Серікбай Бисекеев: Бизнесті ақшасыз-ақ бастауға болады
Бизнесті Бисекеевтен бөліп қарау мүмкін емес. Ол туралы білетін жандар солай дейді. Ресейде кәсібін бастап, бүгінде әлемнің бірнеше мемлекетінде ісін дөңгелетіп отырған танымал кәсіпкер жақында Алматыға келген сапарларының бірінде біздің редакцияға сұхбат берген еді.
— Серікбай Жолдыбайұлы, бұл сіздің қазақтілді басылымға бірінші рет сұхбат беруіңіз сияқты. Біздің сайттың қонағы болғаныңыз үшін үлкен рахмет. Сұхбатты бизнес бастаудан өрбітсек. Бизнесті неден бастауы қажет?
— Қайырлы күн! Үлкен рахмет. Бизнесті бастағысы келетін жас кәсіпкер ең алдымен өзінің құштарлығын анықтап алуың қажет. Көп адамдар өмірлік таңдауларын анықтай алмайды. Өзіңнің құндылықтарыңды анықтап алудың маңызы зор. Адамдар бірінші кезекте қандай жалақы алатындарын, келесі айға дейін қалай өмір сүретіндерін, жалпы сондай тұрмыстық мәселелердің айналасында ойлайды. Ол деңгейден өтіп кетуі қажет. Ең бірінші біздің не үшін өмірге келгенімізді, не үшін өмір сүретінімізді анықтап алуымыз қажет. Қазір қоғамдағы адамдар құндылықтардың орнын ауыстырып алған. Мен үйді қайдан аламын, машинаны қайдан аламын, қайда барамын деген сұрақтардың айналасынан шықпайды. Ешбір бақыт сыйламайтын материалды құндылықтар алға шығып кеткен. Менің де материалдық құндылықтар туралы ойланған кезім болды. Бірақ белгілі бір кезеңнен өткен соң маған үй сатып алудың, машина сатып алудың қажеті жоқ екенін түсіндім. Және осыны балалардың құлағына құю керек. Бала кезден оларға нағыз құндылықтың не екенін сіңірту қажет. Қазіргі буын қалыптастып қойған, оларға айтып ештеңені өзгерте алмаймыз. Ал балалардың бойына дарыту керек.
— Сіз Ресейде, Сингапурда бизнеспен айналыстыңыз. Біздің олардан үйренуіміз қажет нәрселерді айтып берсеңіз?
— Бірінші өз ойымызды еркін жеткізуді, көзқарасымызды еркін білдіруді үйренуіміз қажет. Біз әлемдегі ең үлкен жер аумағын иеленген халықпыз. Ата-бабамыз ұзақ жылдар бойы отаршылықта болды, алайда өзінің салмағы да болмаған сингапурлықтарға қарағанда мықты еді. Сингапурдың жағдайы бізбен салыстырғанда тіпті нашар болатын, білімдері қарапайым кеңес адамының білімінен де төмен тұрған еді. Ешбір табиғи байлық болған жоқ. Бірақ қазір бізге қарағанда әлдеқайда жақсы өмір сүреді. Сингапур тәрізді өзге елдердегі гүлденген өмірді, тамаша қызмет сервисі мен жөнімен пайдаланылатын бюджетті көргенде бірінші есте ұстауымыз қажет нәрсе – барлығы жеке бизнестің арқасында. Олар бұған шағын және орта бизнес арқылы қол жеткізді. Бәсекелестік, экспорт керек. Адамдар бәсекелесуге дайын. Біздің еліміздегі басты назар – мұнай мен газда кен өндіруде. Барлығы да мұнай бағасының қайта көтеріліп, қайта жақсы өмірге аяқ басатынымызды күтіп отыр. Мен осыған дейін-ақ айтқанмын: «Болашақ мұнайда деу – қате». Уақыт өзгерді, мұнайды ұмыту қажет. Болашақ – қайта қалпына келетін энергия көзінде. Энергияны тегін алатын мүмкіндік туғанда, ешкім де коммуналды қызмет түрін пайдаланғысы келмейді. Сондықтан әлемдік модельді өзімізге әкелу керек.
— Қазақстанда дәл қазіргі кезде бизнестің қандай түрімен айналысу қолайлы? Оған қандай жағдай жасау қажет?
