Сәуле Мешітбайқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері: Қазақстанда бір ғана ұлт бар, Ол — Қазақ, қалғандары — этностар немесе “Қарағанды оқиғасы” қалың елдің ұйқысын неге бұзды?
Бірлігі мен ынтымағы жарасқан елміз
Кешегі тоталитарлық жүйенің қысымын көрген, небір жендеттер құрмет көргенде — төрден, шавинизмнің лаңына амалсыз көнген — біз секілді ата буын, тәуелсіздіктің қадірін, азаттықтың әр күнін қастерлеп өтері һақ! Алайда “Балақтағы бит басқа шығып”, “Құладан туған құлын қасқа шығып”, еліміздің әр өңірінде түрлі келеңсіздіктер, қақтығыстар орын алып жатқанын естігенде жүрек сыздап кетеді. Ер мен ер шекісіп, кейін ашу тарқағанда бекісіп, құшақтары айқасып табысып жататыны ежелден бар. “Бас жарылса бөрік ішінде” қалатын біз білетін шежіреде… Заман өзгерді деп жатамыз, әйтсе де заман емес өзгерген адам секілді… Жасалған жақсылықтар ұмытылып, ізгі құндылықтар жоғалып жатқаны байқалады… Бір кездері аштықта қырылып, репрессияда атылып, соғыста шашылып қалған қазақ халқы, Сталиндік режимнен азап көрген ұлттарды бауырына басып, есіктері ашық- шашық жатқанын, айдалып келіп, қазақтан пана тапқан көне көз қариялар толғап айтып отыратын еді-ау… Күні кеше ғана дүниеден өткен неміс Герольд Бельгер: “Өзгені білмеймін, Қазақстанға жер аударылған немістің қазақтан жақсылық көрмегені жоқ” деп ағынан жарылғанын, өзгелер ұмытса да біз ұмыта қойған жоқпыз. “Қазағым болса мен бармын” деп қазақтың тілі мен дәстүрін ардақтап жүрген әзербайжан қызы Асылы Османды кім білмейді? Тарқата берсек, бұл тізім қозыкөш жерге барады. “Аштықта жеген құйқаның дәмі” таңдайларынан кетпей, көрген қиыншылықтарын бөлісіп отыратын қариялар азайып бара ма әлде? Бәлкім “өзі болған қыз төркінін танымайдының” кебі ме бүгінгі жастардың “еркелігі”. Әйтеуір соңғы жылдары ұлт-ұлт болып төбелесу, топ-топ болып ерегесу тым белең алып барады… Бұл алаңдайтын-ақ мәселе! Иә, жанжалдың көбі шайтан суға тойып алып, “Сырдың суы сирағынан келмейтіндердің” кесірінен туындайтынын жоққа шығарғым келмейді. Әйтсе де, Қарағанды қаласындағы “Ежелгі Рим” мейрамханасындағы қазақтың жас жігітінің өлімі — мені түрлі ойға итермеледі. Халықтың ашынуына не себеп болғанын да ішім сезеді? Ең жаныма батқаны, әлеуметтік желілерде кейбір арандатушы топтардың Қарағандыда көшеге шыққан халық, «Назарбаевтың суреттерін өртеп жатыр!» — деп хабар таратқаны. Тіпті Жаңаөзендегі оқиға қайталанғалы жатыр деп отқа май тамызғандар да төбе көрсетті. Бұл қазақтың азаттығын көре алмайтындардың мысық тілеуі… Басқа ештеңе де емес. Қайран халқым, осындай дұшпандарының арбауына түсіп қалмаса екен деп тілеймін жаратқаннан. Тіпті біреулер ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулинді армяндардың “крышасы” деп соқты… “Тисе терекке, тимесе бұтаққа” деп ел басында отырған азаматтарды қаралай беру елдігімізге сын емес пе, ағайын!
Иә, халық көшеге шығып, әділдіктің орнауын талап етіп жатса — саяси тұрғыда толысқаны, ақ пен қараны ажырата бастағаны деп түсінген абзал… Мұндай жағдайда биліктің халықпен санасқаны дұрыс.
Қарағандыда болған жағдай келешекте Алматыда, Ақтөбеде, Маңғыстауда да болмасына кім кепіл!? Өйткені мұндай жағдай әр өңірде кездесті бұған дейін. Елге басу айту, қызуқанды жастарды сабырға шақыру — ел құрметтейтін ақсақалдардың парызы саналмайтын ба еді? Әлде біздің елде жастарға сөзі өтетін қария қалмағаны ма? Бәрі бірдей қара бастың қамын күйттеп кеткені ме? Жарайды онда, Қарағанды облысынан шыққан қаншама еңбек ерлері мен атағынан ат үркетін жақсы жайсаңдар бар, неге солар осындай екіталай кезеңде елдің ортасынан табылмайды?!
