Сенім туралы
Себептен басталық: өзіне сенімсіз қыздар қайдан шығады?
Сенімсіздік балалық шақтан бастау алады. Ата-анасы баланы құптамағаннан, қолдамағаннан сенімсіздік етек жаяды. Бұл не деген сөз? Қыз балаға өте әдемісің, сен ханшайымсың, аса қабілеттісің, таланттысың деген сөздер айтылмағаннан жүректе сенімсіздік бой көтереді. Мәселе мынада, бала болмысы өзіне қалай қарауды, қалай бағалауды білмейді. Табиғат оған бұл опцияны өздігінен енгізбепті. Бірінші бағалауды бала сырттан естиді. Ата-анасынан. Алғаш естіген бағалаудан ол өзі туралы ой қорытады. Бақытты отбасылар болады. Ондай отбасыда баланы алақанға салып аялайды. Тура және астарлы мағынада да. Бетінен сүйіп, құшақтап, үнемі мақтап отырады, әр істеген ісінен рақат табады. Мұндай ата-аналарға ертең балаң өскенде «морт сынғыш боп қалады» деп ұрысады, «мақтаймыз деп мақтаншақ боп кетеді» деп қорқытады, «биіктен құлау қиындайды» деп шошытады. Жоқ, олай емес. Төмен бағалаудан гөрі өзін мақтан тұтқан мың есе артық. Баланы артық жақсы көріп қою мүмкін емес. Ал ата-анасынан қолдау таппаған қыздар, ешкім ханшайым атамаған бойжеткендер, кейде тіпті керісінше кемшілігін бетіне баса берген жағдайда («еңкеймей жүр», «ішіңді тарт», «қалай отырсың», «аяғыңды түзу бас», «әйтеуір сабағың жаман емес», «құдай ми бермесе де сұлу ғып беріпті») — бұл қыздар іштей өзіне деген сенімсіздікпен өседі.
Мұндайды айтқанда ата-анасы расымен аяғын қисық басса, бүкірейіп жүрсе не істеу керек енді деп сұрайды. Үндемеу керек пе?
Бала өзіне ыңғайсыз қалыпты неге таңдап, солай отырады? Ойланып көрдіңіз бе? Аяғын ішке бүгіп басады. Бұл өзіне кедергі болса да неге сөйтеді? Ал сіз қорадағы хайуанға олай жатпа, бұлай жат деп мазасын алар ма едіңіз? Ол табиғатынан сондай. Баланың болмысы сол. Егер бір нәрсе денсаулығына зиянын тигізбесе, өміріне қауіп туғызбаса, онда бұл дүние баланың ерекшелігі болғаны. Ол сондай боп туған. Сол күйінше жақсы көріңіз. Егер түйткілдің медициналық түйіндемесі болса, онда емдетіңіз. Дәрігерге қаратыңыз.
Мектеп табалдырығын аттаған бала біткеннің бәрі дерлік иерархиялық бөліністі бастан кешеді. Егер бүлдіршін қыз мектепке өзінің керемет, ғажап ханшайым екендігіне зор күмәнмен келсе, оның шамына тию, ренжіту оңай болмақ. Ол бейпіл сөзге қарсы тұра алмайды. Шеңбер тұйықталады. Оны біреу бір тепті – қыз мұны солай болуы тиіс құбылыс деп қабылдайды. Себебі, өзіне сенімсіз. Оны тағы бір тепсе, ол ешкім емес екенмін дегенге сене бастайды. Ал егер көзіне көзілдірік киген, толықтау болса, бітті дей бер – жағдай ушыға береді.
Сондықтан мынаны қайталап айтамын: бала айналасындағы сенетін ересектерден ешқашан өзіне қатысты, ақылы мен болмысы жөнінде жағымсыз пікір естімеуі тиіс. Бала өзін толық қабылдап, сол болмысын жақсы көріп үйренуі маңызды. Ата-ананың мақсаты балаға өзін жақсы көруді үйрету.
