«Сәулешім әкесіне тартқан»
Бүгінгі қоғамдағы қыз-келіншектерге, жасқа да, жасамысқа да үлгі болатын ардақты ана, аяулы әже Сәуле Мешітбайқызының 70 жасқа толып отырғанын бұған дейін айтқан болатынбыз. Сайтымыздың серіктесі «Қазақстан-Zaman» газетіне келіп түскен апайымыздың туыстары, шәкірттері, осы кезге дейін өзімен бір ұжымда әріптес болған бауырларының хаттары, құттықтаулар легі толастар емес. Газеттің айқарма бетіне шыққан тілектердің қорытындысында басқа да жүрекжарды лебіздер мен ыстық естеліктерді топтамаларды «ЕлАна» сайтына жариялаймыз деп уәде еткен де едік. Міне, бүгін алты Алаштың анасына айналған абзал жанның өзі туралы жазған өмірбаянын және тоқсан жастан асқан қос бірдей қарт аналарының естеліктері мен жылы лебіздерін жариялап отырмыз.
Әкемнің сол асыл сөзі өмірлік бағдаршам болды
Сәуле Мешітбайқызы өмірбаянын былай тарқатты: 1946 жылы 20 қыркүйекте Жамбыл облысы, Көктерек ауданы, Бірлік ауылында көп балалы отбасында дүниеге келдім. Әкем ел арасында беделді, қайратты, елге еңбегі сіңген, ел басқарған, сөзі өтімді, елге жаны ашитын азамат еді. Ол кісі дүниеден 63 жасында озды. Әкемнің сол сөзі мәңгі есімде қалыпты:
Сәуле Мешітбайқызының әкесі Қыдырбайұлы Мешітбай
Сәуле Мешітбайқызының анасы Жұмақыз Әбішқызы
— Менің бақытым,байлығым осылар, міне, үлкенім, осы үлкенім мына балалардың барлығын оқытады,— деп, мені көрсетті. — Осылар барлық байлығым, бақытым осылар менің атымды елге шығарады. Ол кезде мен институттың 1-курсын тамамдағанмын. Әкемнің сол сөзі маған бағдаршам сияқты. Шын мәнінде де солай болды. Анам Жұмакүл — Батыр ана. Анамды қазақ әйелдерінің Зере, Әйгерім, Айғаным сияқты әжелерімен салыстырамын. Анам үшін дүниеде жаман адам жоқ. Ынтымақ, береке, толып тұрған мейірім менің анамның бойында. Міне, осы кісілерден жақсы қасиеттер маған дарыған шығар- ау…
Сәуле Мешітбайқызы студенттік кезі ата-анасы, нағашы әжесі, жеңгесі, нағашылары
Алматы қаласы 1965жыл
Аллаға шүкір, анам тірі, 40-тан аса немерелері мен шөберелері, шөпшектерінің ортасында. Балаларының, егеменді еліміздің тілеуін тілеп отырған асыл әже. Студент кезімде Әзімқұл Мыңтаев деген ерекше азаматпен тұрмыс құрдым. Марқұм жаны жайсаң, мінезі жарқын, болмысы бөлек жан еді. 32 жыл бірге тұрып, маңдайымнан шертпеді, шәй дескен емеспіз. Алақанына салып, еркелетіп, менің бір күн жұмыстан қалмауыма, еңбегімнің жануына қосқан үлесі зор болды. 55-ке жетпей дүниеден озды. Артында ұрпақтары бар. Тәубе, 3 ұл, 1 қызым, 9 немерем, 1 шөберем бар. 4 балам 4 үй болды. Дарханым, Гүлнарым, Ернарым, Ерланым — барлығы білім алды.