— Қазақстандықтар осыған дейін бағдарламалау саласында айтарлықтай табысқа жеткен жоқ. Жаңа технология, планшет құрастыру деген салаға қомақты, қыруар қаржы қажет емес. Бұл нарыққа Беларусь еліндегідей салықсыз, қолайлы жағдай жасау керек. Олар өзімен-өзі өмір сүре береді. Яғни, кедергі жасамау қажет. Фискалды органдар келіп, қорқытып, ақша талап етпесін. Оларға тиіспеңіздер, сол кезде сіздерге салық төлейтін жаңа жұмыс орындарын ашып, жаңа өнімдер береді. Осыған дейін кеңесшілердің біреуі үкіметке ГМО-мен айналысуға кеңес бергені есімде. Бұған қатты назар салғандар аз болды, дегенмен бұл өте қате шешім еді. Біз өзімізде бар жерді, әлемде жоқ алып жерді пайдалануымыз қажет. Бұл – біздің бәсекеге қабілетті, ешкімде жоқ тауарымыз. Өзгенің бәрін екінші рет қайталауға, жасауға болады. Ал жерді екінші рет жасай алмаймыз. Осыны бағалау қажет. Қытайларға сатпай, өзіміз пайдалануға тиіспіз. Шикізат таратпай, дайын өнім экспорттауымыз қажет. Фермерлер мен шаруа қожалықтарына көмектесу керек. Жағдай жасаңыздар, әлемдік тәжірибені қайталаңыздар. Бопсаламаңыздар оларды! Тек жағдай жасаңыздар, керегі осы ғана. Содан кейін ғана 100 пайыз тиімді бизнес пайда болады.
— Ал бизнес пен заң арасында қарама-қайшылық жоқ па?
— Мұны мысал арқылы түсіндірейін. Барлық жолаушы Еуропа мен Азияға Дубай арқылы ұшады. Ал бізге жапондықтармен, аустралиялықтармен, еуропалықтармен бірігіп, консорциум құруға, олармен келісе отырып тәуелсіз хаб құруға не кедергі? Біздің Дубаймен бәсекелесе алатын шамамыз бар. Ешкім монополияны қаламайды. Ендеше, Астанада ашық әуе кеңістігін жасап, неге жолаушы және жүк хабын орналастырмасқа? «Эйр Астананы» қорғай берудің қажеті жоқ. Біздің ұлттық холдингтерді басқара алмайтындығымыз белгілі болды, басқаларды кіргізу қажет. Инвесторлар әуежай мен ұшу алаңдарын сала алатындай заң жобасын реттеу қажет. Олар ақша сұрамайды. Оларға тек ыңғайлы заң жобасын жасап беру қажет. Және біз олардың шарттарына көнетіндей емес, олар біздің талабымызға қарай ақша салып, инфрақұрылым жасайтындай заң болуы керек. Ойлап қараңызшы, мұнай-газ өндіретін елде әуе керосині жоқ. Біз оны басқа елден әкелеміз. Мұнайымыз бола тұра, керосиніміз жоқ. Бұл деген масқара ғой. Неге Ресейден сатып аламыз? Бізде мұнай бар. Ендеше жағдай жасап берейік. Инвесторлар бюджеттен бірде-бір тиын талап етпейді. Оларға тек ыңғайлы жағдай жасау қажет. Билік осыны түсінбейді. Қаржысыз-ақ, тек инвесторларды тарту арқылы біз бәсекеге қабілетті өнім өндіре аламыз және Қазақстан сол арқылы дами түседі. Алдағы уақытта Қазақстан билігі стратегиясын өзгертеді деп үміттенемін.
Бизнеспен айналыспаған шенеунік бизнес проблемасын түсінбейді
— Осыған дейін сіз елімізге қаржы орталығы жетіспейді деген едіңіз. Сол ойыңыз бүгінде қаншалықты жүзеге асырылды?
— Иә, 3 жыл бұрын әлемнің түкпір-түкпірінен келген қаржыны салатын орталықтың жетіспейтіндігі туралы айтқан едім. ТМД-дағы қаржының барлығы Ригаға жіберілетін. Қазақстандықтар да ақшасын сол жаққа жібереді. Ал Латвия бізбен Еуроодақта да, Кедендік одақта да дос емес. Ендеше бізге Сингапур мен Дубай сияқты өзіндік қаржы орталығы керек деген сөз. Менің шенеуніктерге айтқан осы сөзім билікке жетіп, жоба жұмысын бастады. Бұл жерде велосипед ойлап табудың да қажеті жоқ еді. Тек бар нәрсені өзімізге ыңғайлай білу керек. Сингапурдың ұсынысы бойынша, ірі компаниялардың штаб-пәтері сол қалада болуы тиіс, ал бизнесті әлемнің кез-келген түкпірінен жасай беруге болады. Қазақстанға да барлық ірі компаниялардың штаб-пәтерін орналастыруға болады. Ол үшін инфрақұрылым салу керек. Адамдар неге Сингапурға ұмтылады? Себебі ондағы өмір сүру деңгейі өз елдеріне қарағанда жақсы. Белгілі бір аумақта микроклимат орналастыру керек былай айтқанда. Жақсы қаржылық жағдай, өмір сүрудің қауіпсіздігі. Бізге керегі – осы.
— Ал қазіргі Астана қаржы орталығын құру процесін қалай бағалайсыз?
— Баяу. Біз осы қалпымызда жүре берсек, бәсекеге қабілеттілігімізден айырыламыз. Қазір бәрі де осы идеяның соңында жүр. Басқа елдердің барлығы бәсекелесіміз болуды ойлайды. Осы қалпымызда ұзақ жүре берсек, олар бізден бұрын жағдай жасап қояды. Барлығы қашан Эйр Астана жаңа борт сатып алып, жаңа рейс ашады деп күтіп отыр. Оның ешқайсысы керек емес. Біз өзіміз әлемнің барлық бұрышына шыға алмаймыз. Катар мен Әмірліктегі ірі әуе компанияларымен бәсекеге түсе алмаймыз. Олардың бюджеттері триллиондаған долларды құрайды. Концепцияны өзгерту қажет. Мейлі олар ақшамен жасасын, бізде сол нәрсені ақшасыз-ақ орындауға мүмкіндік бар. Барлығын өзімізге кіргізу қажет. Адамдар үлкен қаражатсыз-ақ өз бизнесін құра алады. Ол үшін данышпан болудың қажеті жоқ. Тек орындай білетін дұрыс адамды, инвесторды табу керек. Биліктегі бәрінің айтатыны бір: «Бюджетте ақша жоқ, ақша жоқ». Ол үшін ақша да керек емес. Кім сіздерден ақша сұрап жатыр? Бизнес ақшасыз құрылады. Ақшаға әрбір екінші ақымақ жасай алады. Ал бизнесті ақшасыз құруға болады. Билікте отырған шенеуніктер мұны түсінбейді. Олардың көбісі бизнеске араласпаған. Басты проблема да осында. Өзі бірде-бір бизнес құрмаған адам ел экономикасын қалай құру керектігін білмейді.
— Сіз жас кәсіпкерлерге грант берілмеуі қажет дегенді жиі айтасыз. Дегенмен бізде «Өз бизнесіңді қалыптастыр» тәрізді жобалар бар. Бірақ олардың барлығына Кеңес Рақышев пен Вячеслав Ким тәрізді бизнесмендер демеушілік етеді. Олардікі қате ма?
— Кеңес Рақышев пен Вячеслав Ким грант берсе – олар тамаша адамдар. Мен меценаттықпен айналысатын адамдарды құрметтеймін және олардың бұл ісін құптаймын. Бірақ әрбір мәселенің екінші жағы бар. Қазақстан – несиені қайтармау бойынша әлем чемпионы атанды. Білесіз бе, алынған кредит үлесі мен қайтарылмаған кредит үлесінің қатынасы бойынша чемпион. Қандай ұят?! Кредит аламыз, бірақ қайтармаймыз. Кезінде біздің елімізде әлемдегі ең жақсы банк жүйесінің бірі бар дегеніміз қайда? Қазіргі жағдайымыздың жеткені жері соншалық, қайтарылмаған кредит бойынша әлем чемпионымыз. Әрине, қазір механизмдер өзгеріп жатыр. Қаржы жүйесі ашық бола түсті.
Бірақ гранттарды миллиондаған долларлап төлемеу қажет. 10-500 мың доллардан жетеді. Шағын бизнестегі адамға қаржыны тек басында ғана беру қажет. Ал бізде бәріне миллион таратып береді, өздеріне де ақша алады. Кейін ешкімді таппай қаламыз. Алдымен адам өз ақшасын табу қажет. Миллион керек емес. Гранттарды алған соң оны ешкім қайтармайды. Егер біз үлкен ақша төлеуді тоқтатсақ, қаржыны шағын компанияларға берсек, бизнес өседі. Грант пен кредит бөлек нәрсе.
— Сіз «Даму» қорының тәуелсіз директорысыз. «Дамудағы» қаржы айналымы қандай жүйе бойынша жұмыс істейді?
-Алғашында «Дамуға» келгенде банктер кәсіпкерлердің артынан жүгіреді дегенде ешкім сенбеді. Өмір бойы бізде кәсіпкерлер банктердің артынан жүгіріп, ақша алу үшін пара беретін. Қазір бұл жағдайды өзгерттік. Енді мемлекеттің ақшасын алған банктер біздің ережеміз бойынша жұмыс істейді. Қазіргі «Даму Блиц» жобасы осы концепция бойынша жұмыс істейді. Енді осы бағдарламадағы ақша айналымы 20 млрд теңгені құрайды. Осыған дейін KPI көрсеткіш жаңа жұмыс орнының құрылуына, қанша салық төлейтіндігіне байланысты есептелмейтін. Бізде субсидиямен ашылған кәсіпорындардың нәтижесі де жоқ еді. Лента қиып ашылған зауыт, бір аптадан кейін жабылып қалады. Біз мемлекеттік кіріс комитетімен хабарласып, кәсіпорындардың қанша салық төлейтіндігі туралы ақпарат алуға келістік. Себебі біз кредит бермес бұрын, оның төлем қабілеттілігі қандай екенін есептеуіміз қажет. Бұған дейін осындай ақпарат дұрыс берілмейтін. Қазір «Даму» банктер тарапынан кредит мәселесі жылдам шешілуі үшін жағдай жасайды.
— Сіздің өз бизнесіңіз бар. Бұл даму институттарына тәуелсіз директор ретінде қызмет атқару сізге не үшін қажет? Бизнес ахуалды түзетуге тырысу ма? Әлде басқа себептер бар ма?
— Маған ба? Маған ештеңе қажет емес, алтын уақытымды өз отбасыма да бөле алмаймын. Менен көмек көрсетсін деп сұрады. Отанымның мүддесіне алаңдайтын жан ретінде уақытымды бөліп, «Дамуға» келдім. Шағын және орта бизнеске жан бітіріп, олар жұмыс істеуі үшін келдім. Шетелде еліңіз не өндіреді, не сатады деп сұрағанда, ешнәрсе айта алмай қаламын. Табиғаттан алатын шикізаттан басқа толыққанды ешқандай дайын өнім шығармаймыз. Бізге күледі, «сіздерде бәрі бар, бірақ ешнәрсе жоқ» дейді. Немістер десе, БМВ мен Мерседесті айтамыз. Ресейліктерді Калашников автоматы мен әскери ұшақтарымен байланыстырады. Ал Қазақстанда әлемдегі ең пайдалы азық-түлік өндіріледі деп ұсынуға болады. Барлығы осы идеологияға жұмыс істеуі қажет. Егер осы тұжырымды қабылдамасақ, жұрт бізді Ауғанстанмен және Пәкістанмен шатастыруын қоймайды. Басқалар бізді ең пайдалы, ең табиғи азық-түлік өндіретін ел ретінде білсе, барлығы елімізді таниды. ВВС-де, басқа елдерде таратылатын Қазақстан туралы роликтер сондай күлкілі. Бәрінің миына біз ең дені сау ұлтпыз, себебі бізде ең табиғи азық-түлік өндіріледі дегенді айта берсек, біз соған айналамыз. Бізді естерінде сақтайды.
— Қазақстандық мамандардың кәсібилігіне көңіліңіз тола ма?
— Біз тауар өндіру жағынан, қызмет ұсыну жағынан бәсекеге қабілетті болмасақ, біздің мамандарымыз да сондай деңгейде. Бар жауап – осы.
— Балаларымның біліміне ғана инвестиция салуым керек, қалғанын өзі табуы қажет депсізбір сұхбатыңызда. Осыны тарқатып айтып кетсеңіз.
— Принцип қарапайым. Мен тек Кеңес үкіметі кезінде тегін білім алдым, басқасының барлығын өзім жасадым. Адамға бәрін бере берсе, ол тоқырауға ұшырайды. Оған білімнен басқа ештеңе бермеу қажет. Өздері-ақ жолын табады. Көмектескен сайын қоғамда қаптаған масылдардың біріне айналады. Мен осы жолды өзім жүріп өткен соң білемін. Ешкім бізге тегін үй, тегін көлік берген жоқ.
— Кәсіпкерлікке бет бұрғысы келген жастарға қандай кеңес бересіз?
— Астанадағы ағасыз-ақ бизнес бастауға үйрену қажет. Мен Цукерберг емеспін, мен Стив Джобс емеспін. Менде олар тәрізді талант жоқ, қарапайым ғана адаммын. Менің күн сайын жетілуіме себеп болған ол – күнделік. Күн сайын кішкентай қадам жасап отырдым. Өз ісінің кәсібі болу үшін қарапайым қадамдар жасау қажет.