Түйінді дер кезінде шешкен
облыс әкімі Е.Қошанов мырзаға рақмет
Рас, облыс әкімінің ғимараты алдына жиналған халыққа жанашырлық танытқан бірнеше ел ағасын көзіміз шалды. Қарағанды облысы әкімі Ерлан Қошанов мырзаға мың алғыс.
Ол көпшіліктің алдында Елбасының өкілі ретінде нақты уәдесін берді. Оның жиналған жүз қаралы адамға айтқан көшелі сөзі жан жүрегімді жылытты.
«Жендетте ұлт болмайды. Кінәлілер жазаланады. Елбасының осы өңірдегі өкілі ретінде уәде беремін. Мен де ет пен сүйектен жаралған жанмын. Менде де жүрек бар, намыс бар, сезім бар. Сендердегі ашу-ызаны дәл қазір мен де сезіп отырмын. Бірақ біз барлығымыз да Заң талабына бағынуымыз керек, бауырлар», — деді ғой ол. Бұдан асырып не айта алады? Халықтың күткені де осы сөз емес пе? Қазақтың алдына қазақ болып тебіреніп, қазақ болып жаны ауыратын адам шығуы керек. Е.Қошанов ол сөздерді тауып айта алды. Содан да болар ел ашуға булықпай тарқасты.
Айтпақшы әлеуметтік желі бетінде ҚР сенаты депутаты Мұрат Бақтиярұлының жазбасы да жарық көрді. Оны да толқымай оқу мүмкін емес. “Қарағандыдағы “қанды” оқиға ешкімді бейжай қалдырмағаны анық. Өрімдей жас азамат қанішерлердің қолынан ажал құшты. Барлық туған-туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтамын. Қанішерлер тиісті жазаларын алу керек Жалпы Қазақстан көп ұлтты мемлекет деген қағидатты өзгертуіміз керек. Ықылым заманнан бері Қазақстанда мекендейтін, қазақ мемлекетін құрайтын, ұланғайыр даланың иесі де, киесі де бір-ақ ұлт бар, ол қазақ ұлты. Қалғандары этникалық диаспоралар. ОЛАРДЫҢ барлығының дерлік өз отандары бар. Қазақтың Қазақстаннан басқа ОТАНЫ жоқ. Сондықтан да қазақ ұлтының мүддесі тек осы елде ғана қорғалады. Әлемде этникалық аз топтарға барлық жағдайлар жасалған мемлекет Қазақстанда ғана. Тек Қазақстанда ғана, үлкен өкінішке орай мемлекеттік тілді білмей-ақ мемлекеттік қызмет атқаруға, бизнес жасауға болады. Соны бағалап, қадірлей білмеген өзге этностардың кейбір өкілдеріне тарихи отандарыңа жолдарың ашық дегім келеді. Кеше Армения парламентінің депутаты Э. Марукян Армениядағы Қазақстанның елшісін шақыртып, Қазақстандағы “армяндарға көрсетіліп жатқан қысымдарға “байланысты түсіндірме беруін талап етіпті. Бұл Қазақстанның ішкі істеріне қол сұғушылық. Бұған біздің СІМ тез арада тиісті ресми жауабын беруі тиіс”, — депті азамат.
Бұған менің қосарым: Армения депутаттары осылай талап етіп жатса, біздің де Қытайдағы қазақтардың мәселесіне дәл өстіп араласуға қақымыз бар шығар деген ой келеді
…Армения депутаттарының біздің биліктен жауап беруді талап етіп жатқаны қаншалықты дипломатиялық этикаға сай? Мұны уақытында көре жатармыз…..
Сонымен халықтың у-шуынан кейін Армян диаспорасы “тентек ұлдардың” істеріне ұялып кешірім сұрады.
Қазақстан өзге ұлттарға пана болған
Біздің билік халықтың санасына көп ұлтты елміз деген байламды ойды енгізіп қойды. Асылдың сынығы, белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әуезов: “Қазақстанды көп ұлтты деуге болмайды. Қазақстан өзге ұлттарға пана халық” дегені көкейге қонады.
Тіпті соңғы жылдары 130 ұлт мекендейтін мемлекетпіз дегенді БАҚ қуана жазатын деңгейге жетті. Расымен солай ма?
Қазақстанда тұрады деген 130 ұлттың тізіміне көз салайық ендеше.