Сәуле Мешітбайқызының жұбайы Әзімқұл мен балалары және тұңғыш немерелері
Сәуле Мешітбайқызының ұлы Ернар немере қызы Нұргүл, туган нағашы інісі Болат Жұмадилов,
үлкен ұлы Дархан, келіні Жайдары
Әкем айтқандай, барлық байлығым осы балаларым. Дарханым құқық саласында, Гүлнарым ғылым кандидаты, кәсіпкер, Ернарым өнерімен Қазақ елін әлемге танытып жүр. Осы балама Елбасы Астана қаласынан пәтердің кілтін табыс етті. Жақсы қыздардың құлағына алтын сырға — Ернарым әлі бойдақ. Ерланым — кәсіпкер. Жолдасым қайтқаннан бері Ернарымның қолындамын. 96-ға келген Әзекеңнің анасы бар, немересінің қолында.
Сәуле Мешітбайқызының немере келінінің узатылу тойында
Сәуле Мешітбайқызының абысындары, бауырлары және құдағиы Кәмшат апай
Сәуле Мешітбайқызы тұңғыш шөбересі Айғаныммен
Сәуле Мешітбайқызы абысынымен шөбересі Айғаныммен серуенде
Сәуле Мешітбайқызы немерелері Нұргүл мен Қожанұриддин апасына таласуда..
Сәуле Мешітбайқызы сүйікті немересі Таңатпен «мәселе шешіп отыр»
Сәуле Мешітбайқызы немерелері Таңат пен Елмұра
Сәуле Мешітбайқызы кенже баласы Ерлан мен келіні Ақлима, немерелері: Томирис, Елнұр, Елназ, Аниатулла. Аниатулланың тұсау кесерінде
Сәуле Мешітбайқызы немерелерімен осыдан артық бақыт барма шіркін…?!
Сәуле Мешітбайқызы сүйікті немересі Томириспен
Немерелері Елнұр мен Томирис оқу озаттары
Немеремнің алды Наурызбек үйленіп, келін екеуі Шанхай қаласынан оқу бітіріп келіп, қызметке араласты Айғаным атты 4жасар шөберем бар 2 келінім де ұстаз.Немерелерім — Нұргүлім жоғарғы оқу орнының 3 курс студенті, Қожа-Нүриддин, Таңат, Томирис,Елнұр, Елназ, мектеп жасында, Аниатулла балабақшада.
Балаларым, немерелерім ана тіліне өте жетік, бұл менің бірінші, үлкен талабым болған. Басқа тілдерді де жетік меңгерген. Бұның бәрі де Тәуелсіздігіміздің арқасы! Менің қызмет етіп жүргенім халқымның, әкемнің, қос анамның арқасы, «анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген осы шығар…
1963 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне оқуға түсіп, 1969 жылы бітірдім. 1969-75 ж.ж. Жамбыл облысы, Шу, Меркі аудандарында мұғалім болып жұмыс атқардым. 1975 жылдан бастап 1997 жылға дейін А.Жұбанов атындағы арнаулы музыкалық қазақ мектеп-интернатында алғаш 5 жыл жай ұстаз, содан соң директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болдым. 1997-2002 ж.ж. денсаулығыма байланысты үйде отырдым. 2002-2009 ж.ж. ортасына дейін «Қазақтелеком» АҚ-да мемлекеттік тілге жауапты бас менеджер болдым. 2009 жылдан бастап Халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газетінде директордың бірінші орынбасары болып қызмет атқарудамын.
Сәуле Мешітбаеваның енесі, 96 жастағы Ділдә әже:
Ағайынға қамқор, абысынмен тату, бауырға мейірімді, елге сыйлы…
Сәуле Мешітбайқызының қос анасы
Ағайынға қамқор, абысынмен тату, бауырға мейірімді, елге сыйлы абройлы. Балаларының ақылшысы, берекесі, ұйытқысы Сәуле келінімді 70 жас мерейтойымен құттықтаймын. Өмір жасың ұзақ болсын! Еңбегің жансын. Аллаға разымын,осындай келін бергеніне сансыз шүкірлік етем,немере, шөбере, шөпшек сүйдірдің. Қолымды жылы суға салып, мені де бағып отырсың, жұмысыңды да абыроймен атқарып отырсың. Ақ батам, ақ тілегім: Бақыттың базарында, Алланың назарында бол. Алла бар тілеген тілегін берсін, бала шағасының бақытын, қызығын көрсін .Алла саған жүздің жасын, мыңның басын берсін. Менің жасымды да, жолымды да берсін!
