ШАҒЫН АЙТЫСТЫҢ ШАРУАСЫ ШАШ ЕТЕКТЕН…
Айтыс ұйымдастырудың тауқыметін бір тартып көрдік! Астана қаласындағы ЖОО студенттері арасындағы шағын бір ғана айтыстың шаруасы шаш етектен боп шықты. Қыл аяғы диплом жасау, сахнаға шай дайындаудан бастап Бас жүлдеге дейінгі аралықтағы ұсақ-түйек шаруалар мен қажет қаражат біраз қажыр — қайратты талап етеді екен. Ал біз Студент шəкірттерге тәжірибе жинату мақсатында ұйымдастырылған бұл сөз сайысын 00 (нөл!)теңгемен бастағанбыз!!!
Құдай құрап аяқ жағы дүркіреген айтысқа ұласты да кетті. Қалалық айтысқа Республикалық деңгейдегі қазылар келсе неге дүркіремесін? Бүкіл өнердің басын қосып отырған ҚазҰӨУ -де төл айтысымыз тұңғыш рет өткізіліп отырғасын ағаларымызға қолқа салдық, жасыратыны жоқ. Алашқа аттары мəшһүр Жүрсін Ерман, Алмас Алматов, Аманжол Әлтай, Берік Уәли, Дəулеткерей Кəпұлы, Серікзат Дүйсенғазы, Балғынбек Имаш, Жібек Бұлтанова, Айнұр Тұрсынбаева, Шырынбек Қойлыбаев сынды аға-апаларымызға Айтыс үшін бір ауыз сөзімізді жерге тастамай, алтын бастарын иіп, алтын уақыттарын қиып келгендері үшін алғысым шексіз! Өміржан Көпбосынов, Нұрмат Мансұров, Жандарбек Бұлғақов, Тоба Өтепбаев, Қуатбек Қуанар, Мейіржан Əлібеков, Айдана Сегізбай сынды замандас, іні-қарындас ақындар да төбе көрсетіп, тілеулес боп келгені қуантады. Жəне бұл кісілер жай келіп қана қойған жоқ, барлығы бір-бір жүлде тағайындап келді!
Айтысқа аз уақыт қалғанда «Жүлдең қалай боп жатыр? Жастар ғой, ырымын жасау керек» деп Жүрсін аға ұсыныс айтты. Қысылып-қымтырылып ҚазҰӨУ проректоры Шырынбек ағамызға мəн-жайды жеткіздік. Əңгіменің соңы Университет қолдау білдіріп, бас жүлдені Ректор Айман Мұсахаджаева тағайындап, бір жүлденің шаруасы шешілумен бітті. Көп өтпей 1-орынның жүлдесін Қорқыт Ата атындағы ғылыми-зерттеу институтының атынан Мемлекет жəне Қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков тігетінін хабарлады. 2 жүлдеге қосып Шырынбек Қойлыбаев өз атынан «Əзімбек Жанқұлиев» атындағы арнайы жүлде тағайындады. Содан жалғасып «Дәстүрлі музыкалық өнер» факультеті 3-орынның жүлдесін өз мойнына алды.
Жүрсін ағамен тағы бір жолығып қалғанда «Бас жүлде, 1-орын, 3-орынға жүлде бар, 2-орын……» дедім, ары қарай айтқызбай «Қанша? Айтыскерлер Одағының атынан мен беремін!»-деді. Жүлде бітті сонымен!
Қатысқан ақындардың құр қол қайтпауын тілеген аға буын айтыскерлер жұмылып көтергенде бүкіл жүк жеңілдеп сала берді.
Жүлдегер 4 ақыннан бөлек қатысқан 10 ақынға төмендегідей жүлделер тағайындалды!
1. Шынболат Ділдебаев атындағы жүлде- Тағайындаған Аманжол Əлтай
2. Қалихан Алтынбаев жүлдесі — Серікзат Дүйсенғазы («БақОрда» медиа-компаниясының атынан )
3. Тəушен Əбуова жүлдесі — Тағайындаған Айнұр Тұрсынбаева
4. Есенқұл Жақыпбеков атындағы жүлде — Тағайындаған Балғынбек Имаш
5. Оразалы Досбосынов атындағы жүлде — Тағайындаған Дəулеткерей Кəпұлы
6. Əзімбек Жанқұлиев атындағы жүлде — Тағайындаған Шырынбек Қойлыбаев
7. Асылбек Ишанов атындағы жүлде — Тағайындаған Жібек Болтанова
8. Көпбай Омаров атындағы жүлде — Тағайындаған Еркебұлан Қайназар
9. Ерік Асқаров атындағы диплом жəне бағалы электронды кітаптар — «СамұрықЭКСПО» компаниясы, (Бас директоры Н. Құрақбай)
10. Жандарбек Бегімбетов атындағы диплом жəне бағалы электронды кітаптар «СамұрықЭКСПО » КОМПАНИЯСЫ ( Атқарушы директоры Оралдым Мажанақов)
Осылай жүлде мәселесі толық шешілді.
Ниет-жас айтыскерлерді қолдау. Мәселе қаржы емес, өмірден өткен айтыскерлердің есімдерін атап, елдің есіне сап отыру! Өткенді ұмытпау керек! Айтыс өнерін қайта жаңғыртуда ол кісілердің үлесі орасан зор болды!!!
Үлкендер ағалық танытып, қамқорлық жасап жатса жастар неге алаңсыз айтыспасқа? !
14 ақын да тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Тек екі — үш ақын ғана сахнадағы тәжірибенің аздығынан аздап сəтсіздікке ұшырады. Аз-кем уақытта өз стильдерін табады деп сенеміз! Сырым, Таңжарық, Бек, Рауан, Нұрқанат бауырларымыз бабында екен.
Айтыс барысында қазылар жаңадан шыққан ақындарды соңына дейін сынау үшін алған ұпайларына қарамай қайта бір айтыстырды. (Яғни, түгел 10 ұпай еншілеген Республикалық айтыстарда бақ сынап жүрген ақындар ақтық сында өнер көрсеткен жоқ, олар үшін Республикалық деңгейдегі айтыстарға есік ашық) Бұл эксперименттік жоспар өз жемісін берді деуге болады. Нәтижесінде Астана төрінде алғаш сахнаға шыққан ҚазҰӨУ «ДӘСТҮРЛІ МУЗЫКАЛЫҚ ӨНЕР » ФАКУЛЬТЕТІНІҢ 1-курс студенті Рай Дөңбай екі айналымда да үздік өнер көрсетіп, Республикалық айтысқа жолдама алды.
Қорытынды: Еркін елде еркелеп өсіп келе жатқан жас айтыскерлер жалындап тұр. Оларға қолдау білдіріп келген аға буын айтыскерлер ағынан жарылып тілеулес боп жүр. Қалалық деңгейдегі айтыс болса да қомсынбай көрермен болған елге белгілі ғалым, ақын, жыршы, əнші, күйші, қайраткер азаматтар төрт сағат тапжылмай жастардың өнерін тамашалады. Бұл — Қазақтың айтысқа деген махаббаты. Өнер өлмейді деген сөз.
Р.S. Əлеуметтік желілерде əртүрлі əңгімемен арандатып, айтыс ақындарына орынсыз соқтығатын адамдарға айтарым: «ДƏЛ ҚАЗІРГІ АЙТЫС — КӨП БАЛАЛЫ ҮЙ СЕКІЛДІ. ƏКЕЛЕРІНДЕЙ БОЛҒАН ЖҮРСІН ЕРМАН ҮЛКЕН БАЛАЛАРЫН ДЕМЕУШІЛЕР АРҚЫЛЫ АСЫРАСА, ЕНДІ ЕРЖЕТКЕН ТҰҢҒЫШТАРЫ КЕНЖЕ ІНІ-ҚАРЫНДАСТАРЫН ӨЗДЕРІ ЖЕТЕКТЕП ӨСІРІП КЕЛЕ ЖАТЫР! БІР-БІРІНЕ ҚАМҚОРШЫ БОЛА БІЛЕТІНДЕР ТЕК ЖАҚСЫЛЫҚҚА БАСТАЙДЫ!!!
Еркебұлан Қайназардың FACEBOOK парақшасынан
Суретке түсірген Мұхтар Ерубаев