Сенаторлар ПМУ-ің жаңа жатақхананың құрылысымен танысты

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Манап Көбенов пен Нұржан Нұрсипатов өңірге жасаған жұмыс сапары барысында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде болып, 600 орындық жаңа жатақхананың құрылыс барысымен танысты. Бұл туралы жоғарғы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа нысан Павлодар мемлекеттік университеті студенттерінің жатын орынға деген қажеттіліктерін азайтады.

Құрылыс жұмыстарының жоспарына сәйкес жатақхана 2020 жылдың наурызында қолданысқа беріледі. Нысанның осындай қысқа мерзімдегі құрылысы ПМУ, жоба инвесторы мен мердігер ұйым арасындағы үшжақты консорциумдық келісім негізінде жүзеге асырылып жатыр. Жобаның құны 1 млрд. 300 млн. теңгені құрайды.

— ПМУ жаңа үшжақты схема бойынша тұрғын ғимаратын салып жатқан еліміздегі алғашқы университет болмақ, — деді университеттің инженерлік-техникалық бөлімнің жетекшісі Бауыржан Катаев. — Бұл тұрғыда ПМУ-дің келісім формасы өзге оқу орындары үшін үлгіге айналады.

Бауыржан Катаевтың айтуынша, бұрынғы келісімшарттық схемалар бюджеттік қаржыны тарту немесе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік формасына негізделген. Нәтижесінде университеттің меншік құқығы болмайды.

Айта кетерлігі, осы тектес тұрғын корпустарын салу тәжірибесі көрсеткендей, 1,5-2 жылдық мерзімді қарастырады. Ал жаңа серіктестік формасы нысанды бір жылдан соң қолданысқа беруге мүмкіндік береді. Үшжақты келісім өз кезегінде инвесторға нысанды қысқа мерзімде қолданысқа беруге ынталандырады.

Инвестордың жобадағы үлестік қатысуы 80 процентті құрайды, ал университеттің үлесі – 20%. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде инвестор құйған қаржысының 80% алады, сол үшін құрылысты сапалы әрі тез жүргізеді.

Алғашқы жоба 1 млрд. 400 млн. теңгенің бюджетімен 500 орынға қарастырылған. Бірақ, инвестор өз жобасын ұсынып, жатақханадағы орындарды 600-ге көбейтті, ал бағасын 100 млн. теңгеге төмендетті.

Бүгінде жатақхананың төменгі қабаты мен іргетасы дайын.

Нысанды салу барысында отандық құрылыс материалдары қолданылып, жергілікті мамандар тартылады. Құрылыс жұмыстарына С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттік құрылыс отрядары да атсалысады.

 

Әлихан Рахметоллаұлы