Сәуле Мешітбайқызының анасы, «Батыр Ана» 13 құрсақтан 28 немере, 45 шөбере,5 шөпшек көрген, үлкен әулеттің «Алтын құрсақ Анасы» 92 жастағы Жұмақыз Әбішқызы әжеміз былай дейді:
Қасымбек қажы атамыздың әулетіне 1941 жылы келін болып түстім. Сәуле балалардың үшіншісі. Тұңғышым Лиза 1943 жылы дүниеге келді. Соғыстан жаралы болып қайтқан атамыздың ағасы Лизаны бесікте жатқан жерінен өздерің баласыңдар сендерге баланың керегі не деп, сұрамастан үйіне алып кетті. 1944 жылы Данық атты ұлымыз дүниеге келді. Данықты да атамыздың ағасы бала менікі, деп (тауда жылқы бағушы еді )тауға алып кетті. Соғыстан кейінгі арпалысқа толы қалпына келтіру жылдары маман жетіспейді, оқуың бар деп жұбайым Мешітбайды колхозға бастық етіп қызметке қойды. Ел «бала бастық» деп атап кетті. Үкімет міндеттеген қатаң талапты іске асыру оңайға түскен жоқ, мінезі де қатаңдау болды.
Сәуле Мешітбайқызы әкесі, анасы, бауырларымен
Араға екі жыл салып 1946 жылы Сәуле дүниеге келді. Немере, шөбере деп бөліп жатпайтын, ынтымағы ажырамаған заман еді ғой. Аулымыздың үлкені, елдің биіндей болған аса силы құрметті екі-үш атадан қосылатын Айдымбай атты ақсақалымызды ( баласы болмады ) Сәуле тілі шыға бастағанда атаның көңілі үшін Айдымбай атаның қызымын деп айтқызушы едік . Атамыз да әдеттегіден жиі келіп, Сәулені алдына алып ,еркелетіп, айтқанын істейтін. Күндердің күнінде Айдымбай атамыз апамызбен арнайы келіп, Сәулені маған беріңдер деді. Алғашқы екі балада жас болдық па, Сәулені бауыр басып қалған болуымыз керек, мен үндемей отырып қалдым. Ол кісінің ешкім бетіне келмеген, сөзі аталы, аруақты батыр тұлғалы жан еді. Үлкен-кішіні аузына қаратып, ауылды ұршықша үйіріп жүрген Мешітбай: «Ата, мен Сәулені адамға да Құдайға да бермеймін», деп орнынан тұрып кетті.» Атамыз да орнынан атып тұрып, кемпіріне кеттік деп бұйырды . Көшенің аяғына бара бергенде ойнап жүрген Сәуле аузы-мұрнынан кетіп, талып құлады. Үйдегілер атаның артынан тұра жүгіріп, «ата кешіріңіз, райыңыздан қайтыңыз, Сәуле ауырып қалды» ,деп шаужайына жармасады. Ол кісінің аузы дуалы еді , «айтыңдар Мешітбайға, Құдай берді баланы, мен алмаймын, Құдайдікі болса қалар,» деп қолды бір сілтеп кетіп қалыпты. Сәуле біраз уақытқа дейін өте аурушаң болды. Алланың қалауымен шүкір деймін, уақыт деген зыр етіп өте шықты Сәулем 70 жасқа келіп қалыпты.
