Сәуле Мешітбайқызы Оралдағы мәдениет орталығында болды
Ақ Жайыққа жұмыс сапарымен келген «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның, «Ел Ана» қоғамдық-танымдық, ақпараттық сайты мен «Мөлдір бұлақ» журналының бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы Оралдағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының қызметкерлерімен жүздесті.
Сәуле Мешітбайқызын мәдениет және өнер орталығының директоры, ақын Бауыржан Халиолла ыстық ықыласпен қарсылады. Алдымен мейманды орталық мұражайымен таныстырып, мәдениет ошағының бүгінгі тынысынан хабардар етті. Бұдан әрі алыстан ат арытып келген мейман «Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне» арналған мерекелік шараны тамашалап, орталық қызметкерлерімен кездесті.
Мерекелік кеште құттықтау сөз алған Қадыр орталығының басшысы Бауыржан Ергенұлы кәсіби мейрамда орталарынан табылған танымал журналист, «Ел анасы» атанған Сәуле апайды әріптестеріне таныстырды. Өзінің құттықтау сөзінде Бауыржан Халиолла орталықтың бір топ қызметкеріне мерекелік марапаттар табыстады.
Іс-шара барысында Сәуле Мешітбайқызы Батыс Қазақстан өңірінің мәдениетін дамытуға айтарлықтай үлес қосып жүрген Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының мамандарын төл мерекелерімен құттықтады. – Мен журналистикаға келмей тұрып, ұстаздық қызмет атқардым. Бүгінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бастаған өнер саласында жүрген бірқатар азаматтар – менің шәкірттерім. Осы сапарымда Бауыржан Халиолла секілді өнерде жүрген тағы бір азаматпен таныстым. Өте қуаныштымын. Өнер саласы мен үшін жат емес, маған өте жақын. Бүгін Черчилльдің «Өнер болмаса, ел болғаныңнан не пайда?!» деген сөзі ойыма түсіп отыр. Өнерге, мәдениетке қызмет етіп жүрген сіздердің де еңбектеріңіз жана берсін, – деген аналық ақ тілегін жеткізді.
Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасып, Қадыр орталығының өнерпаздары мерекені әсем ән-билерімен көркемдеді.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы