Сейілбек Шаухаманұлы: Тыл ардагерлеріне әділетсіздік жасалды

-Сейілбек Шаухаманұлы, әңгімемізді «Ардагерлер ұйымының» өзіңіз басқарып отырған аймақтық филиалы жөнінде бастасаңыз…

-Жалпы алғанда республикалық «Ардагерлер ұйымы» елдің ауызбіршілігін сақтау, ұрпақтар сабақтастығы, салауатты өмір салтын қалыптастыру, ардагерлерге әлеуметтік жағынан қамқорлық жасау, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеумен айналысады. Ал, басты міндеттері ретінде кедей-кепшік пен жоқ-жітіктің жағдайын жасау, қоғамның әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарының мұңын айтып, жоғын жоқтауды, қамқорлыққа зәру азаматтардың сөзін сөйлеп, құқығын қорғауды нық сеніммен айта аламыз. Республикалық «Ардагерлер ұйымының» құрылғанына отыз жыл толды десек те, отыз жыл ұзақ уақыт көрінгенімен тарихи өлшемге салсақ көп емес. Осы отыз жылдан бері жоғарыда атап өткен міндеттер өзектілігін жоймаған. Ұйымның Қызылорда облыстық филиалы жөнінде айта кетсем, аталмыш бағыттар бойынша «Туған жер», «Менің елім – менің тірегім», «Сыр мерейі», «Сыр мейірімі» секілді қоғамдық қорлар құрылып, жағдайы әлеуметтік жағынан төмен отбасыларға көмек көрсетілді.

-Осы жерден сөзіңізді бөлейін. Жиында шешілмей келе жатқан мәселелерге де ерекше тоқталған едіңіз. Әсіресе, еңбек ардагерлеріне қатысты айтқаныңызға көпшілік риза болды. Шешімі табылуы мүмкін бе?

-Иә, сұрағың өте орынды, айналайын. Бұл – соғыс ардагерлеріне теңестірілген еңбек ардагерлері жөніндегі мәселе болатын. Өзің көрмесең де, тарихтан жақсы білесің, еңбек ардагерлері соғыстағы жауынгерлерден аз қиналған жоқ. Азабын да тартты, соғыс ардагерлерінен кем тер төккен жоқ. Бірақ, бір айта кетерлігі, «соғыс ардагерлеріне теңестірілген» дей тұра олардың алатын ай сайынғы алатын жәрдемақысы – 4500 теңге ғана. Мысалы, бір тісті жұлдыру, емдетуге 15 мың теңге қажет. Қартайғанда бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмасы бесенеден белгілі. Ең болмаса ем-домына қаражаты жетіп тұрса мұндай мәселе көтерілмес те еді ғой. Біз алғашында Қызылордада өткен облыстық ардагерлер кеңесінде осы жөнінде ақылдасып, отыз жылдық мерейтой қарсаңындағы жиында айтамыз деп шештік. Сол кезде қабылданған қаулыға енгізілді. Бір жағынан, мұны мамыр айындағы мерекелеріне тұспа-тұс ұйымдастырылған республикалық ардагерлер кеңесінде орынды қозғалған мәселе деп бағаладық. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі де ұсынысымызды естіді, енді ол оң шешімін табады деген үмітіміз бар. Екі айлық есептік көрсеткіштен 10 АЕК-ке көтеру, яғни, еңбек ардагерлері 23 мың теңге жәрдемақыны ай сайын алуы керек деген ұсынысымызды жеткіздік. Әйтпесе, қолына 4500 теңге беріп, оларды соғыс ардагерлеріне теңестіру қисынға келмейді. Тіпті, бұлай кете берсе әділетсіздік жасаған боламыз деген ойдамыз.

1400063517_chetyrezhdy-pervyy2y
                                   Елбасы Н.Назарбаев және С.Шаухаманов

-Сіз басшы болып тағайындалғалы он екі жыл өтіпті. Қандай өзгерістерді ерекше атай аласыз?

-Зейнетке шыққаннан кейін, 2005 жылы ұйымның облыстық филиалына төраға болып тағайындалдым. Осы он екі жыл ішіндегі жетістіктерімізді егжей-тегжейлі өткен жиында санап айтып бердік. Ардагерлер ұйымы отыз жылда бірыңғай жүйе қалыптастырды. Еліміздің барлық аймағында филиалдары жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда Қызылорда облысында ардагерлердің 1 облыстық, 7 аудандық, 2 қалалық, 700 бастауыш ұйымы бар, оған 70 мың ардагер тартылған. Ең алдымен ұйымдардың төрағалары нәтижелі жұмыс жасауы үшін олардың тұрмыстық базасы жасақталды. Яғни, өз міндеттерін дұрыс атқаруы үшін материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етілген кеңселер ашылды. Тендерге қатысу арқылы мемлекеттік қоғамдық ұйымдармен тығыз жұмыс жасауға мүмкіндік алдық. Нәтижесінде 2006 жылдан бастап қаржыландыру мәселесі шешілді. Одан кейін облыстағы барлық ардагердің әлеуметтік картасы жасалып, университет ғалымдарымен бірлесіп «Тегін ардагер» атты бағдарлама жасақталып, оған 70 мың ардагер жайында толық мәлімет енгізілді.

Жұмыстарымыздың жариялылығы үшін ардагерлер сайты ашылды, 2008 жылдан бастап «Сыр ардагері» деген газетіміз шығып келеді. 2013 жылы республикалық Ардагерлер кеңесі біздің жұмысымызды мақұлдап, кейін өз тәжірибемізді бекітіп, облысымызда үлкен семинар өткіздік. Сондай-ақ, сол жылдан бері еліміздегі қариялардың бәріне қатысты іс-шаралар, өзекті мақалалар жарияланып отыратын республикалық «Ардагер айнасы» газеті де біздің өңірден шығады. Жас күнінде көрген бейнетінің қартайғанда зейнетін көруіне ұйымымыз да атсалысып келеді. Олардың денсаулықтары әрдайым бақылауда болып, көңіл-күйлерін көтеру үшін түрлі мәдени-спорттық шаралар жиі ұйымдастырылады. Мәселен, «Ақ бата», ақындар мүшәйрасы, концерттік бағдарламалар, оған қоса, шахмат, дойбы, өзіміздің төл спортымыз тоғызқұмалақтан жарыстар көп өтеді. Осындай шараларға қатысу арқылы ардагерлер өз замандастарымен бас қосып, бір сергіп қалатыны анық. Бұдан бөлек, экологиялық аймақта жүз жасаған 27 қарттың мерейтойларын өткіздік. Қарияларға арнап «Ақ бата», «Қарттарын қадірлеген өлке» сынды кітаптар шығарылды. Мысалға келтіре берсек көп-ақ, бұл ардагерлердің еліміздегі әр сала бойынша өтетін іс-шараларға белсенді түрде қатысатынын көрсетсе керек. Мінеки, 30 жылдағы «Ардагерлер ұйымының» басты жетістігі осындай.

-Сонда қарапайым тұрғындардан бөлек жергілікті билік өкілдері де ардагерлерге иек артады ғой?

Тағы қайталап айтамын, биліктегі лауазым иелері ардагерлердің кеңесіне құлақ асады, сын-ескертпелерін түртіп отырады. Ешбір шарадан ардагерлер тыс қалмайды.

-Сұхбатыңызға рақмет! Өзіңіз де жүз жасаңыз!

Сұхбаттасқан ЕРМҰРАТ НАЗАРҰЛЫ

Суреттер kzvesti.kz порталынан алынды