Мінезі әкесіне аумай тартқан. Көңілі келсе астындағы атын беретін дархандығы, сатқындықты, арамзалықты көтере алмайтын, алмастай қиып түсе бетің бар жүзің бар демей айтып салатыны , жұмыстың артынан қуып жүріп қиындығын мойнына ала, нәтижесіне жеткенінше аямай тер төгетіні де аумаған әкесі…
Жолдасым Мешітбай қандай жұмысты қолға алсада жанын беріп , нәтижесін көргенше тыным таппайтын жан еді. Бас-аяғы 3 ай ауырып Пайғамбар жасы 63 жасында өмірден өтті. Өмірінің соңына дейін шаруа қамын ойлап, көңілін сұрай келгендерге нұсқаулар беріп жатты. Сол еңбегінің арқасы болар, Қазақ ССР ның «АЛТЫН КІТАБЫНА» аты жазылды, ауылдағы басты көшеге есімі берілді , орта мектептің бір сыныбы сол кісінің есімімен аталады.
Әлгі репрессия жылдары ауданымызға жан-жақтан көптеген ұлттардың өкілдері ағылып келіп жатты. Есімде Солженицин деген Көктеректегі орта мектепке мұғалім болып орналасты. Біз тұратын Коминтернмен екі арасы 4 км. Мешітбай оны үйге әкеліп жақсылап тамақтандырды. Күнде бір мезгілде сол 4 км.жерден велосипедпен үйге келіп айран ішіп кететін. Омар атты шешеннің баласы ,бір украинка тракторшы қыз үйде тұрды. Неміс, грек ұлтының отбасылары көптеп көшіп келіп, олардың басым көпшілігі біздің ауылға қоныстанды. Елді ұйымдастырып, азық-түлікпен, үй-жаймен қамтамасыз еткенше тыным таппады. Барлығымен достасқаны сонша, Мешітбай қайтыс болғанда елдеріне көшіп кеткендерден телеграмма келіп жатты. Неміс досымен бір шешен сыйлас досы елінен арнайы келіп көңіл айтып кетті.
Менің жолдасым қандай басшы қызметте жүрсе де дүние қуып, балаларына артық қаражат жұмсап, қатарластарынан ерекшеленуіне мүлде жол берген емес. Мын бір оқиға есіме түсіп отыр, себебі Сәуленің ересек болып ары қарай қалыптасуына әкесінің осындай мінездерінің әсері болуы керек …
Сәуле Мешітбайқызы анасы балалары, немерелерімен және шөбересі Назеркемен
Қарап отырсам кезінде Мешітбай қолымда қағазым жоқ,оқимын деп 8 баланы ауылға қара шаңыраққа көшіріп әкеліп әкесіне тапсырып ( ол кісінінің өзінің 7 баласы бар, заготовитель болып жұмыс істейтін ) Ташкент қаласына екі жарым жылдық ауыл-шаруашылық техникумының күндізгі оқу бөліміне тартып отырды . Сәуле де 50 жастан асқанда басқа саланы игеріп, Қазақтелекомнан бірақ шықты ! Ол жерден зейнетке шығып енді демалатын болды деп отырсам, ары қарай журналист болып осы уақытқа дейін демалатын түрі жоқ. Әкесімен осынша ұқсастығын айтамын да.
