Сауданың арты,  дауға айналып кетпесе жарады

Қазақстандағы ірі нысандар саудаға түсуде. Көпшілігі сатылып кеткенге де ұқсайды. Мәжілістегі Үкімет сағатында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бұл жұмыстың қалай атқарылып жатқанына есеп берді.   «2017 жылы жекешелендірудің кешенді жоспары 168 ұйыммен толықтырылды. Президенттің тапсырмалары мен Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның ұсынымдары бойынша жекешелендіру жоспарынан 46 ұйым алынып тасталды. Қазіргі уақытта жекешелендірудің кешенді жоспары 902 объектіні қамтиды. 2017 жылғы өсімі 122 компанияны немесе 15,6%-ды құрады. Кешенді жоспар іске асырылған 2 жыл ішінде 476 объект сатуға қойылды. Олардың ішінде 367 объект 164,7 млрд теңгеге сатылды. Бұдан басқа 255 объект қайта ұйымдастыру және таратылу сатысында. Тұтастай алғанда қайта ұйымдастырылған және таратылған объектілер ескерумен жекешелендірудің кешенді жоспарын орындау 70%-дан астам болып отыр», — дедi министр.

Министрдің баяндамасын мұқият тыңдап алған Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары, депутат Владимир Божко жергілікті жерде коммуналдық кәсіпорындарды жекешелендірудің басты проблемасын жіліктеп берді.

«Ауыл мен аудандарда жылу, сумен қамту, жол-эксплуатациялық қызметтер, медициналық және спорт нысандарын жекешелендіру мәселесі үлкен алаңдаушылық туғызады. Мәселен, жол-эксплуатациялық учаскелер мен тұрғын үй коммуналдық қызметтерді алсақ, аталған нысандар кезінде жекешелендіруге шығарылған еді. Алайда оның бәрі қирады, құрыды. Содан әкімдіктер қайта өз иелегіне қайтаруға мәжбүр болды. Соның барлығын қайта сатып алуға тура келді», — деді В.Божко. Оның айтуынша, осы жолы жергілікті жердегі коммуналдық кәсіпорындар қайтадан жекешелендіруге шығарылып отыр. Қазіргі кезде аталған кәсіпорындардың басым бөлігін жеке меншікке сатып алды, болмаса, оңтайландырып тастады. «Ашығын айту керек, коммуналдық кәсіпорындардың шығыны көп. Сол себепті ондай нысандардың жаңа иелері бірден төлемақыны көтеруге кіріседі. Алайда xалықтың төлем қабілеттілігін ескермейді. Жөндеу жұмыстарын да жүргізбейді, теxниканы да жаңартпайды. Ақыр аяғына xалық зардап шегеді. Мәселен, жылдың басында Ақмола облысы Зеренді аудандағы Қонысбай ауылының 900-дей тұрғыны екі апта бойы сусыз отырды. Себебі су қондырғысын кәсіпкер жекешелендіріп алды. Ал апаттық жағдай кезінде тиісті жұмыстарды атқармаған. Сол сияқты Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Қарғалы ауылында мыңдаған адам сусыз қалды. Сол кезде «Қарғалы Су» мекемесінің иесі өз міндетін дұрыс атқара алмады», — деді ол. Депутаттың сөзіне қарағанда, бүгінде облыс пен аудан әкімдіктерінің көбісі жылу, сумен қамту, жол-эксплуатациялық қызметтерін, медициналық және спорт нысандарын жекешелендіруге асықпау қажет деп санайды.

Ал  мәжіліс депутаты, Нұртай Сабильянов жекешелендіруге шығарылған ірі нысандарды сату кезінде туындап отырған  бірқатар мәселелерді атады. Оның айтуынша, қазіргі таңда жекешелендіруге шығарылған ірі нысандарды өткізу қарқыны төмен болып отыр. ТОП-65 тізіміндегі 65 ұйымның тек 14-і ғана сатылған. Депутат осы орайда бір миллионнан аса салымшының ақшасы сақталған «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» жекешелендіру мәселесін тағы да пысықтауды ұсынды.

«Самұрық-Қазына» ұлттық қорының 7 ірі компаниясын 2020 жылдың соңына дейін ІРО-ға шығару жоспарланып отыр және олардың сатылуына алдын ала мұқият дайындалу керек. Сондықтан «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мен «Қазагроқаржы» АҚ-ны жекешелендіруде қаржы министрлігі, «Самұрық-Қазына» және «Бәйтерек» ұлттық холдингтерімен бірлесіп, бұл мәселені тағы да пысықтау қажет. Өйткені «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» шамамен 520 миллиард теңгедей бір миллионнан асатын салымшының қаражаты бар. Банктің активі де қазіргі таңда 768 миллиард болып отыр. Сондықтан да жекешелендіргенде кредит беру шарттары өзгермей ме деген орынды сұрақ туындайды. Салымшылар үшін мемлекеттік сыйақы төлеудің тағдыры не болады?», — мәжілісімен.

Оның айтуынша, қазіргі жағдайда біздегі көптеген жекеменшік банктің жұмыс істеу тәсілі тиімді емес. Мемлекеттік банкте жақсы жұмыс істеп жатыр деп айтуға болмайды.

Депутат «Қазагроқаржы» АҚ-ны жекешелендіру кезінде де абай болуға шақырды.

«Қазагроқаржы» АҚ несие портфелі 237 миллиард теңгені құрап отыр. Оның ішінде 72 млрд теңге Ұлттық қордан берілген қаражат. Осыған байланысты мынаны нақтылау қажет: бұл ақшаның тағдыры қалай болады және ол қаржы  қайтарыла ма? «Қазагроқаржы» АҚ-ның қазіргі кездегі қарызданушыларының тағдыры қалай болмақ? Өйткені қазіргі уақытта олардың саны 6,5 мың болып отыр. Осыған байанысты мемлекеттік органдар ұлттық басқарушы холдингтермен бірлесіп, банк салымшылары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерін қорғау жөнінде шаралар қабылдау қажет», — деді Сәбильянов.

 

Нағашыбай Қабылбек