Сенат депутаттары Елбасы Жолдауын насихаттауды бастап кетті
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауы мен Үндеуінде айтылған міндеттерді насихаттауға келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Асқар Бейсенбаев, Қуаныш Айтаханов және Әли Бектаевпен кездесті деп хабарлайды аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі.
Басқосуда тараптар Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа арнаған Жолдауы мен саяси реформаларының аймақта жүзеге асыру жоспарын сөз етті. Өзара әңгімеде, әкім таяуда ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында өткен жиында Елбасының Жолдауда айтылған міндеттерді орындау аясында бірқатар нақты тапсырмалар жүктегенін айтты. Мұнан бөлек, Ж.Қансейітұлы сол жиында облыс үшін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынып, өңірлерде тұралап қалған жобаларды түзеу мақсатында даму институттарымен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеу тапсырмасы алынып, оны жүзеге асыру міндеті тұрғанын жеткізді.
Өз кезегінде, халық қалаулылары аталған саяси құжаттардың елімізді дамыту жолындағы кезекті үлкен баспалдағы екенін атап өтіп, оны жүзеге асырып, елге пайдасын тигізу баршаға міндет екенін жеткізді. Сонымен бірге, сенаторлар Елбасының осынау құжаттарын халыққа түсіндіріп, оны іске асыруда бұқараны бірлесе жұмыс істеуге шақыратынын айтты.
Айта кету керек, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары апта бойы осы өңірде жұмыс сапарымен болып, Президенттің Үндеуі мен Жолдауын халыққа кеңінен насихаттап, оның маңызына тоқталатын болады.