«SDU» түлектеріне сұраныс жоғары

Сүлеймен Демирел университеті — еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдарында ашылған алғашқы шетелдік оқу орны. Тіршілігі бір толас таппайтын мегаполистен жырақтау жерде, Алатаудың бөктері, табиғаты жайқалған, ауасы таза Қаскелең қаласына кіреберіс тұста орналасқан заманауи кампус, айрықша дизайнмен салынған ғимарат, шетелдік оқытушылар мен білімге құштар студенттер… Осының барлығы университетті қазақстандық оқу орындарынан бөліп-жарып, ерекшелеп тұр. Бүгінде СДУ-ды барлығы таниды, оқуға түсуге қызығушылық танытады, армандайды.

СДУ-дың да өз даму тарихы бар. Жиырма жылдық тарихы. Жиырма жыл аз да емес, көп те емес. Алайда мәселе уақыттың мөлшерінде емес, осы уақыт ішінде қол жеткізген жетістіктер мен табыстардың салмағында.

Университет халықаралық «KATEV» қоғамдық қорының демеушілігімен 1996 жылдың 17 желтоқсанында ресми түрде ашылған болатын. Тәуелсіздіктің бес жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия президенті Сүлеймен Демирел Алматы қаласында ресми түрде Сүлеймен Демирел атындағы университеттің тұсауын кесті. Елбасының осы тарихи сәтте жазып қалдырған жүрекжарды тілегі СДУ қызметкерлері мен студенттеріне шабыт беріп, алға ұмтылдырады. Онда былай деп жазылған болатын: «Алматыда алғаш ашылған қазақ-түрік университетіне зор болашақ тілеймін. Жастар өркениетті білім алып, еліне және халқына аянбай қызмет етсін. Қазақ-түрік халықтарының достығы мәңгілік болсын!» Қазіргі таңда оқу орнының басты миссиясы да сол — білімгерлерге заманауи әрі бәсекеге қабілетті білім бере отырып, Қазақстанның өркендеуіне салмақты үлес қосу.

СДУ халықаралық үлгідегі бағдарламасы бар жеке оқу орны болып табылады. Университеттің басты мақсаты — қолжетімді бағадағы оқу ақысына сапалы білім беру, бакалавриат, магистратура, докторантура және біліктілікті арттыру бағдарламалары қызметін ұсыну. Университет бағдарламалары қоғамның заманауи қажеттіліктеріне қарай бағытталған және елдегі қарқынды өзгеріп отыратын әлеуметтік, саяси және экономикалық жағдайларға қарай бейімделген. Университетте халықаралық және ұлттық заңнама талаптарына сай келетін сапалы білім алуға, профессорлық-оқытушылық құрамның үнемі біліктілігін арттыруына және университетті басқару тиімділігін арттыруына барлық жағдай жасалған.

_dsc0453

СДУ-дың осы жиырма жыл ішінде қол жеткізген жетістіктерінің ішіндегі ең көзге көрінетіні — еуропалық үлгідегі жаңа кампусқа қоныс аударуы. Университет ғимараты жаңа кампусқа көшкенге дейін Алматы қаласындағы шағын ғимаратта орналасқан болатын. Бір қызығы, алғашқы қабылдау бар болғаны 9 студенттен құралды. Екі жыл өткен соң, 1998 жылы университеттің даму қарқыны әлдеқайда үдей бастады. Студенттер саны 500-ге жетіп, қосымша оқу ғимараты мен лабораториялардың құрылысын бастау қажеттілігі туындады. Университет басшылығы шетелдік білім беру тәжірибесіне, әсіресе Америка мен Түркияның бірқатар университеттерінің тәжірибесін назарға ала отырып, университет ғимаратын қаланың сыртына көшіру туралы шешім қабылдады. 2007 жылы Халықаралық «KATEV» қоғамдық қорының қамқорлығындағы жеке коммерциялық емес мектеп болып табылатын Халықаралық «НұрОрда» мектебінің ашылуы уақытында Қазақстан Республикасының құрметті Президентті Нұрсұлтан Назарбаевқа Сүлеймен Демирел университетінің болашақ кампусының жоспары таныстырылған болатын. Ел Президенті СДУ кампусының қала шетіндегі құрылысын мақұлдаған еді. Университет кампусын салу орны ерекше мақсатпен таңдалды: Қарасай ауданындағы Қаскелең қаласы Қазақстанның ең үлкен мегаполисі саналатын Алматы қаласына жақын орналасқан және инфрақұрылымы жақсы қала болып саналады. Сонымен қоса Қарасай ауданы — Қазақстан Республикасы Президентінің туған жері.

