СЕНАТ ДЕПУТАТЫ ШУ АУДАНЫНДА

Бүгін ауданымызға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков арнайы жұмыс сапарымен келіп, бірқатар нысандарды аралады.

Бекболат Серікбекұлы ең алдымен “Тараз химиялық паркі” арнайы экономикалық аймағына ат басын бұрып, ондағы жобалармен танысты. Өз кезегінде экономикалық аймақтың жұмысы тұралап қалмас үшін химиялық бағыттан бөлек, өзге де бағыттағы өндіріс ошақтарын ашуға көңіл бөлу керектігін жеткізді.

Сонымен бірге халық қалаулысы Шу қаласындағы ескірген кәріз жүйесінің бүгінгі жай-күйін көрді. Бүгінде әбден тозығы жеткен нысан құрылыс-жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Б.Серікбекұлы жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуде жан-жақты жағдайларды ескеріп, назарға алу керектігін жеткізді.

Бұдан әрі Сенат депутаты құрылысы жүріп жатқан ауданаралық балаларды оңалту орталығына және әл-Фараби атындағы мектепке барды.

Б.Орынбеков қос нысан бойынша да жауапты мердігерлердің бірқатар кемшіліктерін айтып, қалыптасқан түйткілді ретке келтіру қажеттігін айтты.

Шу ауданы