Сенатор жас отбасылардың зейнетақы қорындағы ақшасын қайтарып беруді ұсынды
Сенаторлар зейнетақы қорындағыларға жас отбасылардың жиған қаржыларын қайтарып беруді ұсынды. Депутаттардың сөзінше, отбасылар ол соманы баспана алу үшін бастапқы жарна ретінде пайдаланғаны дұрыс екен. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Сенат депутаты Нариман Төреғалиевтің айтуынша, қазір жас отбасылардың бастапқы жарнаны төлеуге қаржысы жоқ. Сондықтан зейнетақы қорындағы қаражатты соларға берсе дейді.
«Сол зейнетақы қорындағы қаражатты мысалға, жас отбасыларға «7-20-25″ бағдарламасы бойынша ипотекалық үй алуға мүмкіндік берсе. Солардың ең болмағанда бастапқы жарнаға жететін ақшасы жоқ. Соларға неге осы қордан сондай жас отабсыларға көмектеспеске? Бір де бір үйі жоқ отбасыларды айтып отырмын», — дейді Нариман Төреғалиев.
Алайда бұл ұсынысты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшысы қолдай қоймады.
Нұрбүбі Наурызбаеваның айтуынша, ондағы қаржыны салымшылардың емделуіне, оқу ақысына және ипотекаға пайдалану жайы қаралмаған. Бұл заңда да жазылмапты. Оның үстіне адамдардың жеке шотындағы қаржы алдын ала таратып беруге жеткіліксіз.
Зейнеткерлік жасқа жетсе де шотында небары 2-3 миллион теңге жиналған азаматтар көп екен. Ол үшін жұмысшылар ай сайынғы салымды да 10 пайыздан көтеру керек дейді қор басшысы.