Университет кампусының жобасын дайындау 2008 жылы басталды. Кампус 7000 студентке есептеліп салынған. Оқуға арналған бөлмелердің аумағы 80 000 м2 деп жоспарланған, 1 конференц-зал, кітапхана, 120 аудитория, 16 амфитеатр (лекция залдары), лабораториялар, кафетериялар, дүкендер, шаштараз, ателье, асхана, спорт залы, медициналық қызмет көрсету орталығы, ойын-сауықтық орталықтар жоспарланған. Сонымен қатар 3000 м2-лік административтік блок-ректорат, 2000 орынға есептелген 20 000 м2-лік ұлдар және қыздар жатақханасы, ашық спорт залы, балабақша (университет қызметкерлерінің балаларына арналған) және жалпы аумағы 18 000 м2-ді құрайтын университет қызметкерлеріне арналған қызметтік пәтерлер жоспарланған. Студенттер санының артуын есепке ала отырып, кампус құрылысы 2018 жылы аяқталады деп күтілуде.

Қазіргі уақытта жобаның 1-кезеңі аяқталды. Бұл — 40 000 м2 аумақты алып жатқан оқу блоктары: 60 аудитория, 8 амфитеатр, асханалар, кітапхана, лабораториялар мен кафетериялар. Сонымен қатар спорт залы мен 1000 орындық ұлдар мен қыздар жатақханасының құрылысы да тәмам. Кампусты қаланың шетіне салуды жоспарлау барысында студенттердің білім алуы мен мегаполис сыртындағы өміріне қажетті барлық жағдайларды жасауға ерекше назар аударылды. Жатақхана-ларда фитнес-орталықтар, кинотеатр, ойын салондары, бильярд, үстел теннисіне арналған алаңдар бар. Қазіргі уақытта университетте 3000-нан астам студент білім алып, 300-ге жуық академиялық және администрация қызметкерлері жұмыс жасайды.

img_0593
                                                                                                 Месут Акгүл, СДУ ректоры

Университеттің қала сыртынан орын тебуінің де бірқатар артықшылықтары бар. Әлемдік тәжірибеге көз салсақ, атақты университеттердің көбісі қаладан жырақта орналасады. Бұл студенттердің бар ынтасын оқу оқып, білім алуға бағыттауға оң ықпалын тигізетіні анық. Яғни, студент аптаның бес күнін тек кәсіби білім алуға жұмсайды әрі сабағынан қалмайды. Бар ынта-зейінін білім алу ісіне аудара отырып, студент айқын мақсатқа күш салып, төрт жыл оқу уақытында нағыз білікті маманға айналады. Бір айта кетерлігі, СДУ студенттері оқудан тыс уақыттарын бос өткізбейді. Университетте 20-дан астам студенттік клубтар жұмыс жасайды. Олар әлеуметтік өмірдің сан алуан саласын қамтиды: ән, би, актерлік шеберлік, спорт, тіл өнері, қайырымдылық жасау, режиссура, дебат, ақпараттық технологиялар және өзге де салалар. Студенттік клубтар білім алушылардың кәсіби білімін өздерінің жеке қызығушылықтарымен үйлестіре білуге көмектеседі. Аталмыш клубтардың арқасында жасөспірім өзін терең тани түседі, достар табады, жеке тұлға ретінде дамиды, қабілеттерін жетілдіреді, креатив идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алады.

