Шәкәрім мұрасы — ұлт қазынасы
Ұлттың ұлы тұлғаларының бірі, Қазақ халқының тарихы мен мәдениетінде өзіндік із қалдырған, ұлы Абай мектебінің дәстүрін жалғастырушы, өзінен кейінгі ұрпаққа сарқылмас мол мәдени мұра қалдырған қазақ даласынан шыққан ақын, аудармашы, тарихшы, сазгер, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына биыл 165 жыл .
Шәкәрім Құдайбердіұлы — белгілі гуманист ақын, дінді, әдебиетті, тарихты, географияны, жаратылыстану ғылымын, физиканы, сөз өнерін, музыка өнерін игерген, араб, парсы,түрік, орыс ,татар тілдерін жетік меңгерген, ең білімдар адамдар санатына қосылады. Абайдың өсиетіне құлақ асып, 1905-1906 жылдары қажылық сапармен Араб, Түрік, Еуропа елдерін аралайды. Әлем кітапханаларындағы маржандармен танысады. Небәры 20 жасында болыс болған,домбыра шертіп, гармоньда ойнаған,жазу-сызудан бөлек, ән айтып, саятшылық құрып, сурет салған. 14 жасынан бастап ән шығарып, аспаптарда ойнаудан бөлек, ағаштан мандалин, қобыз жасап, киім тіккен. Ой еңбегімен қатар, дене еңбегіне төселген, шеберлікті үйренген, бертін келе мәдениетті жолға салып, ұлттық киімдердің үлгісін жаңарту, ас пісіру, дастархан әзірлеу, көшпелі ел жағдайында, қатты қыстарда, далада, қар үстінде шырпысыз от жағу, үйді үйдің, іргелес қыстаулардың арасында сымды қатынас орнату сияқты тұрмыс мәдениеті жөнінен халыққа өзі тапқан тәсілдерін ұсынған, ауырып, сырқаттанғандарға алғашқы медициналық жәрдем көрсете алған, ғылымға, оқуға, білімге, өнерге шақырған өлеңдері бар. Ақын:адамдық борышың –халыққа еңбек қыл. Ақ жолдан айнымай, ар сақта, оны біл, деп, өмірдің мәні еңбекте екенін насихаттаған.
Шәкәрім мәдениетті елдерден үлгі алуға шақырады, ол үшін байлықтың ең үлкені – ғылым, «Ғылымсыз адам – айуан, Не қылсаң да ғылым біл… Күні-түні дей гөрме, ғылым ізде, Қалсын десең артыңда адам атың»- деген мұрасын ұмытпай, жалғастыру борышымызға айналды.
Шәкәрім шығармасында әділ, адал адам бейнесіне ерекше орын берілген. Оның шығармаларында «ар-ождан» деген термин көптеп қолданылған. «Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда? Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?» Жалпы «ар» немесе «ар-ождан» дегеніміз не? Шәкәрімді өмір бойы толғандырған, ақиқатты іздеуге серпін берген мынандай үш сұрақ: Бұл өмірге қайдан келдім? Осы өмірден кейін қайда барамын? Осы өмірде дұрыс өткізу үшін не істеуім керек? Бұл сұрақтар оның шығармашылығының негізгі жүйесі болып, қара сөздері мен өлеңдерінде жиі көрініс тауып отырды.Адам санасына сіңіп, бойына тазалық пен инабаттылық дарытып , терең сырлы құпиясын ашып, жас ұрпақты адамгершілік биік мұраттарға, адалдық пен ақылдылық, парасаттылық пен азаматтыққа баулиды. Шәкәрім шығармалары: әділет, ынсап, мейірім бар ма адамда, — деп толғанып, заманын, қоғамын сынап, адам бойындағы жағымсыз мінез-қылықтарға жиіркене қаратып, басқаларды да жиіркендіреді. Оның басынан қуаныш пен күйініш те, үміт пен күдік те өтеді. Шәкәрім адам болмысын былай анықтайды: «Адамның ең асылы – қиянатсыз ақ пейіл,ең зиянкес жасығы – тайғақ мінез екі тіл. Сөз, мінез құбылса, Ар, иманы жоқ деп біл. Мейірім, ынсап, ақ-пейіл, адал еңбек, Бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол». Шәкәрім бұл өлеңінде ең зиянды адам – мінезі тайғақ, екі сөйлейтін адам. Екі сөйлеп, екі жүзді әрекет жасайтындарды да ары жоқтар қатарына қосады. Ал мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бойынан табылса, сол шын адам – деп дәріптейді. Арлы, ақылды адам қиянат, зорлық жасамайды, өзімшілдік пен мақтанды сүймейді.
«Балаң білсе қадіріңді, орындап екі айтқызбай әміріңді.Жасыңнан жаның сырлас жарың болса, қыл өткізбей білетін тамырыңды» — деп, адамның егде тартқан тұсында баланың, жардың қызметіне, отбасылық құндылықтарға ерекше мән береді.
Шәкәрім, артында өлмес мол әдеби, тарихи және философиялық мұра қалдырған: адамның кәміл болуы адал еңбек, арлы ақыл-ой, шынайы жүрек болуы тиіс. Мейірімділік, қайырымдылық, ұстамдылық, саналылық, адалдық, төзімділік, әділеттілік – міне, осы қасиеттер адамға ажырамастай тән болуы керек деген өсиет қалдырды , оларсыз адам өмірде тыныштық пен келісімді таба алмайды. Мен тарыдай жақсылық қылсам, таудай зұлымдығымды жасырғалы қылам. Сөйтіп жүріп, адам атануға ұялмаймын. Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл- деп , өсиетін жалғастырды, сенді , сендірді келесі ұрпақты Шәкәрім. Ғұламаның жеке басына тән ерекше қасиетін көрсететін терең философиялық ойлары, Шәкәрімге дейін қазақ халқында белгілі философиялық дәстүр, данышпандылыққа баулу мектебі болмағанын, алғаш осындай мектептің есігін ашқан, арнаулы дүниетанымдылық еңбек қалдырған Шәкәрім екенін білеміз,сенеміз! Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығы аясында атқарылатын жұмыстар Шәкәрімтануға, кемеңгер ақынның бай мұрасы арқылы, одан әрі жандандыру қоғамға септігін тигізері анық, сондықтан да мағыналы жобалар жоспарланады, ақынның шығармашылық мұрасынан болашақ ұрпақ үлгі алсын, үйренсін деп насихаттау, ұрпақ жадында қалдыру ақынның дәрежесіне лайықты деңгейде ұйымдастырылады, көптеген іс-шаралар жалғасын табады деп ойлаймын.
БҚО ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы,
п.ғ.д.,профессор: Шалқыма Хайроллақызы Құрманалина