Сенат депутаттары Қыздар университетінің ұжымымен кездесті

Қазақстан Республикасының Парламент Сенатының депутаттары Бақытжан Жұмағұлов, Динар Нөкетаева мен Төлеубек Мұқашев Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессор-оқытушылары мен студенттерімен кездесті, деп хабарлайды оқу орнының ресми өкілі Жандар Асан.

Ж. Асанның айтуынша, халық қалаулыларының сапарының мақсаты – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауының мазмұнын талқылау, жан-жақты түсіндіру.

Алқалы жиынды Қыздар Университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова ашып, жүргізіп отырды.

– Биылғы жылдың 5-қазан күні Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жолдады. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдау жетістікке жету жолын айқындаған маңызды әрі айтулы қадам болды. Биылғы Жолдауды әсіресе, еліміздегі ұстаздар қауымы зор қуанышпен қабылдады. Бұған себеп те жоқ емес. Мемлекет басшысы маңызды құжаттың «Тұрмыс сапасын арттыру» атты екінші басымдығында жоғары білім беруге қатысты, педагог мәртебесі жайында бірқатар маңызды міндеттерді атап өтті. Атап айтқанда, 2019 жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылданады. Бұл – қазақстандық ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға зор қадам болмақ. Бүгін Қыздар Университетінің проффесор-оқытушылары мен студенттеріне Жолдауда қарастырылған маңызды мәселелер мен басымдықтарды жүйелі әрі нақты таныстыру мақсатында еліміздегі ең жоғары заң шығарушы орган – Қазақстан Республикасының Парламент Сенатының депутаттары Бақытжан Тұрсынұлы, Динар Жүсіпәліқызы және Төлеубек Төлеуұлы арнайы келіп отыр, – деді Г. Алдамбергенова өз сөзінде.

Алғаш болып сөз алған Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов Елбасы Жолдауында айтылған ауқымды жұмыстарды рет-ретімен түсіндірді. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының сапасын арттыру, ұста мәртебесін көтеру жайында да кеңінен тоқталып өтті.

– Біз өзіміз бала кезімізден ұстаз деген қауымға құрметпен қарап өскенбіз. Ұстаздар келе жатқанда жол беріп, орнымыздан тұратынбыз. Соңғы

жылдары ұстаздың деңгейі қоғамда төмендеп кетті. Оған барлық қоғам кінәлі. Елбасы тапсырмасымен біз ұстаздың мәртебесі жайлы заң қабылдаймыз. Бұл заңға сәйкес, ұстаздардың мәртебесін, жұмысын, қызметін, жабдықталуын, материалдық ахуалын түгел өзгерту керек. Сіздердің оқу орындарыңызда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталық бар екен. Қандай тамаша! Онда педагог, психолог мамандар тәжірибеден өтеді. Сонымен қатар, келесі жыл Жастар жылы ретінде белгіленді. Жастардың жағдайын көтеру үшін не істеу керек? Жас абитуриенттердің педагог мамандығына түсуі үшін қандай жағдай жасау керек? Осы мәселелер толығымен қаралады, – деді Б. Жұмағұлов.

Қыздар Университетінің мәртебесі туралы Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі, Алматы қаласынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Динар Нөкетаева баяндады.

– Бүгін біз тарихи тұрғыдан маңызы зор оқу орнының бірі – Қыздар педагогикалық университетінде жүрміз. Бұл оқу орнының ашылғанына 75 жыл болды. 1944 жылы ашылған. Осы уақыт аралығында білім ордасы 70 000-нан астам педагог маман дайындап шығарған. Биылғы Елбасының Жолдауы негізінен педагогтарға бағытталды. Оның ішінде ең төменгі жалақыны 28 000 теңгеден 42 мың теңгеге жеткізу туралы айтылды. Ең бастысы, педагогтардың мәртебесін көтеру жайлы айтты. Үкіметке нақты тапсырма берілді. Парламент қазір осы заң жобасын дайындауға әзір. Заң ішінде педагогтардың бұрынғы мәртебесін қайтару, жалақысын көтеру, тікелей міндетінен тыс жұмыстардан арылту туралы ауқымды міндеттер тұр, – деп атап өтті Д. Нөкетаева.

Жиын барысында университет студенттері Мемлекет басшысының Жолдауы төңірегінде сауалдар қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Алқалы басқосуды Гаухар Алдамбергенова қорытындылап, халық қалауларына еркін форматтағы мазмұнды әңгімесі үшін университет ұжымының атынан алғыс білдірді. Оқу орны ректорының айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген маңызды мәселелерді университеттің проффесор-оқытушылары мен студенттері қызу талқылады. Профессор-оқытушылар мен білімгерлер стратегиялық маңызды құжатта көрсетілген міндеттерді саралап, тың ойлары мен идеяларын жүзеге асыруға ниетті. Бұл тарапта арнайы кешенді жоспар қабылданады. Ол Президент тапсырмаларының орындалуын, оқу орнында жайлы орта қалыптастыруын және оқытушылардың кәсіби деңгейін анықтауды қамтамасыз ететін болады.

– Мемлекет басшысы ұсынған Жолдау Қазақстан дамуының жаңа бағытын көздейді. Ондағы басымдықтар мен міндеттер Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және технологиялық тұрғыда жаңғыртудың логикалық жалғасы іспеттес. Және ол ел дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді даму стратегиясына сәйкес келеді. Сонымен қатар, Жолдау мемлекетіміздің әлемдегі технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістерге бейімделуіне сеп болады, – деді Г. Алдамбергенова.

 

BASPASÓZ JÁNE QOǴAMMEN BAILANYS BÓLIMI

Tel.: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com facebook: qyzdaryniversiteti vkontakte: qyzdar_yniver instagram: qyzdar_yniversiteti youtube: qyzdar уniversiteti