«Серпінге» салғырт қарағандар кімдер?
немесе шалғай ауыл жастары қашанғы шетқақпай көреді?
«Серпін» әлеуметтік жобасы жүзеге асқан үш жылдың ішінде Жамбыл облысы бойынша 877 жасымыз өзге өңірлерде білім алуға мүмкіндік алды. Олардың дені қазір Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарында білімін шыңдауда. Сондай-ақ, түлектеріміз білім ордалары тарапынан жатын орын мен жолкіреңмен қамтылған. Бұдан бөлек, оқу бітіргеннен кейін жастарымызды жұмыспен қамтуға облыстар кепілдеме беріп отыр. Десе де, осындай игі бастамаға мұрын шүйіре қарап, «Серпінге» серпін бермей отырған аудандар да баршылық.
Облыс әкімдігі білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының берген мәліметіне сүйенсек, былтыр Мойынқұм, Сарысу, Қордай және Шу аудандарының бағдарлама шеңберіндегі белсенділігі төмен болған екен.
-Жалпы жоба жанданған алғашқы жылы облыс бойынша 172түлегіміз «Серпін» бағдарламасының грантын иеленсе, 2015 жылы 443 жасты өзге өңірлердегі оқу орындарына жолдадық. Ал өткен жылы 262 үміткердің өтініші қанағаттандырылып, Қарағанды,Қостанай, Ақмола, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында білім алуға мүмкіндік алды. Бөлінген грантқа қарай, өткен жылы біз жоспарды межелі көрсеткішке дейін орындадық. Десе де, Мойынқұм, Шу, Қордай, Сарысу аудандарының «Серпін» бағдарламасына қосқан үлесі төмен болып тұр. Бұған түрлі факторлар себеп болуда.Оның негізгісі- жастардың басқа облыстарда білім алуға құлшынысының жоқтығы. Мәселен, Қордай, Шу ауданының жастары солтүстік немесе батыс өңірлерге барғанша Алматы қаласында оқығанды қалайды. Міне, соның салдарынан аталмыш аудандардың көрсеткіші көңіл қуантпай тұр, — дейді техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының басшысы Саясат Есеев.
Иә, байқап тұрсақ, «Серпінге» салғырт қараған аудан басшылары емес, жастардың өзі секілді. Алайда мектеп қабырғасынан енді түлеп ұшқан жастарға жөн көрсетпесең, өздігінен дұрыс шешім қабылдауы екіұдай екіні белгілі ғой. Содан барып жастар дайын тұрған білім грантынан қағылып, ақылы оқумен ата-ананың қалтасына салмақ салады. Сондықтан «Серпін» бағдарламасын бағдарлы ету үшін шалғай ауылдардағы жастарға үгіт-насихат жұмыстарын күшейту керек. Бұнымен орталық басшысы Саясат Керімбекұлы да келісіп отыр. Оның айтуынша, жылда облысқа келетін 22 оқу орнының өкілдері аудан орталықтарында ғана жиындар өткізіп, елді мекендегі халықты толықтай қамтымайтын көрінеді.
-Жасыратыны жоқ, басқа өңірлердегі білім ордаларынан келетін насихат топтары іссапарларын әрқалай жоспарлайтындықтан облыстың барлық жастарын қамту мүмкін болмауда. Соның салдарынан шалғай елді мекендегі жастар бағдарламаның тиімді тұстарын білмей жатыр. Сондықтан биыл біз барлық оқу орындарының өкілдерін өңірге топтап шақыруды жоспарлап отырмыз. Тіпті, арнайы автобуспен немесе насихат пойызымен келсе деген ұсыныс жасаудамыз. Егер осы бастамамыз қолдау тапса, әр ауданнан әр оқу орнына арнап орталық ашып, ауыл жастарымен жіті жұмыстар жүргізетін боламыз. Сонда «Серпінге» қатысуға ниеттілердің қатары арта түсуі қажет, — дейді орталық басшысы.
