Сен — Қазақсың!

Сен – қазақсың!

Қазақ деген ел бөлек,

Қазақ салған соқпақ бөлек, жол бөлек.

Киіз үйі Жер сияқты жұп-жұмыр,

Шаңырағы күн сияқты дөңгелек.

Сен – қазақсың!

Бір Алланың құлысың!

Адамға адам құл болғаны — құрысын.

Жойқын соғыс, зұлматтарда жойылмай,

Қалған ұлтсың. Қаһармансың! Ұлысың!

Сен – қазақсың!

Ұлы дала – тұғыры.

Күмбір-күмбір күрескерлік – ғұмыры,

Тірескеннің дірілдеткен тізесін

Тұлпарыңның тұяғының дүбірі!

Сен – қазақсың!

Алғызбайтын барыссың!

Ар – ожданның асқағысың, намыссың!

Тағдырыңды танығысы келгендер

Тасқа басын тарихыңмен танисың!

Сен – қазақсың!

Байырғы жұрт – түздегі ең,

Табиғаттан тән тамырын үзбеген.

Қолын жайып, Көктен өмір сұраған,

Жер бетінен жерұйықты іздеген.

Сен – қазақсың!

Қазынасы – нәсіп, құт.

Қазақ болу – ғаламатқа ғашықтық.

Жерің, суың, тауың сұлу соншалық,

Көрген көзден кететіндей жас ытқып!

Сен – қазақсың!

Отаншылсың, тектісің!

Досыңа адал, дұшпаныңа кектісің.

Бұл далаға мұрагерлік, иелік —

Ұрпақтарға ұлы аманат деп түсін.

Сен – қазақсың!

Айлалысың, ептісің!

Айбарлысың, ақылдысың,беттісің!

Көп болуға,

Бір болуға тиіссің,

Көрмеу үшін жаттың езгі, тепкісін!

Сен – қазақсың!

Рухы еркін, өзі еркін!

Мұзбалақсың, сорғалаған сөзі еркін!

Қайталанбас күйшісің сен құя алған

Домбыраның өзегіне өз өртін!

Сен – қазақсың!

Келе жатқан бағы асып,

Адамзаттық ізгілікке жол ашып,

Дастарқанның – елшілігің ежелден,

Мейірбансың, меймандоссың қолы ашық.

Сен — қазақсың!

Ғарышкерсің, жаны – аспан.

Өрелісің, өз орнына таласқан.

Төрге лайық марқасқасың, мықтысың,

Төрткүл дүние саясатта санасқан.

Сен – қазақсың!

Қазақ едің туғанда!

Онда, дүние тағылымынан үлгі ал да,

Ата жұрттан, Ана тілден айрылма,

Төбеңде Күн, төменде Жер тұрғанда!

              Күлəш АХМЕТОВА