Дәл осы қоғамдық белсенділік көрсету мүмкіндігінің арқасында студент өз ой-пікірін емін-еркін жеткізуді үйренеді. Әрбір студент өз бойындағы жасырынып жатқан қабілетін ашу арқылы жетістікке бір қадам жақындай түспек. Яғни Сүлеймен Демирел университеті өз қамқорлығындағы студенттерінің тың идеялары мен өзгеше бастамаларына әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Университет қабырғасында жүргенде-ақ белсенділік көрсете отырып, студент өз-өзімен жұмыс жасайды, қабілеттерін шыңдайды, қателік жасаудан қорықпайды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» даналығы тегін айтылмаған. Аршылған бұлақ көлдер мен теңіздерге құяды. Сол сияқты талапты, дарынды, қабілетті жастардың өз ойларымен еркін бөлісуіне, идеяларын жүзеге асыруына жағдай жасап, ұштаса, ол еліміздің дамуына қосылған қомақты үлес болмақ. Оның мақтанышына, игілігіне айналмақ. Бұған СДУ-дағы студенттердің әлеуметтік жарқын өмірі тамаша мысал бола алады. СДУ студенттеріне қойылатын басты талап — сабақ үлгерімі. Кез келген студенттің жоғары үлгерім нәтижесін көрсетуі арқылы білімін шетелде жалғастыруға мүмкіндігі бар. Әрине, бұл мүмкіндікті әлеуметтік-экономикалық статусына қарамастан, кез келген студент пайдалана алады. Сонымен бірге, нәсіліне, ұлтына, мәдени әдет-ғұрпына қарамастан, студенттердің интеллектуалды әлеуеті мен адамгершілігі — СДУ үшін ең басты құндылық!

img_32171

Биыл 1000-нан астам жаңа студент СДУ университетінің табалдырығын аттады. Оның ішінде Қазақстан бойынша 300-ден астам мектептерден, барлық қазақ-түрік лицейлерінен, гимназиялар, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицейлер, Назарбаев зияткерлік мектебінен, колледждер, сонымен қатар Қырғызстан, Моңғолия, Қытай, Түркіменстан мемлекеттерінен келген балалар бар. Бір айта кетерлігі, шетелдік азаматтардың университетте еркін білім алуына жағдай жасалған. Бұл тұрғыда СДУ-дағы үш тілде білім беру жүйесінің берері көп. ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те үш тілде білім беру жүйесінің бірқатар артықшылықтарын алға тарта отырып, бұл мәселені қолдайды. Сүлеймен Демирел атындағы оқу орнындағы ағылшын тілінде білім алып жатқан студенттердің болашақта шетел тәжірибесін оңай игеруге, шетелдік ақпарат құралдарын түпнұсқасында пайдалануға, өзге мемлекеттерде білімін немесе қызметін жалғастыруға, шетелде алған білімі мен кәсіби тәжірибесін Қазақстанның табысты болашағы жолында пайдалануға үлкен мүмкіндіктері бар. Ағылшын тілінен өзге университетте түрік, француз, қытай, испан секілді сұранысы жоғары тілдерді оқыту да өз нәтижесін беріп келеді.

Сүлеймен Демирел университеті болашағы бар мамандық ретінде ақпараттық технологиялар саласына ерекше көңіл бөледі. Соңғы жылдары университеттің инженерлік факультеті IT саласында жемісті жұмыс атқарып келе жатыр. Биылғы 2016-2017 оқу жылына СДУ 505 білім грантын еншілеген болса, оның жартысынан көбі осы IT мамандықтарына тиесілі. Осы көрсеткіш арқылы университет республика бойынша алғашқы орынды иеленіп отыр. Ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарды дайындауда да артықшылықтары мол, сәйкесінше аталмыш мамандық бойынша білім алған СДУ түлектерінің нарықтағы сұранысы жоғары.

