Шағын 30 су қоймасы салынбақ
Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың төрағалығымен өткен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясы отырысының кезекті су тасқыны қаупінің алдын алу және жою мәселесі қаралды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Тұрғанбек Оспанов 2017-2020 жылдарға арналған «Жол картасы» жобасына енгізілген 1-кезеңдік іс-шаралардың жүзеге асыру барысын баяндады.
Баяндамада өңірдегі су тасқынына қарсы инженерлік 98 іс-шара атқарылып, су жинақтау көлемі 342,75 млн. шаршы метрді құрайтын 30 шағын су қоймасы айқындалғаны айтылды. Нәтижесінде 12 нысан бойынша жобалау сметалық құжаттама әзірленген. Биыл жергілікті бюджеттен 2 нысанға 174, 2 млн. теңге бөлінсе, қалған 10 нысанға 960,98 млн. теңге қарастырылған. Алайда республикалық жол картасын бекіту кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 29 нысан енгізілмей қалған. Осы қалған 29 нысан бойынша облыстық деңгейде арнайы іс-шаралар кешені әзірленіп, облыстық бюджеттен 2,1 млрд. теңге бөлінген. Жалпы құны шамамен 6,3 млрд. теңге болатын 30 шағын су қоймасының құрылысын жүзеге асыру IІ — кезеңнен тұрады. Бүгінгі күні аталған жоспардың бірінші кезеңінде жалпы құны 3,8 млрд. теңге болатын 5 жобаны іске асыру жоспарланған.
С.Салауат, Оңтүстік Қазақстан облысы