Иә, бұл қос қолдап қолдайтын бастама екен. Тек енді оған оқу орындары келісіп, жобаға жан үрлесе болғаны. Десе де, сырттағыларға сеніп, қол қусырып қарап отыруға тағы болмас. Ең бірінші аудан жастарына жергілікті билік өкілдері жобаны жан-жақты түсіндіріп, насихаттау қажет. Осы орайда, өткен жылы көш соңында қалып қойған бірқатар аудандарға хабарласып, биылғы жоспарларын білген едік.
Мойынқұм ауданы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаевтың айтуынша, олар жобаның жүйелі етуге барынша күш салып жатыр екен. Алайда одан еш пайда болмай жатқан көрінеді.
— «Серпін» бағдарламасын жандандыруға қолдан келгенін жасап жатырмыз. Ауданға қарасты барлық округтерді аралап, жастармен кездесулер өткіздік. Алайда мектеп түлектері батыс, солтүстік жаққа оқуға баруға құлықсыз.
Тағы бір айта кетерлігі, осы бағдарлама бастау алған үш жылдың ішінде ауданымызға бірде-бір оқу орнының немесе арнайы орталықтың мамандары келіп, жастармен кездеспеді. Бір мәрте ғана өзге өңірдің білім ордаларынан келген өкілдермен облыста бас қостық.Оның өзі тек аудандық білім бөлімдерінің басшылары жиналды. Ал арнайы мамандар ауданға келіп, үгіт-насихат жүргізіп жатқанын өз көзім көрмеді. Егер «Серпін» әлеуметтік жобасын жастарға жан-жақты түсіндіріп, тиымды тұстарын егжей-тегжейлі айтып беретін мамандар елді мекенімізге келетін болса, мектеп түлектерінің ойы өзгерер ма еді?, — дейді Жайдар Саттарқұлұлы.
Осылайша аудандық білім бөлімінің басшысы өз ойын ашып айтуда. Және елді мекенге не өзге өңірден, не облыс орталығынан арнайы мамандар келмегенін, ешбір үгіт-насихат жұмыстары жүрмегенін бүкпесіз жеткізіп отыр. Демек, облыстық техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының басшысы Саясат Есеевтың өзге өңірлердегі оқу орындарынан келетін мамандар барлық елді мекеннің жастарымен жүздеспейді деген сөзі шындыққа жанасып тұр деген сөз.
Бұл ойымызды Сарысу ауданы әкімдігі білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлмира Көшекқызы да растап, шалғай ауылдардағы жастармен түсіндірме жұмыстары тиісті деңгейде жүрмей жатқанын айтуда.
-Бір-екі мәрте елді мекенімізге келген оқу орындарының өкілдерімен кездесулер ұйымдастырып, білім саласына қатысы бар мамандар мен жастарды жиынға тартқан болатынбыз.Алайда аудан орталығынан 200 шақырымда орналасқан ауыл жастарын бұл шараға жұмылдыра алмағанымыз рас. Ал өзге өңірден келген мамандар аз оқушысы бар ондай ауылдарға бармайды.
Десе де, былтыр ауданнан 5 түлегімізді «Серпін» бағдарламасына қатыстырып, мемлекеттік грантты жеңіп алдық. Биыл осы көрсеткішімізді жақсартсақ деп бар күшімізді салып жатырмыз.
Мүмкін, биыл өтетін ҰБТ-ның қиындығынан мектеп оқушылары төмен бал жинап, «Серпінге» құжаттарын тапсыратын шығар, — деп білдей-бір аудандық білім бөлімінің маманы еріксіз езуімізді тартқызды.
Міне, байқап тұрсаңыздар аудандағы құзырлы мекеме мамандарының өзі үгіт-насихат жұмыстарының өз дәрежесінде жүргізілмей жатқанын мойындауда. Енді мұндайда кімді кінәлап, жүйелі жұмыстың жүрмегеніне кімді жауапты деп табамыз? Өзге өңірден келген өкілдерді ме, әлде түлектердің ҰБТ-дан төмен бал жинауын күтіп отырған аудандық білім бөлімдерінің мамандарын ба?
Бір анығы бұлайша «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар» деп отыра берсек, бұның арты жақсылыққа апармасы анық.
Саятхан Сатылғанов
Жамбыл облысы