Білімді қоғам әлемді әрдайым гүлденуге, дамуға жетелейтіні баршаға мәлім. Осы тұрғыдан алғанда, СДУ түлектерінің өзіне сенімді кәсіби маман ретінде қоғам мен қазіргі өркениеттің дамуына өз үлесін қосуын қалайды. Әрине, СДУ болашақты жоспарлауда үнемі өз түлектерімен байланыста, ынтымақтастықта болады, оларды әрдайым мақтан тұтады. Университет түлектерінің бірі Асхат Мырзабаев Америка Құрама Штаттарында әлемге әйгілі Twitter компаниясында біраз уақыт қызмет атқарды. Халықаралық рак ауруымен күрес жүргізуші орталыққа 2 миллион доллар қаражат сыйлаған Асхат бүгінде HiPO.kz компаниясының негізін салушы. Тағы бір СДУ түлегі Бағдат Мусин бүгінде мемлекет үшін пайдалы қызмет атқарып келеді. Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметін бір жүйеге келтірген ол қазір «Қазпошта» директоры қызметінде нәтижелі жұмыстар атқарып жатыр. Сүлеймен Демирел университеті түлектерінің ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, ел болашағы үшін қызмет атқарып, Қазақстанның дамуына үлес қосып жүрген азаматтарымыз өте көп. Бұл жетістіктерде оқу орнының да қосар үлесі бар.

a8e19e18ed5e331a9d86dc2f694  %d0%b1%d0%b5%d0%b7%d1%8b%d0%bc%d1%8f%d0%bd%d0%bd%d1%8b%d0%b9

Бүгінде университет жалпы республика бойынша үздік бес университеттің тізіміне кіреді. Халықаралық сапа стандарттарына сәйкес инновациялық көпдеңгейлі біліммен қамтамасыз ету, қазақ және түрік халықтарының достығы мен бауырмалдығын нығайта отырып, студентті рухани дамыған тұлға ретінде қалыптастыру, жауапкершілікті бөлісе отырып, өзара ынтымақтастық философиясын дамыту және нығайту, өткенге мұқият көз салып және болашаққа бағыт ұстай отырып, Қазақстан Республикасының дамуына үлес қоса отырып, жоғары білікті және бәсекеге қабілетті мамандарды дайындап шығару — оқу орнының ең негізгі мақсаты. Университет қызметі халықтың және қоғамның сұраныстарын қанағаттандыру арқылы студенттерге заманға сай білім беруге негізделген. 2020 жылға дейін білім және ғылым саласында маман ретіндегі кәсіби шеберліктерін жетілдіруге бел буған шәкірттер мен ізденуші жас ғалымдар үшін қолданыстағы бағдарламаларды үздіксіз дамыту және кеңейтуді мақсат тұтады.

Биыл университеттің негізі қаланғанына 20 жыл! Бұл мерейтой Қазақстан Республикасының ең басты мерекесі — Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келеді. Осыған орай, 14 қазан күні «Білім және ғылым саласындағы инновациялар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылып отыр. Конференцияның негізгі мақсаты — Қазақстан Республикасы білім мен ғылым саласындағы инновацияларды, ғылымының даму перспективаларын және жоғары білікті кадрлар даярлау мәселесін талқылау. Оған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, облыстық және қалалық әкімдігі, отандық және халықаралық білім беру және ғылыми-зерттеу мекемелерінің өкілдері, ғалымдар және мамандар, докторанттар, магистранттар, студенттер қатысады деп жоспарланған.

Білімді ұрпақ — ел болашағы. Ел Президентінің «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа білім мен ғылымды игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндікті жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек» деген қанатты сөзін басшылыққа алып, еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай қызмет етуіміз керек. Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды. Сондықтан «Мәңгілік ел» болу жолындағы игі істеріміз арта берсін!

Айзере Шынат

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған