Сенат депутаты кооператив жұмысымен танысты
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков жұмыс сапарымен Жамбыл ауданы келіп, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлымен бірге Тастөбе ауылындағы «Қызылдихан» өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты. Нуритдин Бегманов басқаратын ұжымда ауыл шаруашылығына қажетті техникалар жеткілікті. Сондай-ақ басшылық қызметкерлердің жағдайын жақсартуға да басымдық беріп отыр.
Бекболат Серікбайұлы егістік алқаптағы жұмыстарды көрді.
Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, кооперативтің еншісінде жалпы көлемі 1875 гектар жер бар. Ұжым басшылары 1745 гектар алқапты ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланады. Нақтырақ айтар болсақ, егістіктің суармалы жер 1014 гектарды құрайды. Ал шабындық жердің үлесі 139 гектар.
Кооперативте басшысының айтуынша, егіс алқабына қажетті 8 дана трактор, 9 доңғалақты К-700, МТЗ, 2 жүк тасымалдау көлігі, 2 жанармай тасымалдайтын, 1 автокран, 7 дәнсепкіш және 52 ауылшаруашылық тіркеме техникалары бар. Сонымен қатар астық оратын комбайн, 2 қызылша комбайны, 2 жемшөп комбайны, 2 дана шөп тайлағыш, 3 бүріккіш науқан кезінде пайдаланылады.
«Бүгінгі таңда бізде ауылдың елу тұрғыны еңбек етіп жүр. Олар атқарған жұмыстарына сәйкес 130-150 мың теңге көлемінде жалақы алады. Әрине, еңбеккерлердің жақсы айлық алып, көтеріңкі көңіл күймен жұмыс істеуіне қолдан келгенше тырысып жүрміз. Соңғы бірнеше жылдың бедерінде қант қызылшасын егуді қолға алған жайымыз бар. Нәтижесі жаман емес. Соңғы науқан кезінде гектарынан 810 центнерден өнім алған. Бұған тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісі септігін тигізуде. Кооператив басшысының сөзіне сенсек, биылдыққа 200 гектарға күздік бидай егіпті. Сонымен қатар 300 гектар алқапқа жаздық арпа орналастыру, 50 гектар жерге дәндік жүгері отырғызылған. Жоғарыда айтқанымыздай, кооператив басшысы қант қызылшасы алқабын ұлғайтуға ерекше ден қойған. Биыл 160 гектар жерге балтамыр еккен.
Сенат депутаты кооператив жұмысын оң бағалап, ұсыныс-пікірлерді, суару жүйесі бойынша сұрап білді.
Сенат депутатының жұмыс сапары кезінде аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Рүстем Бегалиев, аудандық мәслихат төрағасы Мұхтар Шайдаев, аудан әкімінің орынбасары Ербол Жиенқұлов және Көлқайнар ауылдық округінің әкімі Асылбек Қонаров бірге жүрді.
Жамбыл ауданы әкімдігі