СӘУІРДІҢ ТАҢЫ

Әдіра қалған бұл заман,
Неден хабар беріп жүр?..
Көшкен бұлтқа әбжылан,
Көктен төніп еріп жүр.
Зайыр қайда, заң қайда,
Қайыр түбі қайғы ма,
Әр бұтаның басында,
Кесіртке кеуде керіп жүр.
Жардан құлап нар тайлақ,
Жазықсыз жаза тартып жүр.
Қазанаттың баласы-ай,
Өз қанын өзі қарпып жүр.
Ошағы бар да Алаштың,
Ордасы күлге көмілген,
Бесіктен шыққан жетімге,
Бес ғасыр жүгін артып жүр.
Қаңбақты көрде- мені көр,
Дәуірден тұрақ таппадым.
Атамнан қалған жұртымда,
Аяқты созып жатпадым.
Әулие-Пірім,бір Алла,
Сонда да мені сақтадың.
Есігі қайсы ертеңнің,
Кешегі күннен кім қалды.
Сәуірдің таңы күледі,
Сән түзеп талдар бүр жарды.
Жүмілә жұрттың арманы-
Жұлдыздар ағып келеді,
Іңірге бойлап із салып,
Таңды күтіп тұрғам-ды.

Сабыр Адай
20.04.20.