САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылдық округінде «СОФТ ХАУС» цехының ашылу рәсімі өтті. Шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров, Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандық, ауыл ақсақалдары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жеке кәсіпкер Шавкатжан Искаков өз қаражаты есебінен осы кәсіпті бастаған. Бүгінде өндіріс орнын кеңейтіп, ашылып отырған цехтың аумағы 1,0 гектарды құрайды. Жобаның жалпы құны – 500 млн. теңге, заманауи технологиялармен жабдықталған цех жылына 2 мыңға жуық жұмсақ жиһаз өнімдерін шығаруға қауқарлы.
Бүгінде 15 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың жалақысы 150-200 мың теңге көлемінде. «СОФТ ХАУС» жиһазының өнімдері бүгінде сұранысқа ие. Қазіргі таңда Қазақстанның барлық аймақтарымен қатар, көршілес Қырғызстан еліне өткізіледі. Жиһаз жасаушы өндірістің әлеуеті зор. Негізгі арнайы жабдықтарды Қытай, Ресей, Түркия елдерінен алдыртады. Осылайша отандық тауарлар ішкі нарықта сұранысқа ие болып, өзінің өнім көлемін айтарлықтай арттырып отыр.
– Жиһаз өндіру саласы қарқынды дамып, кәсіп жасаймын деген азаматтарға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау тауып келеді. Отандық нарықта бәсекеге қабілеттілік өсуде. Жылдан жылға елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл жиһазға деген қажеттілікті арттырады. Осылайша біздің өнімдер сұранысқа ие болып, өз кәсібіміздің кеңейуіне жол ашылуда, – дейді өндіріс орнының басшысы Шавкатжан Мамиржанұлы.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі