Сен мәңгілік емессің
Адамды бірдеңе істеуге құлшындыратын нәрсе үші сөзден тұрады: «Сен мәңгілік емессің». Біреуді қорқытып, үркітейін деген ойым жоқ. Шындықты айтқаным. Бақытты өмір сүру үшін адамға бір ғана өмір беріледі. Басқа өмір, екінші мүмкіндік болмайды. Бір орында түк өзгертпей отыра берсең де болады. Жаның сүймейтін істі істеп. Алайда мұндай шағымнан бірден нақты әрекетке көшуге де болады.
Әлемде көп адам өзгенің бақытын құнттауға пейілді. Әркім өзінікін ойласа сауап болар еді. Өзге адамдарды бақытты етіп, жетістікке құлшындырғым келіп тұруымның себебін айтайын ба? Өйткені, өзім шексіз бақыттымын. Мүмкін, бір қарағанға тым өзімшілдік болар. Бірақ өзің бақытты болмайынша өзгеге бақыт сыйлай алмайсың. Өзің бақытты сезінсең, онда онымен бөліскің келіп тұрады.
Қазір жасап отырған жұмысың сені жетістікке жетелей ме? Жалпы өмірде не қызық бар? Бақытты адамға табысы емес, қалай жұмыс істейтіні маңызды.
20-дан енді асқан кезімде үнемі 90 жастан асқан қариялармен дос болатынмын. Оларды қайда жолықтырғаным маңызды емес. Әр жерлерде. Саяхаттағанда, жолда, жұмыста. Өмірден көргеніңді айтып беріңізші деп сұрағанымда олардың бәрі әңгімесін «Әттең…» деген сөзбен бастайтын. Бірі кезінде жұмыс істемегеніне өкінетін, бірі ет жақындарына тым аз көңіл бөлгеніне ренжитін. Үшіншілері қалаған жұмысына қол жеткізе алмағанына бармақ тістейтін. Тек ата-анасының үмітін ақтауға өмірін арнапты. Өкінішітері ерен еді…
Осы қариялармен араласудан мен бірдеңе үйренсем, онда оны былай деп түйіндесем болар еді: «Әрекет ету үшін қазір баста».
Жасыңыз 20 асса, онда дәл уақыты келгені. Тәжірибе жинап, көп ақша табудың кезі емес. Көлік мініп, көзге түсудің заманы өткен.
Әр адамның өз қалауындағы өмірді жасап шығуына бес жыл уақыты кетеді. Достармен саяхатта, өзің білмейтін нәрсеге ұмтыл, көрмегенді көруге асық. Ән салатын топ құр. Шығармашылығыңды дамытатын орта тап. Өмірді босқа өткізбеу үшін неғұрлым алуан түрлі түске бояуды қолға ал. Өзің қалаған өмірді сүр.
Адамның бәрі ажалды. Қанша жас, қандай күйде екеніңе ол қарамайды. Бақытты бола алдың ба, жоқ па, ол тағы сұрамайды. Дәл қазір көз алдыңда сан тараулы жол жатыр. Сан алуан мүмкіндік бар. Соның бірін, не бәрін пайдалан.
«Сен мәңгілік емессің» деген сөз ес жиғызуы керек. Өмірге шынайы көзқараспен қарауға көмектесуі тиіс. Қалағаныңды істеуге құлшындырмақ. Адамның бір ғана өмірі бар. Соны тек бақытты етіп өткіз.
Денис Морозов
Аударған Шынар Әбілдәның
Фб парақшасынан