ШАХ!..МАТ!..

(Тақтадағы тастар және Әлем Ойыншылары)

Бір ұтуға бірін-бірі ғашық тас,
Ал,Ойыншы: бітіруге асықпас.

Тастар жатыр жағаласып,жандасып,
Ал, Ойыншы: қайта үрлер, сан басып.

Тастар жатыр-бар үміті жеңісте,
Ал,Ойыншы: көрінбейді еңісте.

Ақ пен қара бөліп алған түр-түсті,
Өрттей лаулап, ит-жағалас сілкісті.

Қызыл қанға сардар біткен бойлауда,
Ал,Ойыншы: қызық көріп тойлауда.

Ешкі еніп, кіріп кетті қой дауға,
Ал, Ойыншы: уақыт бермес ойлауға.

«Тас – Сарбаздар»- салып жатыр қырғынды,
Ал, Ойыншы: «тыныштықты» жыр қылды.

Тынып еді, қайта себеп таптырды,
Ал,Ойыншы: ортаға от лақтырды.

Өңкей тастар жұрдай болды бақыттан,
Ал, Ойыншы: келеді ұтып уақыттан.

Соғыстарға: «қызыл» , «жасыл» түр берді,
Ал, Ойыншы: от ішінде гүлденді.

Шегінгенге шелпек сыйлап, жең берді,
Сол ойыншы тас-тақтасын меңгерді.

Тастың қанын таспен ұрып жұтып жүр,
Ал, Ойыншы: бас пен ұғып ұтып жүр.

Балық сынды шөлмектерге қамалған,
Халық сынды жеңілді де заманнан…

Көрсетпекке сосын өзі кездігін,
Ал,Ойыншы: күтіп отыр мезгілін.

Міне,саған: шахматтың көкесі,
Әлі, алда: әңгіменің төтесі.

Күллі адам тақтадағы тастармыз,
Алданғанбыз,туыла сап бастан Біз.

Ойыншылар: Ордамызды тонады,
Бұған қашан, енді шектеу болады.

Шырғалдаңнан шығармайды ұлттарды,
Шаңқай түсте күн күмілжіп бұлттанды.

Ойыншылар! ..Біз –Олардың ұршығы,
Шайтаннан да жаман болды қырсығы…

Сабыр Адай,
«Серттесу» кітабы.