Қызмет бабымен көршілес Шу ауданына көшіп бардық. Елдегі сөзін тыңдатып,әділдіктің ақ туын көтеріп жүретін мінезі бар, кей кездері ауданның партия комитетінің хатшыларымен сөзге келісіп қалатын кезі болатын. Сондай бір күндері совхозымызға жұмыс бабымен келген ауданның партия комитетінің хатшысы біздің үйге түсті. Дастархан жасалып, мал сойылып дегендей құрмет көрсеттік. Біраз ащы су ұрттап тілдің тиегі ағытылып, қыза келе :
Әй , Мешітбай! Атың дардай, совхозың ауданның туын биіктетіп, табыстарың тасып жатқанын қайтейін , мынауың не , үйіңде не гарнитура жоқ, көзге көрінер бір дүниең жоқ, астыңа мінген Волгаң жоқ, деп біраз кекетіп сөзбен түйреп алды. Сонда жолдасым: (айтайын деп айтпаған шығар, ол кісінің баласы жоқ еді…)
Сәуле, Салима, Света, Құрманғали , Сәбира, Дүйсенғали деп ары қарай балалардың бәрінің аттарын атап, келіңдер кәне деп, қатарынан тізіп қойды да: міне, мынау Сәуле — жоғарғы оқу орнының студенті, дей келе, мынау – болашақ райкомның хатшысы, мынау – болашақ ғалым, ал мынау – менің Волгам, менің жиғаным, берекем, дүнием, бақытым,болашағым осылар , деп айтып салды. Елдің бәрі үнсіз, ана кісі сылқ түсіп жастыққа құлай кетті.
Кісілер кеткен соң Сәулені шақырып алып, ал,балам, жақсылап оқып, мамандығыңды алып, менің жұмысымды ары қарай жалғастыр, артыңдағы балаларға үлгі бол,менің жақсы атымды шығарыңдар. Лиза өте зерек, әттең денсаулығы жоқ, бірақ кісі баласы болып кетсе де менің үлкен үміт күтер асқар тауым, дей келе, үйдегі балаларды саған тапсырамын , осыларды ары қарай жетектейсің деген еді… Шүкір Аллаға, Сәуленің босағасында өз балаларым ғана емес ағайынның балалары, кәзір небір бастық, ғалым , атақты өнер тарландары болып, елді аузына қаратып жүрген азаматтар мен орнын тапқан қыздарымыз білім алып, өмірге жолдама алып аттанып жатты. Алматыдағы үйінде келімді-кетімді студенті бар, оларды ңата-аналары бар, жәй ғана Алматыға қыдырып баратындары бар кісі үзілмейтін. Жылына бір рет барып көрпе-төсегін жаңалап кететінмін..
Əкесі халықтың алғысын көп алған дүниеге қарамаған еді, елдің жоғын өз жоғындай жоқтап жүретіні , көпшілдігі сияқты қасиеттер әкесінен дарыған.
Сәуле Мешітбайқызының марқұм әпкелері Хамилә мен Лиза, сіңлілері Сәлима мен Ажар
Айтса айтқандай болды, тұңғышым (үлкен кісілердің аруағы кешірсін) Лиза әкесін «аға», мені «жеңеше» деген қалпы арақашықтықты ұстап, әкесінің інісі сияқты қарым-қатынаста болды. Уақыт өте келе жолдасым айтқандай «денсаулығым жарамайды» деген бір сөз айтпастан бір орнында 32 жыл қызмет істеп, «КСРО ның еңбегі сіңген медицина қызметкері» атағымен зейнетке шықты. Алланың берген нығметі болар, бойындағы ерекше қасиетінің арқасында « Әлем халық емшісі» құрметті атағына ие болды . Қазақстанның жеті елді мекенінде азаматтарды ұйымдастырып мешіттер тұрғызылды !
Сәуле Мешітбайқызы анасы мен бауырлары, марқұм Лиза әпкесінің жалғыз ұлы Олжастың тойында
Сандаған жандарға рухани демеу көрсетіп , бір өзі алты Алашқа апа болып әкесінің жақсы атын шығарып 66 жасында өмірден өтті.
Атадан балаға жеткен осындай қасиет әр баланың бойына дарыса қане? Сәуленің аттан түспей қызу еңбек ортасында жүруі, мен біраз әңгімелеген жолдасым Мешітбайдан мұра болып қалған қасиет болса керек. Алла қашан да Сәулеме,отбасына,ұрпақтарына денсаулық берсін,бақ берекесін көрсін. АМАНДЫҚ АБРОЙ берсе екен деген тілектемін шырақтарым.