Қазақстанда 2009 жылы жүргізілген жалпыұлттық халық санағының дерегі бойынша ресми түрде тіркелген этностардың тізімі. Мынадай 2 адамды ұлт деп тіркегені тіпті ақылға сыйымсыз. (Бір жерден оқығаным бар: әлемдік тәжірибеде, саны мыңға жетпейтін ұлттарды этносқа жатқызбайды дегенді…)
1. Қазақтар — 9 540 806
2. Орыстар — 3 869 661
3. Өзбектер — 463 381
4. Украйындар — 422 680
5. Ұйғырлар — 241 946
6. Татарлар — 226 803
7. Немістер — 220 975
8. Кәрістер — 103 931
9. Әзірбайжандар — 93 972
10. Белорустар — 87 090
11. Түріктер — 89 083
12. Дұнгандар — 49 605
13. Поляктар — 39 869
14. Күрдтер — 39 660
15. Шешендер- 36 555
16. Тәжіктер — 34 296
17. Қырғыздар — 20 931
18. Башқұрттар — 20 323
19. Ингуштер — 17 849
20. Молдавандар — 17 380
21. Армяндар — 15 127
22. Гректер — 11 310
23. Мордвалар — 10 864
24. Чуваштар — 9139
25. Удмурттар- 7540
26. Болгарлар — 6222
27. Литвандар — 6183
28. Грузиндер — 5774
29. Қарақалпақтар — 5593
30. Марийлар — 5584
31. Сығандар — 5207
32. Лезгиндер — 4643
33. Еврейлер — 4068
34. Қытайлар — 3961
35. Парсылар — 3517
36. Түркімендер — 2129
37. Балқарлар — 2107
38. Үндістан және Пәкістан халықтары — 1930
39. Осетиндер — 1871
40. Латыштар — 1421
41. Аварлар — 1417
42. Эстондар- 1375
43. Қарашайлар — 1364
44. Қырым татарлары — 1044
45. Арабтар — 953
46. Дарғындар — 944
47. Ауғандықтар- 821
48. Коми-пермяктар — 761
49. Чехтар — 754
50. Моңғолдар — 752
51. Қалмақтар — 738
52. Құмықтар — 734
53. Твалар — 635
54. Гагауздар- 620
55. Адыгайлар — 604
56. Румындар — 597
57. Лактар 574
58. Буряттар — 537
59. Ағылшындар — 515
60. Венгрлар — 485
61. Алтайлықтар — 476
62. Финндер — 454
63. Ноғайлар — 438
64. Американдықтар — 436
65. Сахалар(якуттер) — 415
66. Италияндықтар — 404
67. Чувандар — 388
68. Карелдер — 365
69. Хакастар — 362
70. Табасарандар — 345
71. Удиндер — 342
72. Асираилдіктер — 338
73. Комилер — 288
74. Абхаздар — 214
75. Шорлар — 210
76. Черкестер — 176
77. Ненецтер — 176
78. Абазиндер — 149
79. Агулдар — 137
80. Кабардиндер — 98
81. Халха-моңғолдар — 96
82. Кубалықтар — 95
83. Рутулъдер — 93
84. Долгандар — 83
85. Коряктар — 76
86. Въетнамдықтар — 67
87. Татар — 66
88. Хорваттар — 63
89. Сербтер — 61
90. Австриялықтар — 60
91. Словактар — 58
92. Испандар — 57
93. Албандықтар — 55
94. Француздар — 51
95. Евразиялық еврейлер — 50
96. Удегейлер — 49
97. Жапондар — 46
98. Голландықтар — 45
99. Вепстер — 43
100. Эванкілер — 38
101. Белуджилер — 37
102. Грузиндіктер — 35
103. Эвендер — 34
104. Таулық еврейлер — 33
105. Хантылар — 31
106. Қырымшақтар — 31
107. Тофалар — 30
108. Қарайымдар — 29
109. Мансылар — 24
110. Цехурлар — 23
111. Чукчалар — 22
112. Нанайлықтар — 22
113. Ижорлар — 17
114. Алеуттер — 14
115. Нивхилер — 10
116. Ителмендер — 10
117. Энецтер — 9
118. Кеттер — 9
119. Юкагилер — 8
120. Орогтар — 8
121. Даттықтар — 7
122. Селъкуптар — 4
123. Уличтер — 4
124. Нагидалықтар — 4
125. Саамдар — 3
126. Үльттар — 2
127. Наганасандар — 2
128. Эскимостар — 2
129. Басқалары -1357
Түйін: Қарағандыдағы оқиғадан менің көңілге түйгенім мынау: қазақтың жері, қазақтың ері — қазаққа қымбат! Оған талай рет көзіміз жетті… Мысалы, жер туралы талас-тартыста тек қазақ қана “өз қотырын өзі қасыды”. Өзге диаспоралар, тіпті ҚР Парламентіне Ассамблея арқылы депутат сайлай алатын құзыретті мекеме де белсенділік танытпады… Керек десеңіз, тәуелсіздік алғалы биліктің қорғауында келе жатқан орыс тілді БАҚ та қазақ тіліне жанашырлық танытып, мемлекеттік тілдің мүшкіл халіне бас “ауыртып” көрмепті. Бетімізге басып айтпаса да, “Ит үреді, керуен көшеді” деп тіршілік кешіп жатыр. Бұл — намысты қамшылайтын іс — әрекет…Басыну, басқа шығу… Басқа ештеңе де емес. (Билік шыдамның да шегі барын естен шығармауы керек осы тұста).
