Сәждеде қазақша дұға етуге бола ма?
Сәждеде үш рет «сүбхана раббиял аъля» деп айтқаннан кейін, тілеуіңізді Алладан қазақ тілінде сұрағыңыз келсе, мынаны ескергеніңіз жөн:
- Ететін дұғаңыз мазмұны жағынан Құранда айтылған дұғаларға ұқсас болуы керек. Дәлірек айтқанда, тек Алладан ғана сұралуы мүмкін нәрселерді сұрауыңызға рұқсат, мұндай дұғалар Намазды бұзбайды.Мысалы: Уә Раббым, мені кешіре гөр; Жаратушы ием, мені пейішке кіргіз; Қабірімді нұрландыр; Мені ырзықтандыр, сен Раззақсың; Мені шыншылдардан, шүкір етушілерден ете гөр; Қабір азабынан сақта; Шипа бер, сен Шәфисың т.б. .
- Ал егер тілегіңіз, адамдардан да өтініп сұрауға болатын нәрселерді қамтитын болса, мұндай тілектер намазды бұзады. Мысалы: Уа Жасаған, мені пәленшеге үйлендір; Мені киіндір; Менің қарызымды өтеп бер т.б. [1].
Дұғаның адам сөзіне ұқсамауы керек дегенге хадистен дәлел келтірер болсақ, Мұъауия ибн әл-Хәкәм әс-Сәләми атты сахабадан риуаят етілген бір хадисте, Пайғамбарымыз (с.а.у):«…Намазда ешқандай адам сөзі болмауы керек. Шындығында намаз – Алланы пәктеу, Оны ұлықтау және Құран оқудан тұрады», — деп айтты[2].
Имам Мұхаммедтен[3] (р.а.) бір шәкірті:
— Намазда Алладан ырзық, аман-саулық тілесе, бұнысы намазды бұза ма? - деп сұрайды.
Сонда Имам Мұхаммед:
— Жоқ, бұзбайды, — деп жауап береді.
Шәкірті:
— Ал егер, «Уә Жасаған, мені киіндір, мені пәленшеге үйлендір» деп тілесе ше?», — деп тағы сұрайды.
Имам Мұхаммед:
— Бұл бұзады…Егер намазда жасалған дұға Құран аятынан алынған болса, немесе Құрандағы айтылған дұғаларға ұқсас болса, намазды бұзбайды. Намазды бұзатын дұғалар ол – адамның сөзіне ұқсайтын дұғалар», — деп жауап береді[4].
Жоғарыда айтылған үкімдер тек намаз ішіндегі сәтке байланысты. Намаз сыртында қалаған нәрсеңізді Алладан өз тіліңізде тілеуіңізге болады.
[1] Ибн Мәзәһ әл-Бухари: әл-Мухыт – 1/185 бет; Фәтәуә әл-Һиндия – 1/111 бет; Мұндай тілектеріңіз тілде емес тек көңіліңізде болса, ол намазды бұзбайды
[2] Сахих Муслим: «Бәбу тахримул кәләм фис сала», №537 хадис.
[3] Ұлық Имам Әбу Ханифаның шәкірті, шариғат ғылымында «Мүжтәһид» дәрежесіндегі ғұлама. Алла оған разы болсын!
[4] Имам Мұхаммед ибн әл-Хасан әш-Шәйбәнаи:Китабуль Асл – 1/194-195 бет, Әбу Суләймән әл-Жүзжәнидің нұсхасы.
Абдусамат Қасым