Көп адамның қолынан келе бермейтін тәрбие. Бұл олардың жамандығынан, не баласын жақсы көрмейтіндіктен емес. Бұл мәселе ата-ананың да өзіне деген сенімсіздігінен. Ата-анасы не айтып жатса да, бала олардың не сезінетінін ғана қабылдайды.
Өзіне сенбейтін ана шешім қабылдай алмайды. Ол күні бойы сауда үйін аралап, өзіне көйлек таңдай алмауы мүмкін. Үйде сөредегі киімнің бәрін ақтарып, ертең не киетінін білмей дал болады. Сенімсіз ана ауладағы дүкенге боянбай шықпайды. Себебі, ішінде жаман ой бар: ол өзіне ұнамайды, осыншалық жаман өзін тығып ұстайды. Сыртқы әлпетін макияжбен түзеп, киіммен сәндеп қояды. Өзі емес, басқа болуға ұмтылады. Өзіне ұнайтын біреу болуға тырысады.
Өзіне сенімді әйел шкафты ашады да, қажетін киіп, көшеге шығады. Өзіне сенімді әйел дүкенге келеді де көзіне түскенін киіп көреді, қалағанын сатып алады. Қаламаса орнына қояды. Өзіне сенімді әйел не таңдайтынын анық біледі. Өзіне сенімді әйел төсектен тұра салғанда сүт жоғын көрсе, бетін жумай, шашын тарамай-ақ сыртынан халатын іле салып, дүкенге барып сүт әкеледі. Ол таранбаса да сұлу екеніне еш күмәнданбайды. Боянып-сылануға құштар емес.
Ал енді жақсы жаңалық: егер бала күннен сенім берілмесе, онда өзіңе деген сенімді өз бетіңмен тәрбиелеп алуыңа әбден болады. Есте сақтайтан бірінші ереже: сұлулықтың әмбебап критериі жоқ. Болғанда емес. Жұрттың бәріне бірдей жақпайсың. Сондықтан өзіңді біреумен салыстырып әуреге түсудің де қажеті шамалы. Олай етсең, бұл жол «ешқайда» дейтін мекенге ғана жетелейді.
Сондықтан ең бірінші болып – достарың мен ет жақындарыңнан түрім қалай болып тұр дегенді сұрауды доғар. Түрім жақсы ма, шаш үлгісі жараса ма, жаңа көйлегім қалай екен сынды сөздің бәрі қара тізімге түссін.
Екінші: біреу комплимент жасаса, «рақмет, көңілім көтеріліп қалды ғой» деп жауап беріп үйрен. «Ой, оныңыз не, мүлде олай емес» дегенді айтуға тыйым салынады.
Үшіншіден: киім сатып алғанда құрбыларың мен сатушылардың көмегіне жүгінуді доғару. Өзіңнің қалағаныңды сатып алып үйрен. Өзіңе сен.
Төртіншіден: форс-мажор боп қалмаса, жалпыда өз шешіміңнен бас тартпа. Осылай істегің келді ме, істе. Мұнда барғың келді ме, бар. Кешті кіммен өткізгің келсе, өткіз. Мына затты сатып алғың кеп тұр ма, сатып ал. Бәрін аяғына дейін жеткіз.
Бесіншіден: өзіңді бірнеше бөлшекке бөліп тастама. Көп әйел былай айтады: шашым әйбәт, бірақ аяғым қисық. Немесе аяғым оқтай, бірақ тісім қисық… Әр әйел бүтін болмысымен ғажап. Тұтастай күйінде.
Соңғысы: әрқашан өзіңе «кереметпін, осындай болмысыммен ғажаппын, ешкімге ұқсамайтын періштемін, себебі ерекшемін, әлемде мендей адам жалғыз ғана» деп айтып үйрену. Әйелдің бәрі өзін шартсыз жақсы көріп үйренуі керек. Өзін өзгемен салыстыруды доғаруы тиіс. Сен деген – сенсің! Сен ғажапсың!
Михаил Лабковский
Аударған Шынар Әбілда