Тіл проблемасын тек жергілікті жұрт өкілдері ғана көтеруі, шынтуайтында — дәрменсіздік, әлсіздік, ауыр болса да айтайын — сорлылық! Рухы көтеріліп келе жатқан қазақтар енді, өзге ұлт өкілдерінен талап етуді бастауымыз керек… Ұрып-соғып емес, өр мінезімізбен, қайсар болмысымызбен, тәкәппар тектілігімізбен… Бұл дегеніміз отбасында, ошақ қасында, жиын-тойда ата-баба дәстүрімен жүру деген сөз ғой… Бірді айтып, бірге кете бердім-ау, тәуелсіздік алғалы әр өңірде қазақпен өзге ұлттар арасында талай қақтығыстар орын алды. Қан да төгілді. Бәрінде болмаса да, көпшілігінде “Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде” деп өзгенің ығына жығылып келгеніміз рас… Кейде тіпті, “Еркек тоқтыларды” құрбандыққа шалып жіберген кездеріміз де аз емес. Намыс талай тапталды, жігер талай құм болды… Қарағанды өңірінде болған бұл жолғы қанды оқиға шектен шықты… Қорқақты қуа берсең, батыр болатынын көрсетіп берді. Бір қызығы бұл жолы да, Қазақиядағы “сүттей ұйыған” 130 ұлт, “Күл болмасаң, бүл бол” деп жабықтан сығалып отырғандай көрінеді… Себебі әлеуметтік желілер дегі, орыс тілді ақпарат құралдарындағы өлі тыныштық бірнеше күн өткеннен кейін ғана “тіріле” бастағаны соның айғағы. Шынтуайтына келгенде, еліміздің тыныштығына ең алдымен солар мұқтаж негізі… Себебі жақсы күй — жай, баспана, т.б әлеуметтік қажеттіліктерге солар ие… Көп жағдайда олардың қасы-қабағына қарап келдік… Енді еркін ойлы қазақтар өйте қоймасына олардың көзін жеткізетін оқиғалар көрініс бере бастады… Қоламтада жатқан шоқты жел үрлеп, қауға тиіп тұтанбасын деңіз….
“Жаман айытпай жақсы жоқ” елімізге сын сағаты туса, олар бізбен бірге бір сапта тұра ала ма? Дәл бүгінгі өлшеммен қарасақ, әй, қайдам….
Сөз соңында газет ұжымы атынан қапияда көз жұмған Рақымжан бауырымыздың әкесі Бақытжан мырзаға және отбасына қайғырып көңіл айтамыз!
Бет қатталып жатқанда:
Қарағандыда 1 қаңтарға қараған түні бұзақылық әрекет жасады және адам өлтірді деп күдікке ілінген армениялық Нарек Гурурян Омбы облысының территориясынан ұсталды. Бұл туралы ҚР ІІМ сыртқы және ішкі коммуникация департаментінің директоры Алмас Сәдубаев мәлімдеді.
«Нұр Отан» партиясы төрағасының
бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев:
Татулық пен тұрақтылықты сақтауға қатысты нақты қарекет керек
Жалпы осы бір жайт қоғамымызда татулық пен тұрақтылықты сақтауға қатысты әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстардың бар екенін көрсетіп берді. Біз мұндай жағдайда, ең біріншіден, барлық іс-әрекетімізді елдің бірлігін сақтауға бағыттауымыз керек. Өйткені қазіргідей әлемдік геосаяси жағдайдың ушығып тұрған шағында осындай кикілжіңдерді өз мүддесіне пайдаланып кеткісі келетін күштердің бар екені белгілі. Олардың көздейтіні біздің бүгінгі біртұтастығымызға жік түсіріп, іргемізді ыдырату. Сондықтан осындай айтақтарға ермей, ең әуелі ішкі тұрақтылығымызды сақтауға, оны одан әрі нығайтуға аса мән беруіміз керек деп есептеймін.
Осы тұста осалдық танытқандардың ғұмыр бойы тірнектеп жиған-тергенін бір-ақ күнде жоғалтып, бірлігі мен берекесінен айырылып қалғанын да көзіміз көріп жүр. Ал сол бірлік пен берекенің ар жағында елдік, мемлекеттілік, тәуелсіздік дейтін қастерлі ұғымдар тұр. Сондықтан қасықтап жиғанымызды шелектеп төгіп алмау үшін бірлігімізді бекемдеп, тұрақтылығымызды сақтауды бірінші кезекке шығаруымыз керек. Бұл — Қазақстанда тұратын барлық халыққа жүктелер жауапкершілік.