САУРАНДАҒЫ КЕЗЕКТІ ЕЛДІ МЕКЕНГЕ ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ

Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан халқын көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша қарқынды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда Сауран ауданында 10 елді мекенге табиғи газ құбыры жүргізіліп, қамтамасыз ету деңгейі 31,4 пайызды құрап отыр. Ал биыл жыл басынан бері Бершінтөбе, Ибата елді мекендері «көгілдір отынға» қосылды.
2020 жылы жеке әріптестік арқылы құрылысы басталған газ құбыры көп жылдар бойы шешімін таппай келген болатын. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, бүгін 257 халқы бар Ойық елді мекеніндегі 43 абонентке табиғи газ берілді.
Аудан басшысы Мақсат Таңғатаров елді мекенге арнайы барып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Ауыл тұрғындары Мемлекет және облыс басшылығы мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның қызметкерлеріне шынайы ризашылығын білдірді.
Ауданды газбен қамту бойынша Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Шорнақ ауылдық округтеріне магистральды және ішкі құбырлар жүргізу үшін жобалар әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Аталған жобаларды қаржыландыруға республикалық бюджетке өтінім жолданды.
Сонымен қатар 2024 жылы Бабайқорған, Майдантал, Жібек Жолы ауылдық округтеріне магистральды газ құбырын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу жоспарлануда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі