САУРАНДА ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ ӘДІСІМЕН МАҚТА ЕГІЛУДЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында құрғақшылық пен су тапшылығы мәселесін көтеріп, су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізуді тапсырған болатын. Осы мақсатта облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасы бойынша арнайы делегация ҚХР іссапармен барып, инвесторлармен келіссөздер жүргізген. Келісім негізінде Сауран ауданында жаңадан тамшылатып суару әдісімен мақта егу жұмыстары басталды.
Аудан басшысы Мақсат Асылбекұлы егіндік алқапқа барып, арнайы бақылау жүргізді. Жүйнек ауылдық округіне қарасты 133 гектар жерге ЖК «Датқа» шаруа қожалығы мен Қытай Халық Республикасының «Чжунхорун» компаниясы бірлесіп су үнемдеу технологиясымен мақта егуде.
Серіктес компаниямен келісімшарт түзіліп, арнайы техникалар сатып алынған. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы техникалары, дән сепкіш құрал-жабдықтар мен тамшылатып суару технологиясының кешені жеткізілген. Егіндік аймақта 5 дана тік дренажды ұңғымалар қазылып, электр бағаналары орнатылған. 133 гектарға мақта егілген соң, жер үсті шлангаларын төсеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі