СЕНІҢ КҮШІҢ НЕДЕ, ҚАЗАҚ?
Уа, қазақтың баласы! Сенің күшің – бірлікте! Басыңды қос! Бөлінгенді бөрі жейді! Осы отырған қай-қайсымыз өлер өлгенше бар қазақтың басы қосылып, азаттығын алатын Ұлы күн үшін қызмет етейік! Ант еттік соған!
Сенің күшің – тіліңде! Аталы сөзге тоқтаған, Ананың тілін құрмет тұтқан халықпыз! Қазақ болып туылдық, қазақ болып жан берейік! Тілінен айырылған ұлт, ділінен айырылады! Ділі жоқ ұлт — құлмен тең! Құл ғана қожайынының тілінде сөйлейді! Өйткені ол – құл! Құл болмайық, Алашқа адал ұл болайық! Ант еттік соған!
Сенің күшің – дініңде! Дініңе адал кезде сен Алланың құзырындасың. Құдайдан басқаға бас имейсің! Тізең тек намазда ғана бүгілсін! Ал дініңнен айырылсаң – иманыңнан айырылғаның. Имансыз адам басқыншының арам асын ішіп ауызын арамдар, сол арам ауызбен ұлтына қарсы сөз айтар. Жауының күнәһты арам ғадеттерін үйреніп, ұлттың абыройын ластар! Лұт Пайғамбар тұсындағыдай еркек пен еркек, әйел мен әйел әуейі болады! Ұрпағың азғындайды! Қызың әркімнің мазағына айналып, оң жақта отырып бала табатын болады. Ұлдарың арақ пен күнәға батқан намыссыз, имансыз езге айналады. Жанымыз кеудемізде тұрғанда дінімізге адал боламыз! Ант еттік соған!
Сенің күшің – Жеріңде! Әр сүйемін қорға жауыңнан! Ол жерде сенің ата-бабаңның сүйегі жатыр! Ол жерге солардың қаны төгілген! Жаудың арам табанына таптатпа! Өз басыңды ажалға тік! Бірақ жеріңді жауға берме! Жерсіз сен Отансызсың! Қайда барып күн көресің? Ол сенің –Меккең! Ол сенің – жаның! Жанымызды береміз, бірақ жерімізді ешкімге бермеймізІ Ант еттік соған!
Сенің күшің – салт-дәстүріңде! Одан айырылсаң ұлт болудан қаласың! Жеріңді иеленген, еліңді құлданған елдің дәстүрін сіңіресің бойыңа. Ұлттық тектілігіңнен айырыласың! Тексізге айналасың! Қазақтың салты — үлкенді құрмет тұтады. Анасын ардақ тұтады! Үлкеннің алдынан қия өтпейді. Жетімін жылатпайды! Жесірін қаңғытпайды! Қанын бұзбайды! Қазақтың салтын сақтасақ қана мәңгілік ұлт боламыз! Ант еттік соған!
Сенің күшің – домбыраңда! Сенің күшің – күйлеріңде! Сенің күшің — жыр, термелеріңде! Сенің күшің – хисса, дастандарыңда! Сенің күшің — даланы тербеткен дәстүрлі әндеріңде! Сол руханиятты, домбыраны ешқашан өлтірмейміз! Жанымыз – арымыздың садақасы! Қазақтың жерін, елін, рухын, домбырасын мәңгі сақтаймыз! Ант еттік соған!
… Кеше ғана жазып бітірген Құрманғазы күйші туралы аңыз бен ақиқатқа құрылған «Қабір қазған» атты әңгімем кейіпкерімнің осындай сөздермен аяқталады. Осыдан екі ғасырға жуық бұрын болған оқиға желісімен жазылған бұл әңгімеде ауызбірліктің болмауынан қалай Тәуелсіздігімізден айырылып бодан елге айналғанымыз туралы да сөз болады. Айтайын дегенім, осы айтылғандарды бүгін де біз ұстаным етуіміз керек. Жеке бас, жүз, ру, кландық мүддеден ұлттық, мемлекеттік мүддені жоғары қояық. Қоғамды осыған тәрбиелейік. Ақиқатты айту керек, әрине. Десек те, әрқайсыңыздың пікіріңіз жинала келе қоғамдық пікірді құрайтынын ескерсек, бір ауыз сөз жазсақ та ұлтқа бірлік, ынтымақ әкелетін дүниелер жазайық.
Әділбек Қаба