мәдениет саласының үздігі Н.Абдуллаев, Жамбыл облысы халық театрлар одағының төрайымы Э.Асылбекова, ҚР Мәдениет саласының үздігі Б.Ізбасаров және А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының меңгерушісі Б.Көпжасаров өнерпаздардың өнерін жоғары бағалап, нәтижесінде Сарысу ауданынан аттанған «Саудакент» халық театры М.Әуезовтың «Телғара» драмасын бойынша «Үздік эпизод» номинациясымен марапатталды.


Ал, «Үздік ер адам бейнесі» номинациясы Көлбай образын сомдаған Сарысу халық театрының актері Әмірғали Бақытовқа бұйырды.

Облыстық сайыста топ жарып, жүлдемен оралған өнер иелерін айтулы марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз.

Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі