САУЛЫҚТЫҢ 33%-ДАН АСТАМЫ ТӨЛДЕДІ

Малшы қауым үшін мал төлдету науқаны – аса бір жауапты кезең. Ал, ата кәсіпті нәсіп еткен ағайын шығынсыз төл алу үшін уақытын да, күш-қайраттарын да аяп жатқан жоқ. «Мал өсірсең қой өсір, оның өнімі көл-көсір», — демекші өңірде бұл бағытта өсім байқалады

Аймақта биыл мал төлдету науқанына 1 568 043 бас саулық, 210 798 бас сиыр, 74 843 бас бие, 4 119 бас інген түскен. Бүгінгі күні барлық шаруашылықтардағы саулықтың 33%-дан астамы төлдеп, барлығы 525 453 бас қозы отарларға қосылды. Сондай-ақ, 68 301 бас бұзау, 11 308 бас құлын, 660 бас бота алынды.
Бұл көрсеткіштердің қазіргі уақыттағы есеп екенін ескерсек, өсім көрсеткіші әлі де арта түсетіні түсінікті. Өйткені шаруашылықтарда төл алу науқаны әлі де жалғасуда.
Жалпы барлық агроқұрылымдарда мал төлдету науқанына алдын-ала дайындық жасалып, қажетті шаралар белгіленген. Атап айтқанда, шалғайда орналасқан шаруа қожалықтары қосымша жұмыс күшімен, қажетті мал азығымен толық қамтамасыз етілген.

Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы