Семейде Абай Құнанбайұлы атындағы зәулім мешіт ашылды
Алты Алаштың астанасына айналған құтты мекен Семей мен оның төңірегіндегі аудан мен ауыл қасиетті Рамазан айы қарсаңында үш бірдей мешітпен толықты. Соның ішінде, аумағы мен сыйымдылығы жағынан ең үлкені Семей қаласының қақ төрінде іргетасы қаланған «Абай Құнанбайұлы атындағы» мешіт. Екіншісі ШҚО, Абай ауданындағы Құнанбай қажы мешіті. Ал, үшінші «Байтөлек қажы атындағы» мешіт – аталған ауданға қарасты Құндызды ауылында бой көтерді. Семей қаласының орталығындағы «Абай Құнанбайұлы атындағы» мешіттің ашылу салтанатына Алматыдан әдейілеп ат терлетіп қазақтың бетке ұстар зиялы қауым өкілдері мен бір топ журналист барды. Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келген осынау игілікті шарада Семей қаласының әкімі Нұрымбет Аманұлы, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы, Асанәлі Әшімов, Мұхтар Шаханов, Алтынбек Қоразбаев, Жүрсін Ерман және тағы да басқа зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
Аталған мешіттің іргетасы қаланып, қолға алынғанына бақандай он үш жыл болғанымен, түрлі себептерге байланысты мешіт құрылысы биыл аяқталды. 2008 жылы шетелдік инвесторлар тарапынан қолға алынған мешіт құрылысы да қаржылық мүмкіндіктерге байланысты аяқталмай қалған. Артынша, «Қазақмыс» корпорациясы 100 миллион теңге бөліп, мешіт құрылысын жалғастырмақ болғанмен, қандай да бір себептерге байланысты ол да нәтижесіз болды. Ақыры, 2018 жылы «ASSYLTAS» қоғамдық қорының басшысы, жеке кәсіпкер Дулат Тастекеев өз қаражатына осы мешіттің құрылысын бітіруді қолға алып, міне, қасиетті Наурыз мерекесінде алғашқы азан шақырылып, қала жұртшылығы жамағат намазы оқыды. Биіктігі 37 метрге жететін төрт мұнарасы бар мешітте бір мезетте 2500 адам намаз оқи алады. Сонымен қатар, мешітте халықтың діни сауатын ашуға бағытталған шағын кітапхана мен діни жоралғыларды өткізуге арналған кең бөлмелер қарастырылған. Ал, мешіт аумағын абаттандыруға Түркістан облысының әкімдігі атсалысқан. Семей қалалық ақпарат орталығының мәліметінше, мешіт ғимараты маңындағы 47 мың шарты метр жер көркейтіліп, екі айналма көпір салынуда. Сонымен қатар, мешіт төңірегінде 500 көлікке арналған тұрақ әзірленіп, 200 шам орнатылған. Кәсіпкер Дулат Тұрсынұлының айтуынша, 2018 жылы қайта
қолға алынған мешітті былтыр пайдалануға беру көзделгенмен, әлемдік індетке байланысты бір жылға кешіктірілген.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, аталған діни нысанның халық игілігіне берілуіне мұрындық болған азаматты қалай мақтап, марапаттасақ та артық емес. Себебі, оның жыл сайын өзінің туған жері Тарбағатай өңірінде «Тұғыры биік Тарбағатай», «Туған жерге туыңды тік» сынды мәдени және спорттық шаралар өткізіп, одан да бөлек тіліміз бен ұлттық рухымызды көтеруге қалай атсалысып жүргеніне талай жұрт куә.
Нұргүл Жамбылқызы