САЗГЕРГЕ ЖЕРЛЕСТЕРІ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
Қазақ халқының алтын діңгегі – ауыл. Шоқтығы биік тау тұлғалардың дені ауылдан түлеп ұшқан. Біртуар азаматтар, есімдері етене таныс көптеген ірі тұлғалалар қарапайым елдімекендерден шығып жатады.
Жамбыл облысындағы Сарысу ауданы өнер қонған, қасиетті мекен.
Осы өңірден шығып, талай жерде өзін мойындатып жүрген туған жердің перзенттері аз емес.
Солардың бірі әрі бірегейі, жерлесіміз, даңқты композитор, жазушы, өнер зерттеушісі, Алаштың ардақты ұлы, Қазақстан мен Қырғыз Республикасының еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов ағамыз туған жеріне, Жамбыл топырағына келді.
Бейсенбі күні Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Тараз қаласында Илья Жақановтың шығармашылығына арналған «Жайлаукөл кештері» атты ән кеші болып өтті.
Шығармашылық кешке жиналған жұртшылықтың қатарында сарысулықтардың да қарасы көп болды.
Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиевтың қолдауымен құрамында ауданның қадірменді қариялары, ел ағалары, зиялы қауым өкілдері және сарысулық өнерпаздар бар арнайы делегация Тараз қаласына барып қайтты.
Қазыналы Қаратаудың қойнауынан нәр алған, туған жерінен түлеп ұшып, Алаштың ардақтысына айналған жерлесін көруге асыққан сарысулықтар Тараз қаласына ертерек жетті. Сазгер ағаның құрметіне аудан атынан жайылған дастарханда бас қосып, түскі астан дәм татты. Берекелі де мерекелі дастархан басында емен – жарқын әңгіме айтылып, ауылдастары сүйікті ұлына, тұғырлы тұлғасына деген сағыныштарын білдіріп жатты.
Илья аға да Сарысудан келген сыныптастарын, замандас інілерін, туған ауылы Ақтоғайдан және «Жайлаукөл кештері әніне арқау болған Жайлаукөл ауылынан келген жерлестерін көріп, сағынышқа толы сезімін тебіреніске толы сөздерімен жеткізді. Үлкен толқу үстінде болған ағамыз аудан басшыларына ризашылық сезімін білдірді.
Тараз қаласындағы «Баласағұн» мәдениет сарайында өткен «Жайлаукөл кештері» атты шығармалық кеште Илья ағаның шалқар шабытынан туған мазмұны терең, табиғатты, сұлулық пен махаббатты, әсемдікті жырлаған, халықтың сүйіп айтатын әндері орындалды.
Сазгердің сырлы әндеріне арналған концерттік бағдарлама К. Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен, филармония әншілері мен Сарысу ауданы мәдениет үйінің өнерпаздарының қатысуымен өтті.
Шығармашылық кештің алдында Илья Жақановтың өміріне, шығармашылығына арналған «Жайлаукөл кештері», «Дүлділ» және жазушы ағаның өзі жазған «Таңғажайып махаббат» атты кітаптардың тұсауы кесілді.
Шара барысында Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов елдің абыз ақсақалына, қазақтың мақтанышына айналған ардақты Ағаға құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.
«Жамбылдықтардың жарқын өнеріне қуанып отырдым» — деп, шығармашылық кешке үлкен баға берген Илья аға, облыс басшысына, барша жамбылдықтарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Кешті тамашалауға жиналған жамбылдық жерлестері орындарынан тік тұрып, ұзақ уақыт қол соғып, қазақтың даласы мен баласын өзінің әсем де әуезді әндерімен әлдилеп келе жатқан Тұлғасына, дарабоз композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақановқа деген құрметін осылай көрсетті.
Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі