САУРАНДА ЖАҢА ПОЛИЦИЯ БЕКЕТІ АШЫЛДЫ
Сауран ауданының орталығында құқық бұзушылықтардың алдын алу және «Жұртқа жақын полиция» қағидатын қамтамасыз ету мақсатында жаңа полиция бекеті іске қосылды. Жаңа ғимаратпен танысқан аудан әкімі Мақсат Таңғатаров оның қызметтік функционалын тексеріп, жұмыс тиімділігін арттыру бағытында бірнеше маңызды шараларды атап өтті.
Полиция бекеті қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Пункте полиция қызметкерлері бекітілген кестеге сәйкес кезекшілік атқарып, кешкі уақытта сағат 18:00-ден 21:00-ге дейін учаскелік полиция инспекторы жұмыс істейді. Мұнда тұрғындардың өтініштері мен арыздары қабылданып, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау бағытында нақты шаралар атқарылады.
Полиция қызметкерлеріне халықпен тығыз жұмыс істеуі үшін барлық қажетті қондырғылармен жабдықталған. Бұл жаңашылдық құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті нығайту жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта дәл осындай полиция бекеттері ауданның Жібек жолы, Иассы, Қарашық және Жаңа Иқан ауылдық округтерінде де ашылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі