Сен туылмадың – Ана туды (Туылған күн емес, Туған күн)
Алла қалаған соң, нәресте дүние келеді. Яғни нәрестенің дүниеге келуі оның(нәрестенің) еркінен тыс болады. Қазір әлеуметтік медиада(желіде) бірін-бірі туған(туылған) күнімен құтықтаған адам көп. Дұрыс. Қуанышты бөліссең көбейеді… Дегенмен, құттықтаушылардың 90 пайыз «туылған күн» тіркесін (сөзін) қолданады. Осы дұрыс па?
Филологиялық ережелерге салмай, қарапайым тіпті қарабайыр пікірлермен түсіндірейік. Бір қарағанда «туылған күн» сөзі дұрыс сияқты. Анасы туды, перзенті туЫЛды. Біздің қателесетін жеріміз, Адам өзінің қай күні дүниеге келгенін «білуінде». Шындығында біз ештеңе білмейміз. Адам біреу айтпаса, өзінің нақ қай күні, қайда, қай перзентханада дүниеге келгенін білмейді. Ата-анамыздың айтуымен, туу туралы куәліктен ғана білеміз. Туу процессіне(үдерісіне) жас нәресте қатыспайды. Нәрестің өмірге келуі – өнімнің дайын болуы сияқты. Нәресте ол Өнім. Өнім жасал(ЫН)байды. Өнімді жасайды. Ол үшін қаншама адам қызмет етеді. Біреулер сызып, пішіп жасайды. Бүкіл жұмыс сол үшін болады. Бүкіл жұмыс соны дүниеге әкелу (жасап шығару) үшін жүреді. Яғни, нәрестенің өмірге келу процессіне нәресте қатыспайды. Ол процесстің бәрі оның еркінен тыс болады. Ту(ЫЛ)ғанынан хабарсыз болады. Егер де нәресте анасынан ту(ЫЛ)ды десеңіз, бәрі бітті. Серік қосу деген осы… Нәрестені анасы туады. Анадан туғаныңды біл. ТуЫЛғанынды білмей-ақ қой. Одан қор болмаймыз. «Туылған күн» деп сен Ана атаулыны мойындамай тұрсың… Ана – Туған күн. Ана… Сондықтан да тойлаймыз.
Егер де, Сіз «туылған күн» сөзін дұрыс деп тапсаңыз, не болады? Онда бәріне нәрестені қатыстырасың. Дүниеге келмеген нәресте әкесі мен анасының жақындасуына, анасының жатырында жетілуіне т.б. туу процессінің бәріне әлі дүниеге келмеген нәрестені Ие етіп қоясың… Содан соң, ол «туылады». Нәрестені Қырқынан шығарады. Егер туЫЛған күн дейтін болсаң, онда Қырқынан шығар(ЫЛ)ды деуің қажет… т.б.
Қазақ әрдайым Құдай қаласа дейді. Адамның қалауын Құдай қаламаса бәрі бекер. Сондықтан қалау иесі (туу процессі) туЫЛған нәрестеде емес ата-анада және ата-ананың қалауын қабыл еткен Аллада. Сен өзің қалаған күні ту(ЫЛ)мадың, Алла қалаған күні Анадан тудың.
Сондықтан да, «Туылған күншілер» Алланың қалауымен Анадан туғанымызды білейік… Егерде Алланың қалауымен Анадан туЫЛдым десең, Анаңның тоғыз ай көтергенін күйдіріп, жоққа шығарып тұрсың. Бізді Туған Ананы мойындайық. Ана – Туған күн!
Еркінбек Серікбайұлы
Сурет abai.kz алынды.